Рақмет балалар

Жыл басы — Наурыз

(Балалар қолдарында бәйшешек, қызғалдақ гүлдерімен музыка әуенімен кіріп, билейді.)

Құттықтау

Дәстүрімізге айналған Ұлыстың ұлы күні — Наурыз құтты болсын! Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жаңа жыл келді.

Баршаңызды ұлы мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт, еңбектеріңізге табыс тілейміз. Бұл мереке әр шаңыраққа қуаныш пен жақсылық әкелсін!

Сахналық ескерту: Музыка ойналады. Наурыз қыз бір топ қыздарымен бірге келеді.

Наурыз қыздың жыры

Мен — Наурыз қызбын, қыздарым да қасымда.

Ұлыс күніне асыға жеттім міне.

Келген жылым жақсылыққа бастасын,

Қуанышпен әр үйдің босағасын аттасын!

Наурыз қыз: «Тыңдаңыздар, халқым! Жыл иесі — Қоян!» (қолымен көрсетеді, музыка ойналады)

Қоян жылының келуі

(Есік жақтан қоян секіріп шығады.)

Мен — Қоян жылы боламын, ұлу жылды жалғаймын.

Ақ тілекті жалау етіп келдім, Балдырған тобының қонағымын.

Жүргізуші: Қош келдің, Қоян жылы! Еліме бақыт жылы, құт жылы, бейбіт жылы болып кір. Төрге шық! Бүгінгі ән-думан өзіңе арналады.

Ән

«Наурыз келді»

Балалардың тақпақтары

Ислам

Салтымен ата-бабамның
Жаңғырды қайта заманым.
Жаңа жыл басы — бұл Наурыз,
Қайырлы болсын қадамың!

Аңсар

Наурыз келді құт болып,
Мына бізге сүт болып.
Аққа аузымыз толады,
Бар жақсылық болады!

Алан

Осыншама жақсылық
Алып келген Наурызым,
Төрлет, бізге нұр беріп,
Шуақ шашып, ақ жүзің!

Абылай

Наурыз айы — гүл айы,
Наурыз айы — нұр айы.
Наурыз айда халқымның
Құлпыра түсер шырайы.

Қызыр ата батасы

(Ортамызға ақ ниетпен Қызыр ата келеді. Музыка ойналады. Барлығы амандасады.)

Барлығы: «Қош келдіңіз, Қызыр ата!»

Жарқыра, жайна, Наурызым!

Қабағы жаудың түйілсін.

Береке, байлық — дәм-тұзың

Халқыма мәңгі бұйырсын!

Ұрпақтардың бағы болсын,

Арайланған таңы болсын.

Ақ батамен қол жайғанның

Тілегінің бәрі болсын!

Барлығы: Айтқаныңыз келсін! Рахмет!

Айтыс: суырыпсалма өнер

Қоян мен Наурыз қыз: Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық ойындар мен айтыс өнерін тамашалайық. Балалардың арасында суырыпсалма айтысатындар бар ма? Ортаға шықсын!

(Бекзат пен Дильназ)

Дильназ

Айналайын халқым-ай,
Құтты болсын салтың-ай!
Шықтық біздер жырлауға,
Қазағымның салтын-ай!

Айтсам егер жаңылтпаш,
Жаңыласың, қалқам-ай!
Жұмбағымды шеше алмай,
Қиналасың, қалқам-ай!

Төбедегі көзінен
Күн сәулесі түседі.
Бұрышы жоқ төрінде
Самал еркін еседі.
Біліміңді көрейін,
Жауабын кім біледі?

Бекзат

Айналайын халқым-ай,
Болсын жүзің жарқын-ай!
Ата салтын сақта деп
Ұран етем жалықпай!

Қына тасқа бітеді,
Ақыл басқа бітеді.
Жұмбағыңды шешуге
Білім бізде жетеді!

Үйлеріңдей қаланың
Бөлек-бөлек бөлмесі жоқ.
Макетіндей даланың
Өзі дөңгелек.
Қазағымның үйі ғой!

Екеуі хормен:
Наурыз құтты болсын! Еліміз тыныш болсын!
Ерекше заман болсын!
Келер Наурыз тойына аман-есен жетейік!

Ұлттық ойындар

Қоян мен Наурыз қыз: Балалар, сендерге сұрақ: қандай ұлттық ойындарды білесіңдер?

арқан тарту көкпар аударыспақ қыз қуу ақсүйек тақия тастамақ теңге алу бәйге алтыбақан ханталапай

Дұрыс айтасыңдар! Ендеше, қазір «Көкпар» ойынын ойнаймыз. Ойын шарты түсіндіріледі.

Келесі: «Тең көтеру» ойыны.

(Қоян мен Наурыз қыз сөз айтып, қоштасып шығып кетеді.)

Ән шашу

Жүргізуші: Нұрсұлу келді әнімен, салтанатты сәнімен. Қуантады біздерді ән шашу әнімен.

Лиза

Уа, халайық, халайық!
Әсем әнге салайық.
Наурыз тойын көңілді
Бірге қарсы алайық!

Расул

О, ағайын, ағайын,
Думанға толы маңайың.
Мереке болып келіп тұр,
Наурыз айы — бал айың!

Мирас

Наурыз тойы — тамаша,
Наурыз тойы — жаңаша.
Табиғат та тамаша,
Тамылжып тұр жараса!

Ақерке

Наурыз келді тамаша,
Ән айтамыз таласа.
Атам, әжем той тойлап,
Қуанып жүр балаша.
Би билейміз тамаша!

Наурыз көже: ақ мол болсын

Әр адам келер жылдан үлкен үміт күтіп, оны ақ тілекпен, ақ ниетпен қарсы алады. Сол ниетпен әжеміз Наурыз көже әкелді. Қош келдіңіз!

Әже

Наурыз құтты болсын! Осы мейрам әр шаңыраққа бақыт, табыс, қуаныш әкелсін! Ұлыс бақты болсын, әр күндерің жақсы болсын, ақ мол болсын, төрт түлігің ақты болсын, қайда барсаң жол болсын!

Малик

Наурыз тойы әдемі,
Әжем еске түсірді.
Біздерге арнап әдейі
Наурыз көже пісірді.

Асуан

Ашылды да кебеже,
Дәм әзірлеу басталды.
Әжем Наурыз көжеге
Жеті түрлі ас салды.

Дильназ

Бидай, күріш, тары бар,
Сүр ет пен шұжығы.
Құрт та қосылады —
Көже елдің ырысы.

Әже: Дұрыс айтасыңдар! Наурыз көжені дайындау үшін жеті түрлі тағам қосылады:

  • күріш
  • тары
  • бидай
  • құрт
  • су
  • тұз
  • сүр ет
  • шұжық

Ақ тілекпен: жыл бойы тоқшылық болсын, қазанымыз оттан түспесін, дастарханымыз кең жайылсын. Қонақтарымыз Наурыз көжеден дәм татыңыздар!

Ән

«Наурыз көже»

(Қонақтарға Наурыз көже ұсынылады.)

Тұсау кесу рәсімі

Жүргізуші: Дәміңізге рақмет! Тойды тұсау кесу рәсімімен жалғастырсақ деген тілек бар. Бүгінгідей ұлы мерекеде апыл-тапыл басып, өмір жолына қадам басқалы тұрған шөберелеріміз де бар. Жиналған жұрт ата салтын, халық дәстүрін тамашаласын.

Әже: Әлбетте, қарағым! Халайық, тұсауын кесіп, жоралғысын алатын кім бар?

(«Мен бар!» деп бір адам шығады.)

Ала жіпті алайын, әжеңе алып барайын.

Ер жетті деп айтайын, шашуын жеп қайтайын.

Қаз, қаз, балам, қаз, балам! Қадам бассаң мәз болам.

Күрмеуіңді шешейін, тұсауыңды кесейін.

Қаз бол, қарағым, құтты болсын қадамың!

Өмірге нық аяқ баса бер, асулардан аса бер!

Әже: Жортқанда жолың болсын! Арғымақтай жүйрік бол, асқар таудай биік бол! Әумин!

(Әже шашу шашып, бата береді. «Орамал тон болмайды, жол болады».)

Сүйінші

1-бала: Әже, сүйінші! Ақ сиыр бұзаулады. Аппақ, әдемі бұзауы бар.

Әже: Төлің көбейсін, пейілің кеңейсін!

Тағы бір қуаныш

2-бала: Апа, біздің қара қой егіз қозы туды. Бұп-бұйра. Әкелемін деп едім, енесі маңырап қоймады, сондықтан әкелмедім.

Жүргізуші: «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» дейді. Қуаныштарыңыз құтты болсын!

Көктемде жер көгеріп, күн жылынады. Жайлаудағы ата-әжелеріңе барғанда алдарыңнан шығатын қошақандарыңды сағынған боларсыңдар. Ендеше, бәріміз «Қошақан» әнін орындайық.

(Әже қоштасып шығып кетеді.)

Ер Төстік: ертегіден келген қонақ

(Аңыз бен ертегімен жеткен құрметті қонақ келеді. Ер Төстік атпен шауып кіреді.)

Ер Төстік: Ассалаумағалейкум! Бұл жерде қандай жиын болып жатыр, кішкентай батырларым? Қай балабақшадан боласыңдар?

Жүргізуші: Қош келіпсің, Ер Төстік батыр! Бұл жерде Наурыз тойы өтіп жатыр. Батырлар мен сұлулар өз өнерлерін ортаға салуда.

Ойын: «Кім жылдам?»

Шарты: Бір сұлу қыз орындыққа шығып, екі қолына орамал ұстап, жоғары көтереді. Батырлар шауып келіп, қыздың қолындағы орамалды алады. Кім бірінші орамалға жетіп, орнына қайта оралса — сол жеңімпаз.

Ойын: «Кім мерген?» (Жамбы ату)

Қазақтың батырлары ат үстінде шауып келе жатып-ақ көздегенін дәл атқан мерген болған. Ендеше, сынап көрейік.

Ереже: Егер дәл тигізе алмаса, Ер Төстіктің дорбасынан сұрақ алады:

  1. Қазақтың ұлттық тағамдарын ата.
  2. Ұлттық киімдерді ата.
  3. Жылқының сүті қалай аталады?
  4. Түйенің сүті қалай аталады?

Ер Төстік: Рақмет, балалар! Көп нәрсе біледі екенсіңдер.

Жүргізуші: Ер Төстік батыр, балаларға бата беріңіз.

Бата десең бастайын, уа, халқым, қол жайғын!

Айналайын, дарын болыңдар!

Сөнбейтұғын жалын болыңдар!

Балабақшаның нұры болыңдар!

(Ер Төстік: «Жолға аттанатын уақытым келді. Сау болыңдар!» деп шауып шығып кетеді.)

Қорытынды тілек

Келген жыл сіздерге шаттық әкелсін! Отбасыларыңызға бақыт қонсын! Жаңа жыл көтеріңкі көңіл сыйлап, Отанымызға тыныштық пен береке әкелсін.

Мерекелеріңіз құтты болсын!