Әдемі екен, ата

Өмірдің мәні неде?

Бағзы заманда бір адам өмірдің мақсатын білмекке ынтығып, көп ойға шомады. Олай ойлайды, бұлай ойлайды — бірақ санасын торлаған сауалға нақты жауап таба алмайды.

Содан ол бұл сұрақты көрген-білген жандарынан сұрай бастайды. Алайда ешкімнен тұщымды жауап шықпайды. Ауылдарды аралап, көрші қалаларды кезіп: «Маған өмірдің мақсатын айтып беріңдерші», — деп қайта-қайта сұрастырады. Жауаптар қанша жақсы болса да, бірде-бірі көңілін толық қанағаттандырмайды.

Ақыры «Е-е, мұның жауабы жоқ шығар» деп, күдерін үзе бастаған шақта бір кісі оған: «Сонау таудың арғы жағында көп жасаған бір қария бар. Бұл сұрақтың жауабын біреу білсе, сол кісі біледі. Соған барып көр» — деп жөн сілтейді.

Қарияның сынағы

Жолаушы айтылған жерге жетіп, ақсақалға арнайы келген себебін айтады. Қария сабырмен: «Шырағым, жауабыңды беремін. Бірақ алдымен сені кішкентай бір сынақтан өткізейін. Көнесің бе?» — дейді.

Әлгі адам: «Әрине көнемін. Сол үшін ел кезіп, жер кезіп жүрмін ғой. Айтыңыз, сынағыңыз қандай?» — деп жауап береді.

Сонда қария оның қолына бір қасық ұстатады да, ернеуіне дейін зәйтүн майын толтырып құяды: «Енді осы қасықты ұстап, мына бақшаны бір айналып кел. Бірақ абай бол: бір тамшы май төгілсе, сынақтан құладың» — деп ескертеді.

Бір тамшы төгілмеген май — бірақ көрінбеген көркемдік

Жолаушы келіскен күйі бақшаны айналып шығады. Біраз уақыттан соң қайтып келеді. Қария: «Қалай, майды төгіп алған жоқсың ба?» — деп сұрайды.

«Жоқ, бір тамшысы да төгілген жоқ» — дейді жолаушы.

Қария тағы сұрайды: «Ендеше айтшы, бақшаның гүлдері әдемі ме екен?»

Жолаушы дағдарып: «Ата-ау, оны қайдан білейін? Бар ойым қасықта болды ғой» — дейді.

Сонда қария: «Онда бақшаны тағы бір айналып шық. Бұл жолы маған оның көркемдігін айтып кел» — деп жібереді.

Көркемдікті көрген сәт — бірақ төгілген май

Жолаушы бақшаны қайта айналып келеді де: «Әдемі екен, ата. Өте әдемі екен» — деп тамсанады.

Данышпан қарт сәл ғана жымиып: «Ал қасықтағы майың не болды?» — дейді.

Қараса — қасықта бір тамшы май да қалмапты.

Өмірлік сабақ

Қария сөзін түйіндеп: «Қарағым, жақсылап тыңдап ал. Бұл өмірдің мәні сенің оған қалай қарайтыныңа байланысты өзгеріп отырады» — дейді.

  • Кейде өмір бойы бір ғана нәрсеге қадалып, өзіңнің қартайып қалғаныңды да байқамай қалуың мүмкін.
  • Ал кейде бұл дүниенің барлық ғажайыбына таңырқап, Жаратушының шеберлігіне сүйсініп жүріп, уақыттың қалай өтіп жатқанын елемей қалуың мүмкін.

«Біле білсең, өмірдің мәні — сенің көзқарасыңда», — дейді данагөй қария.

Асылбек Әуезханұлы Дереккөз: islam.kz