Балалардың түсініктерін байқау үшін сұрақтар қою

Еңбекқорлық пен еріншектік

Бұл материал оқушылардың еңбек құндылығы туралы түсінігін кеңейтуге бағытталған. Оқу үдерісінде еңбекқорлықты дәріптеп, еріншектіктің салдарын ойландыру арқылы балаларды еңбексүйгіштікке тәрбиелеу көзделеді.

Мақсаты

Оқушылардың еңбек құндылығы туралы түсініктерін кеңейту.

Көрнекі құралдар

  • Интерактивті тақта
  • Үнтаспа
  • Ақ қағаздар
  • Оқулық, дәптер

Міндеттері

  • Еңбекқор және еріншек туралы түсінік қалыптастыру.
  • Еңбекке қызығушылықты арттыру.
  • Еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

Шаттық шеңбері

Балалар шеңбер құрып тұрады. Барлығы бірге «Болайықшы осындай» әнін айтады.

Жылы атмосфера • Бірлік • Ынтымақ

Өлең жолдары

Жақсы бала еңбекшіл,

Ер азамат болады.

Қиындықты жеңіп кіл,

Құшағы гүл толады.

Қайырмасы: Еңбекшіл осындай, болайықшы, досым-ай...

Әңгімелесу

Оқушылардың еңбекқорлық пен еріншектік туралы түсініктерін анықтау үшін төмендегі сұрақтар ұсынылады:

  • Еңбектену адамға не үшін қажет?

  • Еңбекқорлық адамды тағы қандай қасиеттерге баулиды?

  • Өзіңді еңбекқормын деп санайсың ба? Неге?

Түйіндеу

Еңбекқор адам айналасына сыйлы әрі беделді болады. Еңбекқорлық шыдамдылыққа, табандылыққа, ұқыптылыққа, мақсат қоя білуге, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға және шығармашылыққа жетелейді.

Мәтінмен жұмыс

В. А. Сухомлинский • «Еңбексүйгіш пен Еріншек»

Мұғалім ертегіні оқып береді. Оқылған мәтін бойынша балалардың түсінігін байқау үшін сұрақтар қойылады:

  • Еңбексүйгіш пен еріншектің әрекеттерін салыстырып, ерекшеліктерін айтып беріңдер.
  • «Нағыз адамның өткен жылдары өшпейді» дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Еңбексүйгіштің бойындағы жақсы қасиеттерді атаңдар.

Мұғалімнің қорытындысы: еңбекті сүйетін адам көп еңбектенеді. Өз еңбегі арқылы ұрпағына да, халқына да мұра қалдырады. Ал еріншек жалқаулығының нәтижесінде өз күнін әрең көреді.

Сергіту сәті

Қимыл-қозғалыспен айтылатын шағын өлең. Әр жолға сай қимыл көрсетіледі.

Қырға шықсаң өрлеп

Қолдарын кезек-кезек жоғары көтереді.

Мұның аты — еңбек

Екі қолын жаяды.

Кесте тіксең, зерлеп

Оң қолымен ине ұстап, тігу қимылын көрсетеді.

Сабағыңды жөндеп әзірленсең — еңбек

Жанындағы көршісіне қарап, сол қолын жаяды.

Қиындықтың бәрін еңбек қана жеңбек

Құшағын ашып, кейін екі қолын жаяды.

Тапсырмалар

1) «Адал еңбек»

«Адал еңбек» дегенді қалай түсінесіңдер?

2) «Еңбектің жемісі»

Еңбектің жемісі дегенді қалай түсінесіңдер?

Тағы бір түйіндеу

Адал еңбек адамды табысқа, бақытқа, қуанышқа жеткізеді. Адам еңбектің дәмін тек өзі тер төккенде ғана терең сезінеді.

Жасаған еңбегіңнің пайдасы тек өзіңе емес, айналаңдағы адамдарға да, қоғамға да тиеді. Адал еңбектің нәтижесі адамды қуанышқа бөлейді.

Адам өз мақсатына ерінбей еңбек еткенде ғана қол жеткізеді.

Дәйексөз

«Еңбек — қуаныш, жалқаулық — айырылмас азап».
Абай

Адам ең бастысы еңбектенуге, яғни бір іске күш-қуатын және ақыл-ойын жұмсауға ерінбеуі керек. Өйткені жалқаулық пен еріншектік адамның өзін де, өмірін де тоздырады.

Ал ерінбей еңбек етсең, мақсатыңа, арманыңа жетесің. Арман орындалғанда адам өзін бақытты сезінеді.

Еңбектің пайдасы

  • Тәрбиелейді
  • Жігерлендіреді
  • Күш береді
  • Қуантады
  • Бақытты етеді
  • Өмір сүруге үйретеді
  • Үнемшіл болуға үйретеді
  • Ширатады
  • Шынықтырады

Жаңа ақпарат

Адам ерінбей еңбек ету арқылы қуанышқа, шаттыққа бөленеді. Еңбексүйгіштік пен еңбекқорлық, сондай-ақ еңбекті бағалай білу — өмірде құрметке жеткізетін қасиеттер.

Топпен жұмыс

1-топ

Берілген кестеге еңбекқор және еріншек адамға тән белгілерді бөліп жазыңдар.

2-топ

Еңбек туралы мақал-мәтелдер жазыңдар.

Қорытындылау

Адам бойындағы ең жағымсыз қылықтардың бірі — еріншектік. Еріншек адамның іске мойны жар бермейді, ал бастаған ісі көбіне нәтижесіз қалады.

Осыған байланысты Абай атамыз 38-қарасөзінде: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі — надандық, екінші — еріншектік, үшінші — залымдық», — деп ескертеді.

Жүректен жүрекке

Балалар шеңбер құрып тұрады. Бір-біріне жақсылық тілеп, ізгі ниетін білдіреді.

Ой түйін: еңбекті қадірлеген адам — өз өмірін де, өзгенің еңбегін де құрметтейді.