Байтұрсынұлының Ақын ініме өлеңін мәнерлеп оқып беріп, ақынның айтпақ болған ойын өлеңнің тақырыбы мен идеясын ашу
Сабақ туралы мәлімет
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Жаңашар ауылы, Т. Рысқұлов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Темиркулова Мадина Сүлейменқызы.
Сабақтың мақсаты
-
А. Байтұрсынұлының шығармалары туралы мәлімет бере отырып, өлеңнің тақырыбы мен идеясын ашу.
-
Оқушыларды адамгершілікке, имандылыққа, асыл қасиеттерге тәрбиелеу.
-
Оқушылардың өз ойын еркін жеткізуіне жағдай жасап, ой-өрісін, ойлау қабілетін дамыту және шығармашылық ізденіске жол ашу.
Көрнекілік
Талдау құрылымын жүйелеуге арналған материалдар.
Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасын танытуға бағытталған көрнекілік.
Сабақ барысындағы тапсырмаларға арналған ресурстар.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу, түгелдеу.
- Оқу құралдарын тексеру, сынып тазалығына назар аудару.
- Оқушылардың зейінін сабаққа шоғырландыру.
2) Үй тапсырмасын пысықтау
«Ыстық орындық» әдісі арқылы үй тапсырмасы бойынша сұрақтар қойылады: орындыққа отырған оқушы дайын сұрақтарға жауап береді.
- А. Байтұрсынұлының қандай мақалаларын білесіңдер?
- Ахмет Байтұрсынұлы не себепті ату жазасына кесілді?
3) Жаңа сабақты түсіндіру
Мұғалім А. Байтұрсынұлының «Ақын ініме» өлеңін мәнерлеп оқып, автордың айтар ойын талдатады. Оқушылар өлеңнің тақырыбы мен идеясын ашуға бағытталған сұрақтар арқылы пікір білдіреді.
- Милләт
- Араб сөзі; «халық», «ұлт» деген мағына береді.
- Аплатон (Платон)
- Ертедегі грек оқымыстысы.
Автордың ақын інісіне кекесінмен айтқан «ақылдарындағы» ирониялық сарынды табыңдар. Мысалы:
Нашардың көбірек же хақын, інім, Айғырсып момындарға ақыр, інім, Кісімсіп, ең болмаса қақыр, інім.
Өлеңге сатылай кешенді талдау
Негізгі деректер
А. Байтұрсынұлы — қазақ тіл білімінің негізін қалаған ғалым, публицист, аудармашы, мысалшы, қоғам қайраткері.
Атқамінер шонжарлардың мінез-құлқын әшкерелеу.
Поэзия (өлең). Өлең — белгілі бір өлшемге құрылады, ырғақ пен ұйқас арқылы өрнектелетін көркем сөз жүйесі.
Жағымсыз мінезді әшкерелеу арқылы адамды халқы үшін адал қызмет етуге, пайдалы тұлға болып қалыптасуға үндейді.
Өлең құрылысы
Ұйқас — өлең жолдарындағы сөздердің үндестігі; мазмұнмен астасып, өлеңге әуен мен саз береді.
Әдеби-теориялық ұғымдар
Троп — сөзді тура мағынасында емес, ауыспалы мағынада қолдану арқылы ойды көркемдеу.
- Теңеу: «доңыздай», «балдай», «Аплатондай».
- Эпитет: «ақылға жарлы», «сүйікті милләт».
- Дөрекі сөздер: «қақыр», «лапыр», «пақыр», «айғырсып».
- Ирония: кекесін, келемеждеу.
Сүйікті милләтіңе болам десең, Нашардың көбірек же хақын, інім. Сыйласын десең жұртың қадір тұтып, Айғырсып момындарға ақыр, інім. Білімді ел ішінде болам десең, Шешенсіп, жақты сөйлеп, лапыр, інім. Қолыңнан мұның бірі келмес болса, Кісімсіп, ең болмаса қақыр, інім. Сөзіңді тыңдатайын десең жұртқа, Ет асып, табақ-табақ шақыр, інім.
Фигура — сөз өрнегін айшықтайтын стильдік құрылым.
Арнау — автордың (көбіне ақынның) өзіне не өзгеге, кейде жалпы жұртқа арнайы тіл қатуы, көпшілікке қайырыла сөйлеуі, олармен іштей кеңесуі. Бұл өлең жарлай арнау түріне құрылған.
Өлең М. Дулатұлына арналған.
- Милләт — халық, ұлт.
- Аплатон (Платон) — ертедегі грек оқымыстысы.
- Право — құқық.
Тәрбиелік мәні
Өлең адамгершілікке үндейді: адал еңбек етуге, қоғамға пайдалы қызмет қылуға шақырады. Жаман әдеттен және жаман ортадан аулақ болуға бағыт береді.
Тақтамен жұмыс
Өлеңнің құрылымын үлгі шумақ арқылы талдау:
Азырақ құлағың сал, ақын інім, Ойымыз, рухымыз жақын, інім. Ағалық правосын қолыма алып, Келемін айтайын деп ақыл, інім.
Қорытынды бөлім
Білімді бекіту
Өтілген тақырып бойынша сұрақтар қойылады, оқушылардың түсінбеген тұстарына түсіндіру беріледі:
- Ақын өлеңде адам мінезіндегі қандай қасиеттерді сынайды?
- Өлеңнің соңғы шумағынан ақынның негізгі ойын қалай аңғаруға болады?
Білімді бағалау
Оқушылардың жауаптары мен сабаққа белсенді қатысуына қарай білімдері бағаланады.
Үй тапсырмасы
А. Байтұрсынұлының «Ақын ініме» өлеңін жаттап келу.