Оқушының дыбыс түрлері жайлы түсініктерін қалыптастыру, жемістер туралы әңгіме жүргізу

Сабақтың тақырыптары

  • Менің Отаным — Қазақстан. Астана. (Әліппе)
  • Жемістер. (Дауысты және дауыссыз дыбыстар)

Сабақтың мақсаты

1

Оқушылардың дыбыс түрлері туралы түсінігін қалыптастыру, жемістер туралы әңгіме жүргізу.

2

Сөздік қорын, тіл байлығын және ойлау дағдыларын дамыту.

3

Тазалық пен әдемілікке тәрбиелеу.

Сабақ түрі

Аралас сабақ

Әдіс-тәсілдер

Түсіндіру, сұрақ-жауап, әңгімелеу, көрнекілік

Көрнекіліктер

Суреттер, жемістердің суреттері

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылардың сабаққа зейінін аударамын.
  • Сабаққа қажетті оқу құралдарын дайындатамын.
  • Балалардың партада дұрыс отыруын қадағалаймын.

II. Өткенді қайталау

Оқушылардың алдыңғы сабақтан алған ұғымдары мен түсініктерін пысықтаймын. Көкөністер туралы әңгімелетіп, сұрақтар қоямын.

Сұрақтар

  • Балалар, көкөністерге нелер жатады?
  • Көкөністердің қандай түрлері болады?
  • Көкөністерді қалай өсіреді?

Оқулық бойынша пысықтап, әңгімелеу жүргізіледі.

Сергіту сәті

Кел, балалар, ойнайық!

Тектен-текке тұрмайық.

Жемістерді жинайық,

Үзіп алып бақтардан,

Жолдастарға сыйлайық.

III. Жаңа сабақ

Балаларға жемістер туралы түсіндіріп, суреттер арқылы жемістермен таныстырамын. Оқушылардан өздері білетін жемістер туралы сұрап, әңгіме жүргіземін.

Оқулықпен жұмыс

  • алма шие алмұрт өрік

Әр сөйлемдегі сөз санын анықтатамын.

Әр сөздегі дыбыс саны мен буын санын ажыратуға көңіл бөлемін.

Суреттер бойынша оқушыларға сөйлемдер құратамын (мысалы: «Алманың түрлері көп.»).

Негізгі ұғым

Жемістердің суреттерін көрсете отырып, дыбыстарды дауысты және дауыссыз болып ажыратамыз. Тақтаға сөздер жазып, солар арқылы дыбыстар туралы түсінік беремін.

«Жеміс бағында» өлеңі

Өлеңді оқып, мазмұнын талдаймыз.

Бағбан ата Бименге

Үшке толған шағында,

Аралап көрсетті

Жемістерді бағында.

Мынау — алма, айналдым,

Түрлі-түрлі болатын.

Бірі ерте, бірі кеш,

Кезектесіп салатын.

Мынау өрік, күнім,

Ерте ашар гүлін.

Қара өрік, сары өрік,

Ектім екі түрін.

Мынау шие, шырағым,

Қызыл болып піседі.

Тезірек жинап алмасаң,

Ұрлыққа торғай түседі.

Мынау анар, құлыным,

Қабығы қалың болатын.

Мөлт-мөлт еткен түрлері

Моншақты еске салатын.

Бағымда менің, қарағым,

Жеміс-жидек тағы бар:

Қарақат, алма, құлпынай —

Дастарқаннан табылар.

Дәптермен жұмыс

  • Дәптерде берілген суреттерді боятады.
  • 9-беттегі материалдарды пайдаланып, сызба жұмыстарын орындатады.
  • Суреттердің атауларын сөз схемасына салдыртады.

IV. Сабақты қорыту

Оқушылармен бірге бүгінгі тақырыпты қорытындылап, жемістерді атау, сөйлем құрау және дауысты-дауыссыз дыбыстарды ажырату бойынша қысқаша сұрақ-жауап жүргіземін.