Қандай бала

Сабақтың барысы

Балалар, бүгінгі тәрбие сағатымыз ерекше өтеді: сабақтағы алғырлықтарың мен тапқырлықтарыңды байқау үшін сыныбымызға қонақтар келіп отыр. Қане, барлығымыз өз ойымызды қысылмай ортаға салайық.

Көрініс: «Жаман әдетке жол жоқ»

Ербол: Асқар, екеуміз доспыз ғой, иә?

Асқар: Иә, доспыз.

Ербол: Ешкімге айтпа, менде керемет нәрсе бар.

Асқар: Ол не?

Ербол: Міне, қарашы. (қалтасынан темекі көрсетеді)

Асқар: Ол не болғаны? (шошынып) Қайдан алдың?

Ербол: Әкемнен білдірмей алдым.

Асқар: Әкеңнен? Неге аласың? Темекі — жаман нәрсе, денсаулыққа зиян.

Ербол: Онда не болыпты? Әкем неге тартады?

Асқар: Досым, әкең жас кезінде темекіге әуестенген. Қазір сол қателігін түзете алмай жүр.

Ербол: Дегенмен бір тартып көрсек қайтеді?

Асқар: Жоқ. Мұндай әдеттен аулақ болғанымыз дұрыс. Әйтпесе өзімізге зиян. Одан да ойынымызды жалғастырайық.

Шаттық шеңбері

Жақсылықтан үйреніп,
Боламыз біз жақсы адам.
Жамандықтан жиреніп,
Үлгі аламыз жақсыдан.

Жақсы тілектер

  • Қайырлы күн!
  • Сабағымызды жақсы оқиық!
  • Әрқашан күніміз сөнбесін!
  • Аспанымыз ашық болсын!
  • Аман болайық!
  • Деніміз сау болсын!
  • Бәріміз дос болып, тату болайық!

Мақал-мәтелдер мен өлең

Мақал-мәтелдер

Үлкенді сыйласаң, елге сыйлы боласың.

Миржан

Әдептілік белгісі — иіліп сәлем бергені.

Азизбек

Үлкенге құрмет, кішіге ізет.

Жұлдыз

«Жақсы болу — өзіңнен»

Жақсы болу — өзіңнен,
Жаман болу — өзіңнен.
Өзіңді өзің ая да,
Өзің үйрен өзіңнен.

Жамандық көрсең біреуден —
«Мен қандаймын?» деп ойла.
Жақсылық көрсең біреуден —
«Мен қандаймын?» деп ойла!

Әдептілік: амандасу мәдениеті

Бір-біріне ізгі лебіз білдіру сәлемдесуден басталады. «Сәлем — сөздің анасы» дейді халқымыз. Сәлемнің мағынасына мән беру — әдептілік пен адамгершіліктің алғашқы баспалдағы.

Амандасудың ережелері

Сабрина: Таныс адам алыс жерден келсе, оған барып амандасқан жөн.

Исмайл: «Ассалаумағалейкум» деп амандасқанда қолғапты шешкен дұрыс.

«Ізгі сөздер» өлеңі

Ұл-қыз сәлем береміз,
Өнегелі өренбіз.
Білер қазақ баласы:
Сәлем — сөздің анасы.

Қозғалмалы ойын: «Автобустағы әдеп»

Ойын барысында балалар автобустағы жағдаятты сахналайды: жүргізуші, бірнеше жолаушы және әже рөлі. Әже базарға алма алуға барады, автобусқа мінгенде оған ешкім орын бермейді.

Талқылау сұрағы

Бұл көрініс дұрыс па, әлде бұрыс па? Неліктен?

  • Үлкен кісіге міндетті түрде орын беру керек.
  • Сәлемдесу — құрметтің белгісі.
  • Орныңнан тұрып: «Сіз отырыңыз» деп ұсыну қажет.

«Не деу керек?» өлеңі

Апаң сенің базардан,
Алма сатып әкелді.
Ең үлкенін, жақсысын,
Саған таңдап әперді.
Не деп барып жеу керек?
— Рахмет, сізге деу керек.

Сергіту сәті

Кәне, балалар, орнымыздан тұрып, бой сергітіп алайық.

Бала, бала, балақан,
Қане, қайсы алақан?
Саусақтарың әйбәт,
Былай-былай ойнат.

Күндей жайнап алақан,
Қолымызда жалау бар.
Жалауымыз жайнап,
Би билейміз ойнап.

Қонақ: «Әдемі қыз» және тапсырмалар

Сыныпқа қонаққа бастауыш сынып оқушысы — Әдемі қыз келеді. Ол балаларға суреттер арқылы тапсырмалар ұсынады: жақсы әдеттерді қызыл қалташаға, жаман әдеттерді қара қалтаға орналастыру.

Суреттер бойынша талдау

Жағдаят 1

Ұл мен қыз ағаш отырғызып жатыр. Бұл — жақсы іс.

Қызыл қалташа: жақсы әдет

Жағдаят 2

Бала отырғызылған ағашты сындырып жатыр. Бұл — жаман әрекет.

Қара қалта: жаман әдет

Жағдаят 3

Бала ағашқа шығып, құстың ұясын бұзып жатыр. Бұл — жаман қылық.

Қара қалта: жаман әдет

Жағдаят 4

Бала құстарға ұя жасап, талға іліп қойды. Бұл — қамқорлық.

Қызыл қалташа: жақсы әдет

Үйде көмектесу — ізеттілік

Әдемі қыздың екінші тапсырмасы: «Ата-анаңа қалай көмектесесің?» — деген сұраққа жауап беру.

Жарас: Үлкеннен бұрын сөйлемеу, алдын кеспей құрметтеу керек.

Айнұр:
Кім үлкенді сыйласа,
Кім үлкенді тыңдаса,
Үлкен болған кезінде,
Сыйлы болмақ өзі де.

Гүлжайна:
Апам үшін күнде мен,
Отын-ағаш жарамын.
Су құямын гүлге де,
Дүкенге де барамын.

Амина:
Сыпырамын үй ішін,
Жуам ыдыс-аяқты.
Апам бірақ мен үшін,
Оқымайды сабақты.

Әдемі қыз: Сендер өте тәрбиелі екенсіңдер: жақсы мен жаманды ажырата білесіңдер, үлкенді сыйлайсыңдар. Рахмет!

Қорытынды ой

Жақсы бала қандай?

  • Таза жүректі, әдепті.
  • Үлкенді тыңдайтын, құрметтейтін.
  • Кішіге қамқор, мейірімді.

Үміт:
Жақсылыққа құштармыз,
Жақсы адам болып шығамыз.
Таза сәби жүректен,
Қабылдаңыз мың алғыс.

Көліктегі әдеп

Қоғамдық көлікте егде адамдарға орын береміз, сәлемдесеміз, құрмет көрсетеміз. Ұл балалар аталарды көргенде «Ассалаумағалейкум» десе, апа-әже, апайларды көргенде «Сәлеметсіз бе?» дегені дұрыс.

Әдеп — күнделікті өмірдегі ұсақ әрекеттерден көрінеді: орын беру, алғыс айту, көмектесу, сыпайы сөйлеу.

Абайдың өсиеті

Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол.
Адам болам десеңіз,
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ —
Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым — ойлап қой.

Осы нақылды мәңгі есімізде сақтайық: жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренейік. Әрқашан білімге ұмтылып, еңбекқор болып, өтірік айтпай, мақтаншақ болмай, тәрбиелі азамат пен азаматша болып өсейік.