Әшекей бұйымдарды ата
Фольгадан әшекейлі бұйымдар жасау
Бұл сабақта оқушылар фольга материалының ерекшеліктерімен танысып, қатырма қағаз бен фольга арқылы қапсырма (киім ілгегі) жасаудың жолдарын үйренеді. Сабақ барысы сұрақ-жауап, түсіндіру және өз бетінше жұмыс арқылы ұйымдастырылады.
Білімділік
Фольга туралы түсінік беру, қапсырманың үлгісімен таныстыру және жасалу кезеңдерін меңгерту.
Дамытушылық
Еңбекке баулуды күшейту, фольгадан әшекей бұйымдар жасауға қызығушылықты арттыру.
Тәрбиелік
Қолөнерге ынталандыру, өз қолымен жасауды үйрету арқылы эстетикалық тәрбие беру.
Сабақ форматы
Сабақ түрі
Аралас сабақ.
Әдістер
- Сұрақ-жауап
- Әңгімелеу
- Түсіндіру
- Өз бетінше жұмыс
Көрнекіліктер
- Оқулық
- Интерактивті тақта
- Қолдан жасалған қапсырма үлгілері
Құрал-жабдықтар
- Қатырма қағаз
- Қайшы
- Фольга
- Қарындаш
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылардың жұмыс орны мен құрал-жабдықтарын түгелдеу, қауіпсіз және ұқыпты жұмыс істеуге бағыттау.
II. Үй тапсырмасын тексеру және бағалау
Өткен тақырыпты пысықтау мақсатында сұрақ-жауап әдісі қолданылады.
- 1 Шеберлер алқаны неден жасайды?
- 2 Алқа жасауға қандай жіп түрін қолданған дұрыс?
- 3 Білезік неден жасалады және ол қандай бұйым?
- 4 Білезік жасағанда қандай материалдар мен құралдар пайдаланылды?
Жаңа сабақ
Тақырып: фольгадан әшекейлі бұйымдар жасау (қапсырма үлгісі).
Ой қозғау сұрақтары
- Фольга дегеніміз не?
- Фольганың қандай түрлері болады?
- Фольга материалын қайдан аламыз?
«Зергер адам — зерделі адам»
Сан ғасырдың сарабынан өтіп, бізге қаймағы бұзылмай жеткен қастерлі қолөнердің салалары көп. Солардың ішінде түрі мен мән-мазмұны жағынан аса бай, шоқтығы биік өнердің бірі — зергерлік. Зергерлік туындыларды зерттей келе, оның күрделі, қиын, бірақ қызығы мол екеніне көз жеткіземіз.
Қас шебердің қолынан шыққан қару-жарақ, ер-тұрман, ат әбзелдері, тұрмыста қолданылатын мүліктер мен сәндік әшекейлер — бәрі де шынайы өнер туындысы. Қазақ зергерлері әсіресе әйелдердің сәндік әшекей бұйымдарын асқан шеберлікпен, зор талғаммен жасай білген.
Ассоциация әдісі: әшекей бұйымдар
Темір ұсталарына қарағанда зергерлердің құрал-саймандары мен қолданатын әдіс-тәсілдері көбірек болған. Олар да дүкенде жұмыс істейді, алайда саймандары көлемі жағынан шағындау, жеңіл әрі ықшам келеді.
Зергерлік бұйымдарды әсемдеу
Қыз-келіншектерге арналған білезік, сырға, сақина, шашбау, шолпы, қапсырмалардың орны ерекше. Кез келген бұйымның бетіне ою-өрнек түсіріп, әртүрлі тастар қондырса, әсемдігі арта түседі.
Әсемдеуге қолданылатын тастар
Сергіту сәті
Қысқа қимыл-қозғалыс жаттығуларын орындап, қол мен саусақ бұлшықеттерін жұмысқа дайындаймыз.
Өзіндік жұмыс: қапсырма жасау
Бүгінгі сабақта қатырма қағаз бен фольгадан қапсырма жасаймыз. Қапсырма — қыз-келіншектер киімінің екі өңірін қаусырып, іліп тұратын ілгек. Ол көбіне әшекей тастармен безендіріледі.
Қауіпсіздік ережелері
- Қайшыны жабық күйде, сабынан ұстап беру және алу.
- Фольганың қырлы бөліктерін абайлап ұстау, қолды жарақаттамау.
- Жұмыс орнын таза ұстау, артық қалдықтарды уақытылы жинау.
Жұмыстың орындалу реті
- 1-қадам. Қапсырманың қалып үлгісін дайындап, қатырма қағазға түсіреміз де қиып аламыз.
- 2-қадам. Қалыпты фольганың бетіне қойып, жан-жағын сызамыз.
- 3-қадам. Бүктеуге ыңғайлы болуы үшін шетінен шамамен 1 см артық қалдырып, фольганы қиып аламыз.
- 4-қадам. Қатырма қағаздан жасалған қапсырманы фольгамен қаптап, жиектерін тегістеп бүктейміз.
- 5-қадам. Қапсырманың бетіне қарындашпен әртүрлі өрнектерді түсіріп, бедерлейміз.
Жаңа сабақты бекіту
- 1 Әшекей бұйымдардың түрлерін ата.
- 2 Зергерлік бұйымдарды қандай тастармен әшекейлейді?
- 3 Қапсырманы кімдер тағады және не үшін тағады?
Бағалау және үй тапсырмасы
Бағалау
Жұмыстың ұқыптылығы, қауіпсіздік ережесін сақтау, өрнектің айқындығы және жалпы орындалу сапасы бойынша бағаланады.
Үйге тапсырма
Келесі сабаққа қатырма қағаз, бояу түстері және қарындаш алып келу.