Шешенге қойылатын талаптар
Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданы, Мамлют қазақ мектеп-интернаты
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі: Оразалинова Г. Н.
Сабақ тақырыбы: Шешенге қойылатын талаптар
Бұл сабақта шешен болу үшін қандай талаптар қойылатынын қарастырып, шешендердің сөз үлгілері арқылы тіл тазалығын сақтап, әдеби тілде сөйлеуге жаттығамыз.
Сабақтың мақсаты
-
Шешенге қойылатын талаптарды білу, шешен сөйлеудің әдістерін меңгеру.
-
Шешендердің сөз өнерінен үлгі ала отырып, бос сөзден аулақ болып, тауып сөйлеуге төселу; тіл тазалығын сақтауға дағдылану.
-
Тіл тазалығын сақтай отырып, әдеби тілде сөйлеуге машықтану.
Сабақ сипаттамасы
Сабақ түрі
Жаңа білімді меңгерту.
Пәнаралық байланыс
Әдебиет, тарих, химия, математика.
Сабақ әдістері
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру
Құрметті 11-сынып оқушылары, алдарыңызда үлкен мақсаттар тұр. Олар:
- мектепті жақсы, абыроймен бітіру;
- ҰБТ-ны нәтижелі тапсыру;
- мемлекеттік грант иегері атану;
- өміріңізге қызмет ететін мамандық иесі болу;
- ел дамуына өзіндік үлес қосатын саналы, парасатты азамат болып қалыптасу.
Осы тілектермен бүгінгі сабағымызды бастаймыз.
Өткенді қайталау (үй тапсырмасын тексеру)
- 1. Шешендік өнер грекше қалай аталады?
- 2. Шешендік өнердің теориясын жасаған кім?
- 3. Қазақ шешендік өнерін зерттеген кім?
- 4. Ұлттық шешендік өнердің өкілдері кімдер?
- 5. Шешендіктің түрлерін атаңыз.
- 6. Шешендік сөздің сапаларын кім атап берген?
- 7. Шешен кім? (Ел билеу ісінің тұтқасы, отағасы, ру басы, би ағасы, ауыл ақсақалы, билік шешуші, психолог т.б.)
Байланыс сұрағы
Неліктен біз суырылып, еркін шешен сөйлей алмаймыз?
Себебі шешенге және шешендік сөзге қойылатын талаптарды толық біле бермейміз.
Жаңа сабақ: Шешенге қойылатын талаптар
Шешенге қойылатын талаптар үш бағыттан тұрады:
1) Дайындық
Көпшілік алдында сөйлеуге алдын ала әзірлену.
2) Білім
Білім көкжиегін үздіксіз көтеру.
3) Мәдениет
Сөйлеу мәдениетін жетілдіру, тіл тазалығын сақтау.
1) Көпшілік алдында сөйлеуге дайындық
Кез келген адам көпшілік алдына шыққанда толқуы мүмкін, өзіне сенімсіздік сезінеді. Тіпті білімді тұлғалар, қоғам қайраткерлері мен басшылар да кейде қысылып, үзік-үзік, жүйесіз сөйлеп жатады.
Мұндай жағдайдың алдын алу үшін:
- шамадан тыс уайымға берілмеу;
- өзіңе сену;
- психологиялық тұрғыдан дайындалу;
- көңіл күй мен сезімді басқара білу.
Сөйлеуге жақсы дайындалсаң, өзіңді еркін ұстайсың. Дайындық — жауапты іс: материалды қаншалықты жақсы меңгерсең, соншалықты аз толқисың.
Сөйлеудің сапалары
Дұрыс, айқын, дәл, түсінікті, таза, образды және эмоционалды сөйлеу.
Жаттығу дағдысы
Сабақта, достарыңның және туыстарыңның арасында жиі сөйлеп, тәжірибе жинау.
2) Білімді көтеру
Шешен адам «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» тауып айтып, дәл әрі нұсқа сөйлей білуі керек. Бұл үшін ойдың айқындығы маңызды.
Терең білім ойды айқындайды. Терең білімге жету үшін көп оқу керек; көп оқу үшін іздену керек. Іздену үшін рухың мықты болуы қажет: рух мықты болса, жолдағы кедергілерді де жеңесің.
3) Сөйлеу мәдениетін көтеру
Ең алдымен тіл тазалығын сақтау қажет. Орынсыз жерде орыс сөздерін араластырмау керек.
Аулақ болу керек
- қажетсіз қыстырма сөздер (тілді кедейлендіріп, тыңдаушыны жалықтырады);
- жаргон, дөрекі және тұрпайы сөздер.
Неге маңызды?
Адамның тәрбиесі, мәдениеті, сауаттылығы оның сөйлеуінен аңғарылады. Мәдениеті жоғары оқушы ауызекі тілде де әдеби норманы сақтап, ойын сыпайы әрі нақты жеткізеді.
Сөйлеу мәдениеті жоғары болса, өмірде де өз орныңды табасың, шешендікке де жақындайсың. Сондықтан шешендік — тіл мәдениетінің ең жоғары формасы.
Қорытынды тапсырма
Шешенге қойылатын талаптарды ескере отырып, ұсынылған тақырыптардың бірін таңдап, көпшілік алдында тосылмай, шешен сөйлеп көрейік.