Өнерлі өрге жүзер

Қыз еркем, өнерімен көркем

Бұл кештің өзегі — Аналар мерекесіне орай аналарға, ұстаздарға және қыздарға құрмет көрсету. Сонымен бірге қазақ қыздарына тән адамгершілік пен қайырымдылықты жүрекке сіңіруге жағдай жасау, сөйлеу мәнерін және ойлау қабілетін дамыту, сабырлылыққа, парасаттылық пен білімдарлыққа баулу көзделеді. Халқымыздың салт-дәстүрі мен өнегелі нақыл сөздерінің асыл қазына екенін оқушы санасына жеткізу — басты мақсаттардың бірі.

Мақсаты

  • Аналарға, ұстаздарға және қыздарға құрмет көрсету.
  • Қазақ қыздарына тән адамгершілік пен қайырымдылықты дәріптеу.
  • Сөйлеу мәнерін, ойлау қабілетін дамыту.
  • Сабырлылыққа, парасаттылық пен білімдарлыққа баулу.
  • Салт-дәстүр мен өнегелі сөздің құндылығын ұғындыру.

Көрнекілігі

  • Үнтаспа
  • Суреттер
  • Өнегелі сөздер

Үнтаспадан тыңдалады: «Ана, Ана, Ана…»

Ана туралы ой

«Ана» деген сөздің өзі адамға қандай күш береді! Дүниеде ананың мейіріміне, аялы алақанына не жетеді?! Дүниеге келіп, көзіңді ашып көретінің — Ана.

Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бауырына басып, біз үшін жанұшыра шырылдайтын да — Ана. Тек жақсылық тілейтін де — Ана. Ана — біз үшін пана, дара, дана тұлға.

Ана дегенде сөзге келмейтін тіл, лүпіл қақпайтын жүрек, мөлтілдемейтін жанар жоқ. Балаға анадан артық, анадан қымбат жан жоқ.

Әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын, сұм соғыстың болмауын, қызыл гүлдің солмауын тілейді.

Халық арасында: «Меккеге анаңды үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңды өтей алмайсың» деген сөз бар. Бұл — ананың қадірін адамзатқа ұғындырған терең тәмсіл.

Өлең жолдары

Орасақ та жәннат ішік, құндызға,
Баласақ та айға, күнге, жұлдызға,
Ана соның бәрінен де ардақты,
Одан асқан құдірет жоқ ұл-қызға.

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші

Сәлеметсіз бе, қасиетті аналарым!
Бойға жиған ұлтымыздың салттарын.
Өздеріңіздей ұлағатты болуға
Өсиетіңізді жүрегімде сақтармын.

2-жүргізуші

Жүрегі — күн, жаны — нұр, жүзі — шапақ.
Ана — мақтан, ана — өмір, ана — атақ.
Ана — дәуір, ана — абырой, ана — жауһар,
Олармен күн кешудің өзі ғажап!

Құттықтау

Құрметті қонақтар, аналар, ұстаздар және әсем қыздар! Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын, жанұяларыңыз бақытқа толсын!

Ән шашу: «Анаға»

Жыр шумақтары

Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді жас сәби де жарқылдап.
Ана деген — бәйтерегі өмірдің,
Ана деген — алтын қазық, алтын бақ.

Ана деген — асыл жандар болаттай,
Ана деген — мөлдір жандар бұлақтай.
О, адамдар, қадірлей біл ананы,
Жат қылыққа ақыл-ойды тонатпай.

Жыр жалғасы

Ана десем сезім билер тым ыстық,
Жарасымды адамдарға туыстық.
Бар адамға берсе ананың мейірін,
Орнар еді бар әлемге тыныштық.

Ана десем — шешек атып жанары,
Өмірімнің бастау алар жаңа әні.
Ана деген тіршілікке пана боп,
Әрбір үйде жұлдыз болып жанады.

Сайыс: «Қыз еркем, қылығымен көркем»

Кештің ашылуы

Құрметті жиналған қауым! Бүгін біз аналарымыз бен қыздарымызды мерекелерімен құттықтап, әсем қыздарымыз дайындаған «Қыз еркем, қылығымен көркем» атты сайысты бастаймыз.

Бүгін біздің сыныпта дүбірлі той,
Ден қойып тыңдаңыздар — көңілді ғой.
Жырдан шашу шашылсын, күй күмбірлеп,
Қош келдіңіздер, халайық, сергісін бой.

Сайыста бақ сыналар, бап сыналар,
Бас жүлдені өнерлі, тапқыр алар.
Кім өнерлі, кім тапқыр — шешу қиын,
Қазылар алқасы болмаса, сын қалар.

Ендеше, әділқазылар алқасымен таныс болайық.

Сайыс бөлімдері (5 бөлім)

  1. Өзін таныстыру
  2. Салт-дәстүрді білесің бе?
  3. Өнерлі өрге жүзер
  4. Мен анамның көмекшісімін
  5. Көрермен көзайымы

Қатысушыларды қарсы алу

Мың бұралған арулар аңдап басып,
Келеді міне ортаға толқып-тасып.
Аруларын сыйлаған халқым менің,
Қошеметпен аруларды қарсы алайық.