Отаныңның баласы бол
Әдептілік — әдемілік
Сынып сағатына қош келдіңіздер! Бүгінгі әңгімеміздің өзегі — әдептілік пен ізеттілік. Жақсылық тілеп, жақсы сөз айту — жүректі жұмсартып, ортаға жылылық сыйлайды.
«Шаттық шеңбері»: бір-бірімізге ізгі тілек айтайық
- Денің сау болсын!
- Ұқыпты бол!
- Батыл бол!
- Кішіпейіл бол!
- Ізетті бол!
- Әдепті бол!
- Ақылды бол!
- Білімді бол!
- Сүйкімді бол!
- Қазақтың баласы бол!
- Отанның баласы бол!
- Еліңе қорған бол!
- Арманшыл бол!
- Әжеңнің шуағы бол!
- Атаңның ұрпағы бол!
- Өнерлі бол!
- Биші бол!
- Әнші бол!
- Өнерің өрге жүзсін!
- Нұр жаусын!
- Мерейің үстем болсын!
- Білім беріп, жақсылыққа тәрбиелегендеріңіз үшін рақмет!
Балалар, бір-бірімізге денсаулық тілеп, жақсылық жасасақ, ол өзімізге де жақсылық болып қайтады.
Абайдың өсиеті: өз орныңды тап
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан.
Абай атамыз айтқандай, кішіге мейірімді, досқа қайырымды, еңбексүйгіш, шыншыл әрі қамқор болсақ, өсе келе ата-анаңның да, Отанның да мақтанышы боласың.
«Жалғастыр» ойыны
Болмайды
- Үлкендердің алдынан кесіп өтуге болмайды.
- Кішкентай баланы жылатуға болмайды.
- Құстарды атуға болмайды.
- Қыз баланы ренжітуге болмайды.
- Сабақтан кешігуге болмайды.
- Сыныпта айғайлауға болмайды.
Керек
- Үлкен кісіні сыйлау керек.
- Үлкеннің тілін алу керек.
- Үлкендерге сәлем беру керек.
- Кішілерге қамқор болу керек.
- Оқу құралдарын күтіп ұстау керек.
- Тәртіпті болу керек.
Қорытынды ой
Әдептілік — адамды көріктендіретін асыл қасиет. Жақсы сөз айтып, жақсы іс жасай білсек, айналамызға нұр шашып, өз өмірімізді де мағыналы етеміз.