Мәтіннен Тоқаштың анасына айтқан сөзін тауып оқы

Маңғыстау облысы • Мұнайлы ауданы • №5 орта мектеп

Бастауыш сынып мұғалімі: Аженова Құралай Рахматовна

Сабақ тақырыбы

Бейімбет Майлин — «Күлпаш»

Сабақ түрі: дәстүрлі, жаңа сабақ

Әдістері: сын тұрғысынан ойлау, сұрақ-жауап, талдау, топпен жұмыс, әңгімелеу, ой толғаныс

Көрнекіліктер: оқулық, интерактивті тақта, слайдтар, Б. Майлин портреті, жазба қағаздар

Негізгі бағыт

Оқылған мәтінге жеке пікір білдіру және оны дәлелдеу.

Дағды

Оқу және оқырмандық дағдыларын жүйелі қалыптастыру.

Құндылық

Тарихты тану, ел азаматтарын қадірлеу, Отанға сүйіспеншілікті арттыру.

Сабақтың міндеттері

  • 1

    Оқылған әңгіме бойынша өз ойын, пікірін айтып, оны дәлелдеуге және эмоционалдық қарым-қатынасын көрсете білуге үйрету.

  • 2

    Оқу және оқырмандық дағдыларын қалыптастыру.

  • 3

    Өткен өмір мен тарихты танып-білуге, ел азаматтарын қадірлеуге және құрметтеуге, туған елге, жерге, халыққа деген сүйіспеншілікті арттыруға тәрбиелеу.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. Топқа бөлу.
  2. Ой ашар (алдын ала ой қозғау).

II. Үй тапсырмасын тексеру

З. Шашкиннің «Азаттық жолында» шығармасы бойынша 1–2 оқушыдан мазмұнын сұрау. Үй тапсырмасын «Бәйге» ойыны арқылы пысықтау.

«Бәйге» сұрақтары (балл саны жақшада берілген)

  1. Тоқаш Бокин не үшін күрескен адам? 60
  2. Түрмеде оған қандай айып тағылды? 50
  3. Тоқашқа жолығуға кім келді? 10
  4. Мәтіннен Тоқаштың анасына айтқан сөзін тауып, оқы. 20
  5. Айыптаудың қорытындысы не болды? 40
  6. Тоқашты кіммен тығыз байланыста болды деді? 30
  7. Түрмеге анасымен бірге кім келді? 10
  8. Тоқаш айыптау қорытындысымен неше күннен кейін танысты? 30
  9. «Зарлы дауыс» кімнің даусы? 20

III. Жаңа сабақ

Кіріспе әңгіме

Мұғалім: «Балалар, мына кісіні танимыз ба?» (Бейімбет Майлин)

«Ендеше, бүгін біз Б. Майлиннің «Күлпаш» мәтінін оқимыз. Алдымен автор туралы қысқаша танысып алайық.»

Мағынаны тану

Бұл мәтін 1930–1932 жылдардағы ашаршылық кезеңімен байланысты. Сол жылдары Қазақстан халқы 6 миллионнан асқан болса, соның 2 миллионнан астамы аштықтан қырылды.

Тапсырма: жұп таңдаңдар. 5 минут ішінде жұптарыңмен ашаршылық туралы не білетіндеріңді тізімдеп жазыңдар. Көбірек жазғандарың маңызды.

Қорытынды: ашаршылық — жоқшылықтың күшеюі, халықтың күнкөріс деңгейінің өте төмендеуі, «өлместің күнін кешу» кезеңі.

Енді мәтіннің қалай өрбитінін білу үшін оқулықты ашып, шығарманы толық оқимыз.

Сергіту сәті

Қысқа жаттығулар орындау.

Оқулықпен жұмыс

  1. Оқу барысында мағынасы түсініксіз сөздердің астын сызу.
  2. Сөздік жұмысына дайындалу.
  3. Мәтінді тізбектей оқу.

Сөздік жұмысы

Өрім-өрім
тозған, жыртылған
Бөкебай
басқа жамылатын шәлі
Ызғырық
суық жел
Өлмелі кедей
өте кедей

Ой толғау (талдау сұрақтары)

  • Мәтін кейіпкерлері кімдер? Қали, Күлпаш, Мақтым.
  • Қали мен Күлпаш Мақтымның келгенін неге асыға күтеді?
  • «Бәрі де “шықпа, жаным, шықпа” деп тұрған секілді» дегенді қалай түсінесің?
  • Мақтым мен Күлпаш неге жылады?
  • Олардың тұрмыс жағдайы саған қалай әсер етті?

Суретпен жұмыс

  • Суретте ел басынан өткен қай кезең бейнеленген деп ойлайсың?
  • Мәтіндегі қарамен ерекшеленген сөздерді пайдаланып, сурет бойынша әңгіме құрастыр.

IV. Ой толғаныс

Дәптермен жұмыс (топтық жұмыс)

Сынып 3 топқа бөлінеді. Әр топ тапсырманы ақылдаса отырып орындайды.

1-топ

Сен қандай заманда өсіп келесің?

2-топ

Мақтымның отбасын асырауына не кедергі болды?

3-топ

Мақтым, Күлпаш, Қалидің көрген азабы туралы әңгімеле.

Галереяға саяхат

Әр топ өз жұмысы бойынша салған суреттерін немесе постерлерін қорғап шығады.

Қорытынды (Венн диаграммасы)

Қали өмір сүрген заман

Қиындық, жоқшылық, ашаршылық салдары.

Қазіргі бейбіт заман

Тәуелсіз ел, тыныш өмір, туған жер мен елге құрмет.

Үй тапсырмасы

  • Мәтінді мәнерлеп оқу.
  • Мәтін бөліктеріне ат қою.

Бағалау

Оқушылардың белсенділігі, жауаптарының дәлелділігі, топтық жұмысқа қатысуы ескеріледі.