Электр зарядының өлшем бірлігі

Электр өрісі және электр өрісінің кернеулігі

Бұл тақырып зарядталған денелердің бір-бірімен қалай әсерлесетінін және осы әсерлесуді түсіндіретін электр өрісі ұғымын қарастырады. Электр өрісін тікелей көру немесе ұстау мүмкін емес, бірақ оның бар-жоғын әрқашан әсері арқылы анықтай аламыз.

Өткен тақырыптарды қайталау сұрақтары

  • Нүктелік заряд дегеніміз не?
  • Кулон заңы қандай тұжырым айтады?
  • Кулон заңының формуласы қандай?
  • Кулон тәжірибе жасау үшін нені қолданды?
  • Пропорционалдық коэффициенті (к) неге тең?
  • Кулон заңы орындалуы үшін қандай шарттар қажет?
  • Электр зарядының өлшем бірлігі қандай?
  • Электр тұрақтысы (ε0) неге тең?

Бақылау: әсерлесу тікелей жанасусыз жүреді

Тәжірибе 1: зарядталған дененің әсері

Жіпке зарядталған гильзаны іліп, оған электрленген шыны таяқшаны жақындатайық. Денелер бір-біріне тікелей тимесе де, жіпке ілінген гильза өзінің вертикаль қалпынан ауытқып, шыны таяқшаға тартылады.

Қорытынды: зарядталған денелер бір-бірімен тікелей жанаспай-ақ әсерлеседі.

Сұрақ: әсер қалай беріледі?

Бұл әсер бір денеден екіншісіне қалай беріледі? Мәселе олардың арасындағы ауада болуы мүмкін бе? Мұны тәжірибе арқылы тексерейік.

Тәжірибе 2: ауа қатыса ма?

Зарядталған электроскопты (шыны пластинкалары алынған) ауа сорғыштың қалпағының астына қойып, ішіндегі ауаны сорып тастаймыз. Сонда ауасыз кеңістікте де электроскоптың жапырақшалары бір-бірінен тебілетінін көреміз.

Қорытынды: электрлік әсердің берілу процесіне ауа қатыспайды.

Электр өрісі ұғымы: Фарадей мен Максвелл түсіндірмесі

Ендеше зарядталған денелердің өзара әсерлесуі не арқылы жүзеге асады? Бұл сұраққа жауапты ағылшын ғалымдары М. Фарадей (1791–1867) және Дж. Максвелл (1831–1879) өз еңбектерінде негіздеді.

Негізгі идея

Зарядталған денелерді қоршап тұрған кеңістік басқа денелердің айналасындағы кеңістіктен өзгеше: зарядталған денелердің айналасында электр өрісі пайда болады. Электрлік әсерлесу дәл осы өріс арқылы жүзеге асады.

Электр өрісінің қасиеттері

  • Электр өрісі кез келген зарядталған дененің айналасында болады.
  • Ол заттардан өзгеше, материяның айрықша бір түрі ретінде қарастырылады.
  • Оны көру немесе ұстау мүмкін емес.
  • Өрістің бар-жоғын тек оның әсері арқылы ғана білеміз.

Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі

Пән мұғалімі: Алпамышева Қарлығаш