Әріптерді сыйлаймыз дидактикалықойыны

Бөлім

Сауат ашу

Тақырып

А дыбысы мен әрпі

Сабақтың мақсаты

  • Балаларды А әрпімен таныстырып, айтылу ерекшелігіне назар аудара отырып, «алма» сөзіне дыбыстық талдау жасау.
  • Жаттығулар арқылы саусақ бұлшықеттерін жетілдіру.
  • Сөздік қорын молайтып, ауызша сөйлеуге үйрету.
  • Табиғатты қорғауға баулу, күз мезгілінің ерекшеліктерін түсіндіру.

Қажетті құрал-жабдықтар мен көрнекіліктер

Сөйлейтін әліппе Кеспе әріптер Қызыл шатырлы үй суреті Көк шатырлы үй суреті «Әліппе серігі» Алма Алманың суреті Ноутбук

Іс-әрекет кезеңдері

Мотивациялық-қозғаушылық

Ұйымдастыру кезеңінде мұғалім балаларды шеңберге жинап, жылылық пен ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырады:

Достарымның барлығын,
Сыйлап жақсы көремін.
Алақаным арқылы,
Жылуымды беремін.

Қайталау: «Алма» сөзіне дыбыстық талдау

Мұғалім дыбыстық талдауға арналған алманың суретін көрсетіп, жетекші сұрақтар қояды:

  • Алма туралы не білеміз?
  • Алма қандай болады?
  • «Алма» сөзін буынға бөлеміз: неше буын, неше дыбыс бар?
  • Сөз қандай дыбыстан басталады?
  • А дыбысы қандай дыбыс, оны қандай дөңгелекпен белгілейміз?
  • Сөзде неше А дыбысы бар?

Ұйымдастыру-іздестіру: дыбыстарды топтастыру

Мұғалім дыбыстық талдауда қолданылған дөңгелектерді көрсетіп, А дыбысының қай «шатырлы үйге» кіретінін анықтатқызады. Қызыл және көк шатырлы үйлер арқылы дыбыстарды топтастыру ұсынылады.

Негізгі сұрақ

Дыбыстарды нешеге бөлеміз?

Жаңа тақырып: А әрпімен танысу

Жұмбақ-өлең

Бұл қайсы әріп?
Мен үшін жақсы адам,
Артық көрем басқадан.
«Ата», «апа» сөздерін,
Қайсы әріптен бастаған?

Жауабы: А

«Сөйлейтін әліппені» пайдаланып, А дыбысын дұрыс айтуға жаттығады.

А — жер өлшейтін саржан,
Белін буып алған.

Мұғалім дыбыс пен әріптің айырмашылығын бекітеді: «А» деп естісек — дыбыс, ал әріпті көреміз және жазамыз.

Көрнекілік

Кеспе әріптер арқылы А әрпінің бас (А) және кіші (а) түрлерін көрсетеді.

Практика

  • А әрпін ауада жазу.
  • Таяқшалар арқылы А әрпін құрастыру.

Жаңылтпаш

Піскен алма топ-топ түсті,
Топ-топ түсіп, көптеп түсті.

Оқулықпен жұмыс

  • Сурет бойынша сөйлемдер құрастыру.
  • А әрпінен басталатын сөздерді айту және сол сөздермен сөйлем құрастыру.

Сергіту сәті

Біз арамыз, арамыз,
Гүлге ұшып барамыз.
Аю мұнда келмесін,
Балымызды жемесін.

Жаңа сабақты пысықтау

Өлең

Алатаудың аясында,
Алма терді Алмагүл.
Алуан бала арасында
Артта қалмай, алда жүр.

Апорт деген алмасынан,
Ал, тәттісін таңда бір.

Қайталау

А әрпінен басталатын сөздерді айтқызады.

Дидактикалық ойын

«Әріптерді сыйлаймыз» — мақсаты: А дыбысынан басталатын сөздерді табуға жаттықтыру.

Сабақ соңында балаларға А әрпі «сыйға» беріледі (ынталандыру және бекіту үшін).

Дәптермен жұмыс

  • А әрпінің жазба түрін бастырып жазу.
  • Партада дұрыс отыруын және қатесіз жазуын қадағалау.

Саусақ жаттығуы

Ну тоғайда, орманда,
Аю жүрер қорбаңдап.
Тікірейтіп тікенін,
Кірпі жүрер жорғалап.

Рефлексия және қорытынды

Сұрақтар

  • Бүгін қандай әріппен таныстық?
  • Алманың дәмі мен түсі қандай болады?

Шығармашылық тапсырма

Өзіңе ұнайтын алманың суретін салып, сол сурет бойынша бір сөйлем құрастыр.

Мұғалім балаларды мадақтап, сабақты қорытындылайды.