Сахналық қойылым

Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы • «Сымбат» жеке мектебі

Бастауыш сынып мұғалімі: Макуова Нуршат Аманкосовна

Тақырыбы

Нашақорлық — ғасыр дерті

Мақсаты

Нашақорлықтың «ғасыр дерті» екенін ұғындыру, есірткі заттарының адам өміріне аса қауіпті екенін түсіндіру. Алдын алу мәдениетін қалыптастырып, саналы әрі салауатты өмір сүруге тәрбиелеу.

Көрнекілігі

ХХІ ғасыр — есірткісіз ғасыр Есірткіге жол жоқ! Тақырыптық суреттер

Сабақтың құрылымы

  1. I Кіріспе сөз
  2. II «Нашақорлық — ғасыр дерті» атты баяндама
  3. III Сахналық қойылым: «Жан азабы»
  1. IV «Салауат» үгіт-насихат тобының қойылымы
  2. V Нарколог кеңесі (сұрақ-жауап)
  3. VI Рефлексия және кері байланыс

Кіріспе сөз

Армысыздар, құрметті қонақтар мен оқушылар! Бүгін сіздерге мектебімізде өткен «Есірткіге жол жоқ!» акциясы аясында, сондай-ақ 19 қараша — дүниежүзілік шылым шегушілерге қарсы күрес күніне орай 2 «Б» сынып оқушыларының кіріктірілген үлгідегі ашық тәрбие сағатын ұсынамыз.

Бүгінгі кездесуімізге мектеп психологы, оқу ісі меңгерушісі және дәрігер маман қатысып отыр. Елбасының «Қазақстан–2030» жолдауында көрсетілген өзекті мәселелердің бірі — салауатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттау.

Тәрбиелік түйін

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде».

Халық даналығы

Өмірге адам бір-ақ рет келеді. Жастық шағың — өміріңнің кемелі. Денсаулықты күте білсең, табиғаттың бергенінен де көп берері бар.

«Нашақорлық — ғасыр дерті» баяндамасы

«Есірткі» сөзі грек тіліндегі nerke (ұйқы) ұғымымен байланысты. Ағылшын тіліндегі narcotic сөзі «ұйықтату, жансыздандыру, сезімсіздендіру» мағынасын береді. Жалпы, есірткі заттары деп жансыздандыру әсері бар заттарды айтамыз. Дегенмен күнделікті қолданыста кейбір стимуляторлар да есірткі ретінде қабылданады, өйткені олардың құрамында қоздыратын, тыныштандыратын немесе сергітетін компоненттер болуы мүмкін.

Маңызды ескерту

Нашақорлық — бүкіл қоғамның қасіреті, болашағымызға қауіп төндіретін індет. Ол көзге көрінбей-ақ әр отбасының өміріне жақындап, есік-терезесін аңдитын қауіпке айналуы мүмкін.

Тарихи ұстаным

Ата-бабаларымыз кең далада еркін өсіп, ойын да, бойын да таза ұстаған. Ақыл-ойды улап, адамды есінен тандыратын арақ-шараптан аулақ болуға тырысқан. Ең сүйікті сусындардың бірі — дертке дауа, жанға шипа қымыз болған.

Қауіптің сипаты

Есірткі — бүкіл әлем болып күресетін аса қатерлі жау. Ол бір басын кессең, екіншісі шыға келетін «жеті басты жалмауыздай»: түрлі түрге еніп, әр ортаға бейімделіп, адамды тәуелділікке тартады.

Есірткі бар жерде оны таратушылар да болады. Олар біреудің көз жасы мен қайғы-қасіретінен пайда табатын қаныпезерлер. Ең алдымен олардың нысанасы — өсіп келе жатқан жасөспірімдер.

Ескерту: «Көкнәрдің көз жасын ішкен адам өмір бойы жылайды» деген халық сөзі тәуелділіктің салдарын дәл бейнелейді: есірткіге бір берілген адам тек өзін ғана емес, жақындарының бәрін де жылатады.

Сахналық бөлім

III. Қойылым: «Жан азабы»

Оқушылар сахналық көрініс арқылы есірткінің адам тағдырына әкелетін қасіретін, тәуелділіктің жанға салатын жарасын көрсетеді.

IV. «Салауат» үгіт-насихат тобы

Топтың қойылымы салауатты өмір салтын қолдауға үндеп, зиянды әдеттердің алдын алу туралы ойды күшейтеді.

Негізгі ойлар (қойылымнан кейінгі үндеу)

Мінез-құлықтың өзгеруі

Есірткі қолданған адам біртіндеп адамдық қасиетін жоғалтып, тек өзін ойлауға бейім болады. Оқу мен жұмыс екінші орынға түседі.

Қылмысқа итермелеуі

Тәуелділік өтірік айтуға, ұрлыққа, тонауға апарады. Кей жағдайда есірткі табу үшін ауыр қылмысқа дейін баруы мүмкін.

Денсаулыққа зардабы

Шприц арқылы қолдану бауыр ауруларына және АИТВ/ЖИТС қаупіне әкеледі. Бұл — өз-өзіне жасалған қиянат.

Біріккен Ұлттар Ұйымының деректерінде Ауғанстан мен Тәжікстан аумағында есірткіге қатысты ірі көлемдегі қорлардың бар екені айтылады. Сондықтан сақтық, түсіндіру және алдын алу жұмысы әрдайым маңызды.

Үндеу: Сақ болайық! Ажал тарататын есірткіден аулақ болайық!

Егер ел боламыз десек, ұлт боламыз десек; ата-анамызға қуаныш әкелгіміз келсе; болашағымыз нұрлы болсын десек — есірткіге қарсы тізе қосып күресейік.

Нарколог кеңесі (сұрақ-жауап)

Сөз кезегі нарколог маманға беріледі. Оқушылар төмендегі сұрақтар бойынша пікір алмасады:

  1. 1) Нашақорлық заң тұрғысынан несімен қауіпті?
  2. 2) Адамның нашақор екенін сыртқы белгілеріне қарап қалай ажыратуға болады?
  3. 3) Нашақорлықты басқаша қалай атауға болады?

Рефлексия және кері байланыс

«Шырақ» символы

Жанып тұрған шырақ — біздің болашақ өміріміз. Сол өмірді неге өз қолымызбен өшіреміз? Неге өз болашағымызға балта шабамыз?

Хормен айтылатын ұран

Өз өміріміз үшін күресе білейік! Салауатты өмір салтын қолдаймыз!

Кері байланыс сұрағы

Нашақорлық тақырыбы бойынша айтылған ойлар сіздерде қандай сезімдер тудырды?

Оқушылар өз ойларын ашық айтады: түсінгені, әсері, қандай қорытынды жасағаны және қандай қадам жасайтыны.

Қорытынды сөз

Нашақорлық — қоғам дерті. Онымен күресуге бір адамның шамасы жетпейді. Бұл жерде құқық қорғау органдары, нарколог мамандар, ата-аналар және әрбір Қазақстан азаматы шетте қалмауы керек.

Дүниедегі ең қымбат нәрсе — сенің өмірің. Өмірің — өз қолыңда.

Салауатты өмір сүрейік, спортпен айналысайық, салауатты өмір салтын ұстанайық!