Жеке тұлғаны дамытудың ұлттық білім мен тәрбие берудің негізгі міндеттері
Қазақ тілі мен әдебиетін инновациялық технологиялар негізінде оқыту арқылы білім сапасын арттыру
«Тәрбиесіз берілген білім — адамның хас жауы…» — Әл-Фараби
Білім мен тәрбие — адамгершілігі мол тұлға қалыптастырудың қос қанаты. Қай заманда да адамзат алдындағы ең асыл мұраттың бірі — өз ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бала — өмірдің жалғасы. Оған өнер үйрету, кәсіпке баулу, тиянақты білім беру, абзал азамат етіп тәрбиелеу — қоғамның басты міндеттерінің бірі.
Халқымыз «Бесіксіз үйде береке жоқ» деп бекер айтпаған. Бұл — әр шаңырақтың түтіні түзу шығуын тілеген ізгі ниет қана емес, елдіктің ертеңін ойлау, келешекке жауапкершілікпен қарау. Дегенмен, осынау тәрбиенің қуатты құралы саналатын рухани мұрамыздың мүмкіндігі әлі де толық ашылмай келеді. Көмбеде жатқан қазынамызды бар қадір-қасиетімен танытып, ұрпақ тәрбиесіне жүйелі қызмет еткізетін уақыт жетті. Бұл мұра ұлттық болмысымызды өзімізге де, өзгеге де айқын танытатын тағылымы мол байлық.
Тұлға тәрбиесі және замана талабы
А. С. Макаренко: «Адамды тәрбиелеу — демек оның ертеңгі қуанышқа ие болатын келешек жолын тәрбиелеу», — дейді.
Демек, бүгінгі заман талабына сай парасатты, білікті, мәдениетті әрі білімді ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етсек, дүниетанымы адамзаттық деңгейде дамыған, бойында ұлттық әрі азаматтық намысы бар жас қалыптастырғымыз келсе, ұлттық білім мен тәрбиенің түрлері мен әдістерін жаңартуымыз қажет.
Абайдың Отыз сегізінші сөзіндегі «Біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, жұрт қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйренуіміз керек» деген ойы білім мен тәрбиені заманға сай ұйымдастырудың маңызын айқындайды.
Бәсекеге қабілеттілік және білім
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімдік деңгейімен айқындалады» деп көрсетілді.
Орта білім берудің мақсаты
ҚР-ның 2015 жылға дейінгі орта білім беруді дамыту тұжырымдамасында орта білімнің мақсаты — жылдам өзгеретін әлемде терең білім мен кәсіби дағдыларға сүйене отырып еркін бағдарлай алатын, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше шешім қабылдауға қабілетті тұлғаны қалыптастыру деп атап көрсетілген.
«ХХI ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық» деген ой әрқайсымызды ойландыруы тиіс. Өйткені мұғалім шеберлігінің нақты нәтижесі — сапалы білім мен өнегелі тәрбие алған шәкірт. Ұстаз еңбегінің сапасы қандай болса, елдің ертеңі де сондай болмақ.
Инновациялық технология және мұғалімнің кәсіби өсуі
Жаңа ғасырдың талабы — білікті, білімді, ой-өрісі дамыған азамат даярлау. Осы мақсатта білім беру үдерісінде қолданылатын педагогикалық технологиялар жаңаша сипат алуда. Жаңалықты тек теориялық тұрғыда меңгеру жеткіліксіз: оны оқу үдерісіне енгізіп, тәжірибемен ұштастырғанда ғана оң нәтиже береді.
К. Д. Ушинский: «Мұғалім — өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның ұстаздық еңбегінің жемісі болмайды», — деген.
Сондықтан мұғалім заман көшінен қалмай, жаңалықтың жаршысы болуға тиіс.
А. Маслоу адамның қиындыққа дайын болуы, қарым-қатынас, таным, сыйластық, қауіпсіздік, шығармашылық, өзін-өзі өзектілендіру және өзін-өзі бекіту сияқты қажеттіліктері қанағаттандырылғанда оның танымдық құрылымы дамып, қызығушылығы қалыптасатынын атап өтеді. Қызығушылық қалыптасса, тұлғаның белсенділігі артады. Осы қағидаға сүйене отырып, ұлттық білім мен тәрбиеге басымдық беру және оқушылардың қызығушылығын арттыру — ұстаздың маңызды міндеті.
Ұлттық білім мен тәрбие берудің негізгі міндеттері
- Оқушылардың сөйлесім әрекетінің түрлерін күнделікті қарым-қатынас деңгейінде меңгерту.
- Оқушылардың тілдік дағдысы мен білігін дамыту.
- Қарым-қатынас әдебінің қарапайым нормаларын меңгерту.
- Ойын жағдаяттарында білімді қолдану арқылы оқушыларды жаңа әлеуметтік тәжірибеге қатыстыру.
- Оқушыны сөйлесімдік қарым-қатынастың жаңа тәсілдеріне, қазақ халқының мәдениетіне, салт-дәстүріне және ұлттық-мәдени сөйлесім ерекшелігіне баулу.
- Оқушылардың оқу білігін қалыптастыру және шынайы өмірлік жағдаяттарда алған білімін шығармашылықпен пайдалануға дайындау.
- Оқушыларды қазақ халқының балаларға арналған әндерімен, тақпақтарымен, ертегілерімен, фольклорымен, көркем әдебиетімен және ұлттық ойындарымен таныстыру.
- Оқушылардың қазақ еліне, мемлекеттік тілге және мемлекеттік рәміздерге құрмет сезімін қалыптастыру.
Қазақ тілі — рухани негіз
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Жолдауында: «Қазақ тілі — біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз — оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту» деп атап көрсетті.
Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы — ана тілі. Оны құрметтеу, оны білу — әрқайсымыздың асыл парызымыз. Тәуелсіздіктің негізгі тірегі — ұлттың тілі, діні, ділі. Тіл — Тәңірдің адам баласына берген сыйы; қасиетті де қастерлі.
Тіл — адамдар арасындағы қарым-қатынастың аса маңызды құралы ғана емес, ойлаудың, дүниетанымның, рухани мәдениетті жасаудың, ұлттық ұжымдық тәжірибені жинақтаудың және сақтаудың тетігі. Сондықтан мұғалімнің басты мақсаты — жас ұрпақты ұлттық тұрғыда тәрбиелей отырып, ғылым мен білімді тіл арқылы меңгерту, оны өмірлік дағдыға айналдыру.
ОҚО, Арыс ауданы, М. Шаханов атындағы жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі — Полатова Айнұр Мүслімбекқызы.