Шәмші Қалдаяқов кім

Сабақ жоспары

Оразбек Бодықов — «Аққұс туралы аңыз»

Бұл сабақта оқушылар Оразбек Бодықовтың «Аққұс туралы аңыз» әңгімесімен және Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығымен танысады. Сабақ мәтіннің мазмұнын ашуға, мәнерлеп оқуға, сөздік қорды байытуға, байқағыштық қабілетті дамытуға және сауатты, көркем жазуға дағдыландыруға бағытталған.

Сабақтың түрі

Жаңа сабақ

Сабақтың әдісі

Сұрақ-жауап, түсіндіру

Сабақтың мақсаты

  • «Аққұс туралы аңыз» әңгімесінің мазмұнын ашу, негізгі ойды түсіндіру.
  • Мәнерлеп оқу дағдысын жетілдіру, алған білімді қолдана білуге үйрету.
  • Сөздік қор мен тіл мәдениетін дамыту, ойды жүйелі жеткізуге дағдыландыру.
  • Таза, көркем жазуға баулу.
  • Сауаттылыққа, жинақылыққа, бір-бірін тыңдауға, адамгершілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалімнің бағыттаушы сұрағы: «Балалар, мектепке келудегі мақсаттарың мен міндеттерің қандай?»

  • Мақсатымыз — білім алу.
  • Міндетіміз — еңбектену.
  • Еңбектену арқылы жақсы нәтижеге жету.

II. Үй тапсырмасын сұрау

  • Суретші Әбілхан Қастеев туралы мәтінді мазмұндату.

III. Сұрақ қою арқылы білімдерін тексеру

  1. Әбілхан Қастеев кім?
  2. Ол қай жылы, қай өңірде дүниеге келді?
  3. Әбілхан әкесінен нешe жасында айырылды?
  4. Суретшінің анасының есімі кім?
  5. Әбілхан Қастеев қай қалаларда білім алды?
  6. Оның қандай суреттері жоғары бағаланды?
  7. Ұлттық бейнелеу өнерінің негізін салған суретші кім?

IV. Жаңа сабақ

1) Қызығушылықты ояту

Ертеде халқымыз аң-құстың қасиетін айыруға өте жүйрік болған. Қолға үйретілген қыран құстармен құсбегілік жасап, табиғатпен етене өмір сүрген.

2) Мағынаны ашу

Бүгінгі сабақта Оразбек Бодықовтың «Аққұс туралы аңыз» әңгімесімен танысамыз. Бұл хикаяны жазушы Қазақстанның халық композиторы, қазақ вальсінің королі атанған сазгер Шәмші Қалдаяқовтың анасынан естіген.

Оразбек Бодықов — Шәмші дүниеден өткенге дейін қасынан табылып, қуанышы мен қайғысына куә болған жанашыр досы.

3) Оқулықпен жұмыс

  • Мәтінмен танысу.
  • Тізбектей оқу.
  • Мәтін бойынша сұрақтарға жауап беру.

Мәтін бойынша сұрақтар

  1. Шәмшінің бойында қандай қасиет болды?
  2. Автор Шәмшіден нені сұрады?
  3. Шәмші қалай жауап берді?
  4. «Аққұс туралы аңыз» әңгімесін Шәмші кімнен естіген?
  5. Аққұс Қарақұсқа қандай өтініш айтты?
  6. Аққұс ажалдан қалай құтылды?

Венн диаграммасы

«Аққұс» пен «Қарақұс» бейнелерін салыстыру: ортақ белгілері мен айырмашылықтарын анықтау.

4) Дәптермен жұмыс

  • «Аққұстың мұңды әні» тақырыбына шағын әңгіме жазу.
  • Суретте берілген Аққұстың бейнесін салу.

V. Сергіту сәті

Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен попурри тыңдау.

VI. Сабақты бекіту сұрақтары

  1. Шәмші Қалдаяқов кім?
  2. Шәмшінің жанашыр досы әрі ол туралы естелік жазған кім?
  3. «Қазақ вальсінің королі» деп кімді айтамыз?

VII. Үйге тапсырма

  • Мәтінді оқып, мазмұндау.
  • Шәмші Қалдаяқовтың бір әнін жаттау.

VIII. Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы, мәтінді түсінуі, жауаптарының нақтылығы, жазба жұмысының сапасы және белсенділігі негізінде бағаланады.