Ерке бұлбұл

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Білім саласы

Әлеуметтік орта

Оқу іс-әрекеті

Қоршаған ортамен таныстыру

Тақырыбы

Құстар — біздің досымыз

Мақсаты

  • Балалардың құстар туралы түсінігін кеңейту.
  • Құстарға қамқорлық жасауға баулу, оларға сүйіспеншілік сезімін ояту.
  • Ой-өрісті дамыту, сөздік қорды молайту.

Сабақтың түрі

Ашық сабақ

Интеграция

Көркем әдебиет, сауат ашу, музыка, ҚМТҚ

Көрнекілік

Атрибуттар, құстардың суреттері, тақта, кеспе әріптер, үнтаспа

Әдіс-тәсілдер

Психологиялық сәт, сұрақ-жауап, түсіндіру, жазу, сергіту сәті, ертегіні рөлдерге бөліп айту

Психологиялық сәт

Сабақты жылы көңіл күймен бастау үшін балалар мына өлең жолдарын айтады:

Біз — жақсы баламыз, Өсті ақыл-санамыз. Қонақтармен ең алдымен Амандасып аламыз. Жарқырасын күніміз, Жайнап тұрсын гүліміз. Жақсы ниет, ақ тілекпен Бастайық сабақ бүгін біз.

Ұйымдастыру кезеңі

Тәрбиеші балаларды орындарына отырғызып, оқу іс-әрекетін бастайды. Әңгіме сұрақ-жауап арқылы жүргізіледі.

Жыл мезгілдері мен уақыт

  • Бір жылда неше мезгіл бар? — 4 мезгіл.
  • Қазір жылдың қай мезгілі? — көктем.
  • Көктем туралы тақпақ айту және көктем айларын тақтаға жазу.
  • Бір жылда неше ай бар? — 12 ай.
  • Аптада неше күн бар? Апта күндерін санамақпен айту.
  • Бүгін аптаның қай күні? Қазір қай сабақ? — Қоршаған ортамен таныстыру.

Жұмбақ арқылы тақырыпқа шығу

Жұмбақ Тал басында тамаша үй. Жауабы: Ұя

Сұрақ: Осы ұяны нелер мекендейді?

Жауап: Ұяны құстар мекендейді.

Талқылау: Құстар — адамның досы. Олар ағаштарды құрт-құмырсқалардан қорғайды.

Ертегі ханшайымының келуі

Көркем әдебиет

Ертегі ханшайымы: «Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен сендерге құстар әлемінен тамаша ертегі алып келдім. Қане, мұқият тыңдаңдар.»

Ертегі: «Ерке бұлбұл»

Ертеде бір бұлбұлдың балапаны болыпты. Балапан өсе келе мінез көрсетіп, ата-анасына мазасыз сұрақтар қоя береді:

«Неге ұяны жерге емес, басқа құстар сияқты биікке салмайсыңдар? Неліктен алып құстай ірі болмайсыңдар?»

Оны естіген ата бұлбұл ақыл айтыпты:

«Саңқылдап сұңқар, қарқылдап қарға, тыраулап тырна бола алмайсың, шырағым. Ақылың болса, өз сәніңмен, өз әніңмен ата жолын жалға».

Ерке бұлбұл бұл өсиетке құлақ аспай, өзіне серік іздеп, ұясын тастап ұшып кетеді. Ол құстар әлемін ұзақ аралап, түрлі құстармен кездеседі, бірақ ешқайсысы көңілінен шықпайды.

Кездескен құстар мен бұлбұлдың ойы

Қарға: «Мен қарғамын, қарғамын, көп қой менің арманым. Қарқ-қарқ, келе ғой, бұлбұлжан!»

Бұлбұл: «Өзі қап-қара, дауысы қандай жағымсыз… Ұнамайды.»

Сауысқан: «Кел, бұлбұлым. Сауысқанмын саңқылдаған, қонақжаймын аңқылдаған.»

Бұлбұл: «Даусы нашар екен…»

Торғай: «Бұлбұлжан, келе ғой. Мен торғаймын, торғаймын, ағаштарды қорғаймын.»

Бұлбұл: «Қызық екен… бірақ шамаңа қарашы.»

Бүркіт: «Мен бүркітпін, бүркітпін, құстың бәрін үркітемін! Ха-ха-ха!»

Бұлбұл: «Қорқынышты-ақ… өзі қандай үлкен!»

Қарлығаш: «Келе ғой, бұлбұл. Қарлығашпын қалықтаған, ұшудан ешбір жалықпаған.»

Бұлбұл: «Әдемі-ақ… бірақ құйрығы неге айыр? Ұнамайды.»

Ерке бұлбұл қанша іздесе де, жүрегіне жақын үнді де, жанына жайлы ұяны да таба алмапты. Шаршап-шалдығып, өз ұясына қайтып оралады. Балапанын көрген ана бұлбұл қуанып, құбылта ән салады. Сазды әуенге табиғат та тамсанады.

Ертеңіне таңмен бірге оянып: «Туған жерім — қымбат мекен, Өскен ұям — ыстық екен. Бұлбұл үні — өз тіліме, Ешбір әуен жетпейді екен», — деп сайрайды.

Осы күннен бастап әнші бұлбұлдың даңқы бүкіл әлемге жайылады. Ең бастысы — ол өз болмысын танып, туған ұясының қадірін түсінеді.

Сергіту сәті

Ертегіден кейін балалар бой сергітіп, қимыл-қозғалыс жасайды:

Мынау — менің жүрегім, Бәрі осыдан басталған. Мынау — басым ақылды, Барлық істі атқарған. Мынау — менің оң қолым, Мынау — менің сол қолым, Барлық істі атқарған.

Содан соң балалар дұрыс отырып, сабаққа қайта зейін қояды.

Қорытынды әңгіме және ойын

Ертегі бойынша сұрақ-жауап

Ертегі сендерге ұнады ма?
Иә.
Ертегі қалай аталады?
«Ерке бұлбұл».
Ертегіде қандай құстар кездесті?
Қарға, сауысқан, торғай, бүркіт, қарлығаш.

Дидактикалық ойын

Балалар «Жақсы мен жаман» ойынын ойнап, құстарға қатысты дұрыс әрекеттер мен дұрыс емес әрекеттерді ажыратады.

Негізгі ой: құстарға қамқор болу, оларды қорғау және күтіп-баптау — табиғатқа деген жауапкершілік.

Сабақты аяқтау

Сабақ соңында балалар жақсы тілек айтып, «Қарлығаш» әнімен оқу іс-әрекетін қорытындылайды:

«Құстарымыз аман болсын, бейбіт, тыныш заман болсын».