Судың еріткіш қасиетін түсіндіру, тәжірибелер арқылы суда еритін және ерімейтін заттар туралы мәлімет беру

Қарабау орта мектебі

Химия пәні мұғалімі: Қабиден Құндыз · 8-сынып

Су — табиғи әмбебап еріткіш

Бұл сабақта сулы ерітінділер мен жүзгіндер (суспензиялар), сондай-ақ қоспаларды бөлу тәсілдері қарастырылады. Сонымен бірге судың тірі ағзалар үшін маңызы және су мен ерітінділердің табиғатта, өндірістің түрлі салаларында және ауыл шаруашылығында қолданылуы талданады.

Сабақтың мақсаты

Судың еріткіш қасиетін түсіндіру және тәжірибелер арқылы суда еритін және ерімейтін заттар туралы түсінік қалыптастыру.

«Ерітінді» және «ерігіштік» ұғымдарының мәнін ашып, олардың өнеркәсіп пен халық шаруашылығындағы орнын көрсету.

Күтілетін оқу нәтижелері

  • Қандай заттардың суда еритінін, қандай заттардың суда ерімейтінін анықтай алады.
  • Судың адам өміріндегі маңызын түсінеді.
  • Танымдық қабілеті дамиды: бақылау, салыстыру, қорытынды жасау дағдылары нығаяды.
  • Суды ластамау және суды үнемдеп пайдалану қажеттігін ұғынады.

Сабақ барысы

Ұйымдастыру

2 минут
  • Оқушылармен амандасу.
  • Сыныпты түгендеу, оқушыларды топтарға бөлу.

Үй тапсырмасы

10 минут

1-топ

Табиғаттағы су. Судың физикалық қасиеттері.

2-топ

Судың құрамы. Судың химиялық қасиеттері. Қолданылуы.

Екі топ су туралы мақал-мәтелдер айтып, қысқа сайыс өткізеді.

Негізгі бөлім: тәжірибе және түсіндіру

15 минут

Тәжірибе (1-топ)

Суда қант ерігенде қандай құбылысты байқадыңдар?

Қант суда ериді де, біртекті ерітінді түзеді.

Тәжірибе (2-топ)

Суда гипс ерігенде қандай құбылысты байқадыңдар?

Гипс суда нашар ериді, сондықтан ерітінді толық мөлдір болмайды немесе тұнба қалуы мүмкін.

Су — еріткіш. Көптеген заттар суда ериді және ерітінді түзеді. Ерітінді — еріткіш пен еріген зат бөлшектерінен тұратын, өзара физика-химиялық әсерлесетін жүйе.

Дегенмен, тәжірибеден көргендей, барлық заттар суда бірдей жақсы ери бермейді. Мысалы, суға бор салсақ, оның ерімейтінін байқаймыз. Сондықтан бір заттың екіншісіне қарағанда қаншалықты еритінін сипаттау үшін ерігіштік ұғымы қолданылады.

Негізгі ұғымдар

Ерігіштік — белгілі температурада заттың еріткіште еру қабілетін сипаттайтын шама. Ерігіштіктің сандық мәні ерігіштік коэффициенті арқылы беріледі: ол ерітінді түзген зат массасының еріткіш көлеміне қатынасына тең.

Өлшем бірліктері: г/см³, г/мл.

Берілген температурада ерітінді әлі де затты еріте алса — қанықпаған, ал еріту мүмкін болмаса — қаныққан ерітінді деп аталады.

Ерітінділерді ерігіштігіне қарай жіктеу

Е — жақсы еритін

100 г суда 10 г-нан артық ерісе

АЕ — аз еритін

100 г суда 1 г-нан кем ерісе

ЕМ — ерімейтін

100 г суда 0,01 г-нан кем ерісе

Бұл жіктеуді түсіндіру үшін ерігіштік кестесімен жұмыс жүргізіледі.

Температураның әсері

Көптеген қатты заттар үшін температура артқан сайын ерігіштік те артады. Бұл құбылыс тұздардың ерігіштік қисықтары арқылы түсіндіріледі.

Сұйықтардың еруі: спирт пен май

Стакандағы суға өсімдік майы мен этил спиртін құямыз:

  • Этил спирті суда шексіз ериді (біртекті қоспа түзеді).
  • Өсімдік майы суда ерімейді, тек эмульсия түзуі мүмкін.

Газдардың еруі: қысым мен температура

Газ күйіндегі заттардың ерігіштігі қысым мен температураға тәуелді:

  • Қысым артқан сайын газдардың ерігіштігі артады.
  • Температура артқан сайын газдардың ерігіштігі кемиді.

Бұл қасиет газды сусындар өндірісінде қолданылады: көмірқышқыл газы (CO₂) жоғары қысымда сусынға жақсы ериді. Бөтелкенің қақпағын ашқанда естілетін пысылдаған дыбыс — қысым төмендеп, еріген газдың бөлініп шыққанын көрсетеді.