Құстар табиғат көркі

Дүниетану (3-сынып): Құстар

Бұл сабақ жоспары 3-сынып оқушыларына арналған. Тақырып — құстар: олардың түрлері, тіршілігі, адамға пайдасы және табиғатты қорғау мәдениеті.

Сабақтың мақсаты

  • Құстар туралы білімді кеңейту: құстардың жануарлар әлеміндегі маңызды топ екенін түсіндіру; үй және жабайы құстардың тіршілігі, күтімі және адамға пайдасы туралы мағлұмат беру.
  • Оқушылардың дүниетанымын, сөздік қорын және байланыстырып сөйлеу дағдысын дамыту.
  • Еңбекке тәрбиелеу, құстарға қамқорлық жасауға баулу.

Сабақ туралы қысқаша

Көрнекіліктер
Құстардың суреттері, мазмұндауға арналған қысқаша мәтіндер, қауырсын, жұмыртқа.
Түрі
Ұжымдық түрде бірлесіп білім алу.
Әдістері
Көрнекілік, сұрақ-жауап, іздендіру, дәлелдеу, әңгімелеу.
Пәнаралық байланыс
Әдебиеттік оқу, табиғаттану.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Шаттық шеңбері. Оқушылар ортаға шығып, шеңбер құрып, бір-бірінің қолын ұстайды. Амандасу сөздері айтылады:

  • Сәлеметсіз бе, ашық аспан!
  • Сәлеметсіз бе, күннің көзі!
  • Сәлеметсіздер ме, құстар мен жануарлар!
  • Сәлеметсіздер ме, қадірлі қонақтар және оқушылар!

Осы көңіл күймен орындарымызға отырып, сабағымызды бастаймыз. Мұғалім бүгінгі сабақтың тақырыбы мен мақсаттарын хабарлайды.

2) Өткенді қайталау (тест)

Өткен тақырыптарды қысқаша бекіту үшін тест сұрақтары беріледі (жануарлар топтары, қоректенуі, тіршілік ету жағдайлары, маусымдық өзгерістер).

  1. Жануарлар тобы қандай табиғатқа жатады?

    A) өлі табиғат; Ә) тірі табиғат; Б) табиғатқа жатпайды

  2. Шөпқоректілерге қандай жануарлар жатады?

    A) ақбөкен; Ә) қасқыр; Б) аю

  3. Жыртқыш жануарлар тобын көрсет.

    A) ақбөкен, қоян; Ә) қасқыр, жолбарыс; Б) киік, марал

  4. Талғаусыз қоректілерге қандай жануарлар жатады?

    A) ақбөкен; Ә) қасқыр; Б) аю

  5. Суда да, құрлықта да мекендейтін жануар.

    A) қасқыр; Ә) бақа; Б) көбелек

  6. Жануарлардың тіршілік етуі үшін қажетті жағдайларды ата.

    A) балшық, жарық; Ә) қора, ін; Б) қорек, ауа

  7. Жәндіктер қыста қайда кетеді?

    A) ағаш діңінде; Ә) өліп қалады; Б) жылы жаққа

  8. Ірі қара малды көрсет.

    A) сиыр, жылқы; Ә) ешкі, лақ; Б) қой, қозы

  9. Ұсақ малды көрсет.

    A) ешкі, қой; Ә) сиыр, жылқы; Б) түйе, жылқы

  10. Қандай аңдар қысқы ұйқыға кетеді?

    A) түлкі, қоян; Ә) аю, борсық; Б) барыс, мысық, қой

Қозғалыс ойыны: «Адасқан жануарлар»

Оқушыларға берілген суреттерді топтарға бөледі: сүтқоректілер, құстар, балықтар, жәндіктер, жорғалаушылар.

3) Жаңа сабақ

Сабақ басында қызығушылықты ояту үшін сөзжұмбақ шешіледі: берілген жемістердің атауын атап, ретімен жазу тапсырмасы орындалады.

Топтық жұмыс: ассоциация құру

Сынып 4 топқа бөлінеді. Әр топ өз құсына қатысты ассоциация құрып, ол туралы не білетінін айтады.

1-топ

Қарлығаш

2-топ

Көгершін

3-топ

Аққу

4-топ

Бұлбұл

Ой қозғау: «Құстар туралы не білеміз?»

Оқушылар сызба арқылы құстар жайлы білетін мәліметтерін жүйелейді (ерекшелігі, мекені, қорегі, пайдасы, қорғау жолдары).

Мағынаны тану: негізгі түсініктер

Құстар — жануарлар әлеміндегі ең кең тараған топтардың бірі. Құстарды зерттейтін ғылым орнитология деп аталады.

Түрлері

Құстар үй құстары және жабайы құстар болып бөлінеді.

Адамға пайдасы

  • Зиянкестермен күреседі.
  • Еті мен жұмыртқасы — тағам.
  • Мамығы мен қауырсыны тұрмыста қолданылады.

Қорғау

Құстар — табиғаттың көркі әрі біздің досымыз. Сирек кездесетін түрлері Қызыл кітапқа енгізілген. Құстарды қажетсіз атуға, ұстауға болмайды.

Оқулықпен жұмыс

Оқулықтағы мәтін оқылып, мазмұны талданады: негізгі ой, жаңа терминдер, қорытынды пікірлер анықталады.

Дәптермен жұмыс: дәлелдеу тапсырмасы

Инелік, жарғанат, тасбақа құстарға жатпайтынын дәлелдеңіз:

  • Инелік — бунақденелілер тобына жатады.
  • Жарғанат — сүтқоректілер тобына жатады.
  • Тасбақа — жорғалаушылар тобына жатады.

Сергіту сәті

Ептеп-ептеп жерден бидай терейік,

Тергеніңді торғайларға берейік.

Торғай, торғай, томпаң-томпаң секірсін,

Ол да біздей үлкен болып жетілсін.

Шаршадың ба, отыра ғой, деміңді ал,

Енді менің әңгімеме құлақ сал.

Ойын: «Ұшты-ұшты»

Қимыл-қозғалыс ойыны арқылы құстарды басқа жануарлардан ажырату және зейінді дамыту.

Топтық тапсырмалар

Сынып 4 топқа бөлініп, әр топ өз тапсырмасын орындайды, кейін қорғайды.

1-топ

Құстарға сипаттама беру (сыртқы белгілері, тіршілігі, мекені).

2-топ

Жыртқыш құстардың жемін қалай аулайтынын түсіндіру.

3-топ

Ұясын шалғынға немесе бұта басына салатын құстарды атау және мысал келтіру.

4-топ

Үй құстары мен жабайы құстарды салыстыру (ұқсастықтары мен айырмашылықтары).

4) Бекіту және қорытынды

Сабақты қорытындылау үшін «Ыстық орындық» ойыны ұйымдастырылады. Оқушылар сұрақтарға жауап беріп, негізгі ұғымдарды бекітеді.

Жұмбақтар

  1. Ала шапан киеді, қыпылықтап жүреді. Секектеп бір тұрмайды, өреден құрт ұрлайды. Қалдықты жеп тауысқан аты оның — сауысқан.

  2. Ағашқа жабысып тұрады, тұмсығын аямай ұрады — тоқылдақ.

  3. Қос қанатын иіп ап, жарға келіп қонады. Қара киім киіп ап, балшықтан үй соғады — қарлығаш.

  4. Еркін самғап ұшсын деп, мәпелейміз, баптаймыз. Бейбітшілік құсы деп қай құсты мақтаймыз? — көгершін.

  5. Қызығып әр адам ұстап ап даладан, жүнімді жұлып ап бесікке қадаған — үкі.

  6. Тұмсығында суы бар — бұл қай құс, тауып ал? — бірқазан.

  7. Сөз үйретсең қайталайды, өздігінен айта алмайды — тоты.

  8. Бұрап қойған сағаттай айғайлайды сағаттай — әтеш.

Бағалау

Оқушылардың жауаптары, топтық жұмысқа қатысуы және дәлелдеу тапсырмасын орындауы бойынша бағаланады.

Үй тапсырмасы

Құстар туралы оқулық мәтінін қайталау, таңдаған бір құсқа қысқаша сипаттама жазу (мекені, қорегі, пайдасы, қорғау).

Сабақты аяқтау

Жақсы тілектер айту арқылы сабақ қорытындыланады.

Негізгі ой

Құстар — табиғаттың ажары әрі адамға пайдасы мол тіршілік иелері. Оларды қорғау — әрқайсымыздың міндетіміз.