Біздің дала бай дала, Алтын астық айнала
Кіріспе бөлім
Сабақ әңгіме-сұрақтан басталады: аптаның күні, жылдың мезгілі және күздегі өзгерістер (жапырақ сарғаюы, өнімнің пісуі, жауын-шашынның көбеюі, күннің салқындауы) еске түсіріледі.
Нанды қайдан аламыз?
Балалардың жауабы
Дүкеннен.
Келесі сұрақ
Нан неден пісіріледі?
Тәрбиеші балаларға нанның түрлерін таныстырады: ақ бөлке, тоқаш, бауырсақ, батон. Балалар: «Ұннан» деп жауап береді. Осылайша негізгі мәселе қойылады: ұн қайдан шығады, нан дастарханға қалай келеді?
Айнұр
Нан анасы — бидаймын,
Елге астық сыйлаймын.
Дәнім толып піскенде,
Қауызыма сыймаймын.
Медина
Күміс мұртты арпамын,
Ырыс-құтты арпамын.
Еңбек етіп баптаған
Еліме сый тартамын.
Асылай
Ақ, қарамын, сарымын,
Мен өнімді тарымын.
Халқым еңбек сіңірсе,
Қайтарамын қарымын.
Мансұр
Мен сұлумын ұланның,
Тұлпарына ұнадым.
Баптаған әр диқанға
Басымды иіп тұрамын.
Бидай масағы нені үйретеді?
Тәрбиеші бидай масағын көрсетіп, оның сабағы мен мұртшаларын түсіндіреді. Қауызын аршыса, дән шығады. Дәнді ұнтақтаса, ұн пайда болады.
Нан туралы ырым-тыйымдар
Манас
Нанды шашуға, жерге тастауға, басуға, рәсуа етуге болмайды. Нан — дәмнің басы, онсыз өмір жоқ. Дастарханға алдымен нан қойылады. Жерде жатқан нанды көтеріп, басылмайтын жерге қою керек.
Мадина
Таңертең нан ауыз тимей үйден шығуға болмайды. «Асығыспын — нан ауыз тиіп алайын» деген сөз бекер айтылмаған.
Аманат
Нанды төңкеріп қоюға болмайды. Нан — қасиетті дәм, онымен ойнауға болмайды. Нанды бір қолмен сындыруға болмайды.
Негізгі бөлім
Нанның дастарханға дейінгі жолын көктемгі егіс алқабы туралы суреттер арқылы талқылаймыз. Балалар жылдың мезгілі ретінде көктемді атайды.
Нанның жолы: егістіктен дүкенге дейін
-
1) Көктем — тұқым себу
Диқаншылар егіс алқабына тұқым себеді. Жаз бойы егін өсіп, бапталып, масаққа толады.
-
2) Күз — орақ және бастыру
Егін сары алтындай жайқалғанда, далаға комбайндар шығып, егінді орып, жинап, бастырады.
-
3) Тасымал — қырманға жеткізу
Бастырылған дән жүк көлігіне тиеліп, қырманға жеткізіледі. Қырманда астық тазартылады және кептіріледі.
-
4) Сақтау — элеватор
Тазаланған астық элеваторға жөнелтіледі. Қажет кезінде элеватордан диірменге жеткізіледі.
-
5) Өңдеу — диірмен
Диірменшілер астықты қайта тазартып, ұнға айналдырады.
-
6) Пісіру — наубайхана
Ұн наубайханаға жеткізіліп, наубайханашылар нан пісіреді.
-
7) Сатылым — дүкен
Дайын өнім дүкендерге жеткізіліп, біздің дастарханымызға келеді.
Жанетта
Көктемде егін егетін,
Күзде жинап беретін.
Біздің дала — бай дала,
Алтын астық айнала.
Жетіс
Ел егінді жинайды,
Қырманға дән сыймайды.
Біздің дала — бай дала,
Алтын астық айнала.
Шыңғыс
Астық — дала сәулетті,
Астық — Отан дәулетті.
Біздің дала — бай дала,
Алтын астық айнала.
Сергіту сәті
Жаттығу өлеңі:
Жау, жау, жаңбыр, жау жаңбыр,
Егінге сән жауған нұр.
Тоқаш, бөлке көп болар,
Тәттіге жұрт тоқ болар.
Қорытынды бөлім
Пысықтау
Ақ бауырсақ, тәтті тоқаш, батон біздің дастарханға жету үшін ұзақ жолдан өтеді. Бұл жолда көптеген маман еңбек етеді.
Сондықтан күні-түні тер төккен еңбектің нәтижесі болған қасиетті нанды қадірлеу — әрқайсымыздың парызымыз.
Рүстем
Нан қоқымын шашпаңдар,
Жерде жатса баспаңдар.
Теріп алып қастерлеп,
Торғайларға тастаңдар.
Айша
Нанда өмірдің иісі мен дәмі бар,
Нанда адамның еңбегі мен ары бар.
Нан — өмірдің, ананың сүті арқауы,
Нансыз жерде қай өмірдің сәні бар?
Нан — береке мен бірліктің нышаны
Қазақстан — көп ұлтты, бай әрі құдіретті мемлекет. Нан — бейбітшілік пен бақытты өмірдің символы, тіршіліктің тірегі. «Нан — береке, нан — байлық» деген түсінік халқымыздың дүниетанымында ерекше орын алады. Бидай масақтарының елтаңбада бейнеленуі — осының айғағы.
Сабақ соңында балалар «Қара жорға» биін билеп, «Менің Қазақстаным» әнін хормен орындайды.