Қол гранаттары

Сабақ туралы мәлімет

Бұл сабақ қол гранаталарының түрлері, арналуы, құрылысы, қолдану тәртібі және қауіпсіздік талаптары туралы түсінік қалыптастыруға арналған.

Уақыты
45 минут
Өткізілетін орны
АӘД бөлмесі
Көрнекіліктер
АӘД оқулығы, плакаттар
Сабақ құрылымы
Ұйымдастыру · Қайталау · Негізгі бөлім · Қорытынды

Сабақтың мақсаты

  • Оқушыларды РГД-5, РГН, РГО және Ф-1 қол гранаталарымен таныстыру.
  • Ойлау қабілеттерін дамыту.
  • Отанды, елді, жерді, халықты сүюге және Отан қорғауға тәрбиелеу; патриоттық сезімді қалыптастыру.

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру кезеңі (5 минут)

Взвод командирі оқушыларды сапқа тұрғызады, оқытушыға рапорт береді. Амандасу жүргізіледі, түгендеу жасалады, оқушылардың сыртқы келбеті тексеріледі.

Өтілген тақырыпты сұрау (10 минут)

  • Атысты жүргізуде қандай тәсілдер қолданылады?
  • Автоматтың көздеуіші мен нысана көздеуіші қалай қойылады?
  • Автоматтан және пулеметтен ату кезінде көздеуге арналған тегіс қарауыл туралы айтыңдар.
  • Атыс жүргізу кезінде автоматты (пулеметті) орнықтырудың қандай тәсілдерін білесіңдер?

Қорытынды бөлім (5 минут)

Сабақты бекіту үшін сұрақтар мен тапсырмалар орындалады.

  • Жарықшақты қол гранаттары не үшін арналған?
  • ҚР ҚК қарулануында қол гранаттарының қандай түрлері бар?
  • РГД-5 жарықшақты қол гранатасының ұрыстық қасиеттерін атаңдар.

Негізгі бөлім (25 минут): Қол гранаталары

Жарықшақты қол гранаталары жақын ұрыста қарсыластың тірі күшін жарықшақтарымен жоюға арналған. Қазақстан армиясының қарулануында РГД-5, РГН, РГО және Ф-1 гранаталары қолданылады.

Жіктелуі

Жарықшақтардың ұшу қашықтығына байланысты гранаталар шабуылдағы және қорғаныстағы болып бөлінеді.

  • Шабуылдағы: РГД-5, РГН
  • Қорғаныстағы: Ф-1, РГО

Ескерту

Тұтандырғыштар әрқашан ұрыстық күйде болады. Тұтандырғыштарды бөлшектеуге және соққы механизмінің жұмысын тексеруге қатаң тыйым салынады.

РГД-5: арналуы және ұрыстық қасиеттері

РГД-5 — арақашықтықта әрекет ететін жарықшақты қол гранатасы. Шабуылда да, қорғаныста да қарсыластың тірі күшін жоюға арналған. Гранат лақтыру таяу ретте қимыл жасауда, сондай-ақ сауытты транспортерде әртүрлі жағдайларда орындалуы мүмкін.

Жарықшақ радиусы
шамамен 25 м
Орташа лақтыру қашықтығы
40–50 м
Жабдықталған массасы
310 г
Бәсеңдеткіш жану уақыты
3,2–4,2 с

РГД-5 гранатасының құрылысы

  • Корпус (тұтандырғышқа арналған түтікшесі бар): жарылыс кезінде жарықшақтардың түзілуін қамтамасыз етеді.
  • Жарылатын заряд: корпусты толтырады және жарылыс әсерін береді.
  • Тұтандырғыш: зарядты жаруға арналған.

Корпус екі бөліктен тұрады: жоғарғы бөлік (қалпақша) және төменгі бөлік (табан). Жоғарғы манжет арқылы тұтандырғыш түтікшесі жалғанады; түтікше тұтандырғышты қосуға және зарядты герметизациялауға қызмет етеді.

Тұтандырғыштың негізгі тораптары

Тұтандырғыш соққы механизмінен және өздігінен тұтандырғыштан тұрады.

Соққы механизмі

  • Соққы механизм түтігі (негізгі жинақтау бөлігі)
  • Жалғастырушы тығын (гранат корпусымен жалғайды)
  • Бағыттаушы шайба (серіппеге тіреу, қозғалысты бағыттайды)
  • Ұрыстық серіппе (энергия береді)
  • Соққыш және соққыш шайбасы (капсюль-оталғышты тұтатады)
  • Ағытқыш иінтірек және сақиналы сақтандырғыш мұрындық (қауіпсіз ұстап тұрады)

Өздігінен тұтандырғыш

  • Баяулатқыш тығыны
  • Капсюль-оталғыш
  • Баяулатқыш (от сәулесін береді)
  • Капсюль-детонатор (зарядты жарады)

Лақтыру кезіндегі жұмысы (рет-ретімен)

  1. Гранатаны сөмкеден алып, түтікшенің тығынын бұрап шығарып, орнына тұтандырғышты соңына дейін бұрап орнатады.
  2. Гранатаны қолда ұстап, ағытқыш иінтіректі корпусқа қысады; иінтіректі жібермей сақтандырғыш мұрындықты жұлып алады.
  3. Граната лақтырылған сәтте ағытқыш иінтірек ажырап, соққыш босайды.
  4. Соққыш серіппенің әсерімен капсюль-оталғышқа соғып, оны тұтатады.
  5. От жалыны баяулатқыш арқылы өтіп, капсюль-детонаторға беріледі.
  6. Капсюль-детонатор жарылып, негізгі зарядты жарады; корпус пен тұтандырғыш жарықшақтары жан-жаққа шашырайды.

Ф-1: арналуы және ұрыстық қасиеттері

Ф-1 — арақашықтықта әрекет ететін жарықшақты қол гранатасы. Көбіне қорғаныс шайқасында қарсыластың тірі күшін жоюға арналған. Оны әртүрлі жағдайдан, тасадан, сауытты транспортерден немесе танкіден лақтыруға болады.

Жарықшақ радиусы
шамамен 200 м
Орташа лақтыру қашықтығы
35–45 м
Жарақталған массасы
600 г
Бәсеңдеткіш жану уақыты
3,2–4,2 с

Ф-1 гранатасының құрылысы

Ф-1 гранатасы корпустан, жарылғыш зарядтан және тұтандырғыштан тұрады. Корпусы шойыннан жасалған, бойлық және ендік ойықшалары бар; әдетте, жарықшақтарға осы ойықшалар арқылы бөлшектенеді.

Корпустың жоғарғы бөлігінде тұтандырғышты бұрап енгізуге арналған бұрандалы ойық болады. Сақтау, тасымалдау және алып жүру кезінде оған пластмасса тығын бұралады. Арналуы мен жалпы құрылысы жағынан Ф-1 гранатасы РГД-5 гранатасына ұқсас.

Қолдану, күту және сақтау тәртібі

Жеткізу және таңбалау

Гранаталар әскери бөлімдерге ағаш жәшіктермен жеткізіледі. Жәшіктің ішінде гранаталар, ал тұтандырғыштар мен қосымша бөлшектер жеке металл қораптарға салынады. Қораптарды ашуға арналған арнайы пышақ қарастырылады.

Жәшіктің қақпағы мен қабырғаларындағы таңбаларда гранаталар саны, массасы, атауы, зауыт нөмірі, партия нөмірі және шығарылған жылы көрсетіледі.

Тасымалдау және қарау

  • Гранаталар граната сөмкесінде тасымалданады.
  • Тұтандырғыштар гранаталардан бөлек сақталады; қағазға немесе таза шүберекке оралуы тиіс.
  • Сөмкеге салмас бұрын және жарақтар алдында корпуста майысу мен таттың жоқтығын тексеру қажет.
  • Алып жүру кезінде соққыдан, итерілуден, оттан, балшықтан және ылғалдан қорғау керек.
  • Гранатаны тек лақтырудың дәл алдында ғана жарақтауға рұқсат етіледі.

Қауіпсіздік шаралары (ұрыстық гранатаны лақтыруға үйрену)

  1. Үйренуші міндетті түрде болат дулыға киюі керек.
  2. Гранаталар мен тұтандырғыштарды оқтау (жарақтау) алдында тексеру қажет; ақау табылса, командирге дереу баяндау керек.
  3. Қорғаныстағы және танкіге қарсы гранаталарды лақтыру офицердің жетекшілігімен, жарықшақ өтпейтін тасалардан немесе оқпаналардан жүргізіледі.
  4. Бір үйренуші бірнеше граната лақтырса, әр келесі гранатаны алдыңғы граната жарылғаннан кейін кемінде 5 секунд өткен соң ғана лақтыру керек.
  5. Егер граната лақтырылмаса (сақтандырғыш мұрындық жұлынбаса), оны тек командирдің тікелей бақылауымен және пәрмені бойынша оқсыздандыруға болады.
  6. Жарылмаған гранаталардың есебін жүргізіп, түскен орындарын қызыл жалаумен белгілеу қажет. Лақтыру аяқталған соң жарылмаған гранаталар белгіленген нұсқаулықтарға сәйкес, түскен жерінде жойылады; ұйымдастыруды бөлімше командирі қамтамасыз етеді.
  7. Қол гранаталарын лақтыру ауданы кемінде 300 м радиуста қоршалуы тиіс.
  8. Лақтыруға қатыспайтын жеке құрам атыс шебінен қауіпсіз жерге әкетіледі.
  9. Лақтыруға арналған бастапқы орын ақ жалаулармен, ал атыс шебі қызыл жалаулармен белгіленеді.
  10. Гранаталар мен тұтандырғыштарды беру пункті бастапқы орыннан 25 м қашықтықта жабдықталады.