Мерекені сезіндіру

Қызылорда қаласы

Б. М. Жұмабекова — №8 «Бүлдіршін» санаториялық балабақшасы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің музыка жетекшісі

Мақсаты

  • 1 қыркүйек — Білім күні мен 30 тамыз — Ата Заң күнінің маңызын түсіндіру.
  • Мерекелік көңіл-күй қалыптастыру.
  • Арнайы әндер мен тақпақтарды үйрету.
  • Отаншылдыққа тәрбиелеу, сахна мәдениетіне баулу.

Формат

  • Өлең, ән, би, ойын.
  • Ертегі кейіпкерлерімен интерактив.
  • Алғашқы қоңырау салтанаты.
  • Ата-аналардың ақ тілегі.

Мерекелік сценарий

Төменде 1 қыркүйек — Білім күні мен 30 тамыз — Ата Заң күніне арналған мерекелік іс-шараның өңделген, сауатты нұсқасы берілген.

Кіріспе сөз және құттықтау

1-бала

Ерекше бүгінгі күн — салтанат сән!
Тербетер жүректерді бір әсем ән.
Шат-шадыман барша ел, барша халық,
Құлпырып тұр гүлдермен айнала мән.

Қымбатты балалар, құрметті ата-аналар және балабақша қызметкерлері!
Баршаңызды 1 қыркүйек — Білім күнімен, жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймыз! Мерекемізге қош келдіңіздер!

2-бала

Балабақша есігін
Үшке тола ашқанбыз.
Балапандай мәпелеп,
Өсіруде бақшамыз.

3-бала

Бұл — екінші үйіміз,
Бір туғанбыз бәріміз.
Біз — осы үйдің гүліміз,
Біз — осы үйдің сәніміз.

4-бала

Егемен елдің төсінде,
Шуағын шашқан арай күн.
Азамат болып өсеміз,
Қызыға әлем қарайтын.

5-бала

Биіктерге бастайтын асқаралы,
Әр жүректің сүйікті, асқақ әні.
Мерекеде бәріміз бір дауыспен,
Шырқайық еліміздің әнұранын!

Ән

ҚР Мемлекеттік Әнұраны

6-бала

Шайдай ашық бейбіт күннің аспаны,
Бақшамыздың келісіп тұр бар сәні.
1 қыркүйек — салтанатты мерекемен
Құттықтайды меңгеруші баршаны!

Сүйікті апайымыз Бақыт Нәзікқызына құттықтау сөз кезегін ұсынамыз.

Құттықтау сөз

Меңгерушінің құттықтауы

Ертегі кейіпкері: Карлсон

Карлсон

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен Карлсонмын. Осы балабақшаның шатырында тұрамын. Мұнда не болып жатыр?

7-бала

Біз Білім күнін тойлап жатырмыз.

8-бала

Бүгін — 1 қыркүйек, күз мезгілінің алғашқы күні.

Карлсон

Тоқтаңдар! Сендер жыл мезгілдерін ажырата аласыңдар ма?

Мен бір суретті бастағанмын, бірақ оны аяқтағанша жыл мезгілдері ауысып кетеді де, бәрін шатастырып аламын. Бүгін күз болса, суреттегі күздің белгілерін қалдырып, қалған мезгілдердің белгілерін алып тастайық. Келістік пе?

Интерактив тапсырма

Балалар Карлсонның үлкен суретінен күз мезгілінің белгілерін (сары жапырақтар, т.б.) қалдырып, өзге мезгілдердің белгілерін (қар, гүлдер, т.б.) алып тастайды.

Карлсон

Керемет! Суретімді әп-сәтте аяқтап бердіңдер! Білген деген қандай жақсы!

9-бала

Кемені басқарып көк жүзіне самғатар,
Тауды бұзып, тас жарып, мұхиттарды жалғатар.
Сырлары көп ғылымның — шешілмеген әлі де,
Тереңдігі білімнің керек екен бәріне!

10-бала

Білім — менің ертеңім, өсу үшін өркенім.
Жүзем оқу айдынында, жайып білім желкенін.
Қиындықтан өтуге, армандарға жетуге,
Білім алам ерінбей, еліме қызмет етуге!

Жеке ән

«Бәрін білгім келеді» (муз.: А. Еспенбетова, сөз.: Б. Жұмабекова)

Мыстанның айласы және көңілді ойын

Мыстан

Бүгін неге мұрным қайта-қайта қышиды десем, мұнда мереке болып жатыр екен ғой! Менен жасырмақ болдыңдар ма? Білім аламыз дейсіңдер ме? Олай болмайды! Мен сендердің тәрбиешілеріңнің бәрін өздерің сияқты кішкентай балаларға айналдырып жібердім. Міне, келе жатыр!

Сахналық көрініс

Тәрбиешілер «балалар» сияқты киініп, балалық қылық көрсетіп шығады: бірі жылайды, бірі ойыншықтарды шашады, т.б.

11-бала

Қызық екен... Енді не болады?

Карлсон

Бұл тіпті тамаша! Ендеше бәріміз бірге қызықты ойын ойнайық. Мен ойын ойнағанды қатты жақсы көремін. Тәрбиешілер мен балалар жарыссын, мен төреші боламын!

Ойын: «Сәнқойлар»

Тәрбиешілер мен балалар екі топқа бөлінеді. Әр топтан екі ойыншы жұптасып, «сәнді шалбардың» екі балағын бір-бір аяқтарына киіп, белгіленген жерге дейін барып, айналып келуі керек. Мыстан кедергі жасап, ойыншыларды шатастырады.

Карлсон (әңгіме)

Балалар, сендер де кейде мазасыз болып кетесіңдер ме? Себепсіз жылайсыңдар ма? Ойыншықтарыңды шашып тастайсыңдар ма? Үлкендерді тыңдайсыңдар ма?

Ендеше әрқайсысың бір тәрбиешіні қолынан жетелеп, биге шақырыңдар — көңілдері көтерілсін!

Ән-би

«Бала, бала, балапан»

Мыстан

Әндерің мен билерің менің де көңілімді көтерді. Мерекеге шақырмағандарыңа ренжіген ашуым басылды. Апайларыңды қайта қалпына келтірейін, өзім де ертегілер еліне қайтайын. Сау болыңдар!

Сахналық әрекет

Мыстан «сиқыр» жасап шығып кетеді. Тәрбиешілер қалыпты кейпіне келеді.

12-бала

Сіздерді Мыстан әже кішкентай балаларға айналдырып сиқырлаған еді.

Тәрбиешілер

Бәсе, бәсе... Мыстан да тыныш жүрмейді-ау! Ендеше балабақшамыздың кішкентай бүлдіршіндерін ертіп келейік.

І сәбилер тобының құттықтауы

І сәбилер тобы тәрбиешілері

Бүкіл елде басталып бүгінгі жыры,
Бақ қоңырау шақырар ұғымдыны.
Білім — ғылым бастауы, мерекелі,
Құтты болсын бүгінгі Білім күні!

Бөбектердің мерекелік тартуларын қабыл алыңыздар!

Би

«Бөбектер биі»

13-бала

Көп рақмет, кішкентай достар! Балалар, бүгінгі мерекеміздің қоңырауын соғуды бөбектерге тапсырсақ қайтеді?

Салтанат

Алғашқы қоңырау соғу рәсімі

14-бала

Шырылдаған тыным алмай —
Қоңыраудың үні қандай!
Мақсатына жете ме адам
Оқу оқып, білім алмай?!

Ғылымның көп тас қамалы,
Ғалымдық та асқаралы.
Бар білімнің нұр бастауы —
Балабақшадан басталады!

Ән

«Отанның жас өркені» (муз.: Г. Дауылбаева, сөз.: Б. Жұмабекова)

Ата-аналардың ақ тілегі және би

15-бала

Жақсы бала азамат атанады,
Халқынан, ата-анадан бата алады.
Мерекеге айтсын деп ақ тілегін,
Ортаға шақырайық ата-ананы.

Ақ тілектерін білдіру үшін ата-аналарымызға микрофон ұсынайық.

Ата-аналар тілегі

Ақ бата, ізгі ниет

16-бала

Ата-аналар құрметіне биімізді қабыл алыңыздар!

Би

Қазақ биі

Екінші мереке: Ата Заң күні

Карлсон

Балалар, білесіңдер ме? Мен бүгін Білім күнінен бөлек елімізде тағы бір үлкен мереке аталып өтетінін естіп қалдым. Ол қандай мереке?

17-бала

Ол — Ата Заң күні!

18-бала

Онда Ата Заң туралы Қарлығаш тобындағы достарымыз түсіндіріп берсін.

Қарлығаш тобы: тақпақтар

1-бала

Ата Заңым — алтын заңым, ардағым,
Аялаған адамзаттың арманын.
Жол бастайды болашаққа жасампаз,
Әрбір бабың, тарауларың, тармағың.

Алтын Заңда — парасатым, пайымым.
Алтын Заңда — күш-қуатым, жалыным.
Сен қорғайсың бостандық пен құқықты,
Анамдайсың елжіреген жанымның.

2-бала

Ата Заңым — бірлігім,
Берекелі іс-тірлігім.
Елдің ырыс-бақыты —
Бейбітшілік, нұрлы күн!

Ата Заңым — қуатым,
Сенім, мақсат, мұратым.
Мақтанышым, көк туым,
Көкте шалқып тұратын!

3-бала

Алтын заңым — арай таңым!
Шындығымның шырайы,
Бақытымның күн-айы.
Қамқор болып бөбекке
Қолын созған ұдайы.

Алтын заңым — арай таңым,
Шаттығымды қорғайды.
Мәрттігімді қолдайды.
Ар атынан айтқан соң
Екі сөзі болмайды.

Алтын заңым — арай таңым,
Әділеттің ұраны,
Ақиқаттың шырағы.
Тыныштықтың туы боп
Заң салтанат құрады!

4-бала

Иә, біздің өз Ата Заңымыз бар. Біз — тәуелсіз елміз. Биыл тәуелсіздігімізге 25 жыл толды!

5-бала

25 жыл ішінде еліміз талай асу биіктерді бағындырды. Олимпиададағы алтын, күміс, қола жүлделер — еліміздің даңқын асқақтата түсті. Жеңісті күндер көп болсын!

Жеке ән

«Менің елім!» (муз., сөз.: А. Маханбетова)

Қорытынды

19-бала

Қос мереке қатар келген бүгінгі күн қандай керемет!

20-бала

Иә! Біз — жері байтақ, елі дархан, заңы әділетті Қазақстанда тұрамыз. Біз — бақытты балалармыз!

21-бала

Елімізді, жерімізді, елбасымызды, балабақшамызды жақсы көреміз!

Ән

«Бүлдіршін әнұраны» (муз.: А. Еспенбетова, сөз.: Б. Жұмабекова)

Тәрбиеші

Жаңа оқу жылы жемісті, мерейі үстем жыл болсын!
Бүлдіршіндеріміз өрісті, «Елім!» дер қыз бен ұл болсын.
Мереке құтты болсын! Әр күніміз мерекелі болсын!

Қоңырау үнімен жаңа оқу жылының алғашқы оқу іс-әрекетін бастау үшін тобымызға асығайық!