Оқушы әрекетін сабақ барысында бағалау
Сабақтың мақсаты
Қолына домбыра ұстаған әр қазақ баласының көркемдік рухының көкжиегін кеңейтіп, шығармашылық қабілетін ұштау және оны жыраулық, термешілік, әншілік өнерге жетелеу. Оқушылардың музыкалық мәдениетін қалыптастыру арқылы аспаптық музыкаға деген сүйіспеншілігін арттыру.
Білімділік
Домбырамен ән айту — үлкен рухани-адамгершілік мектеп, баға жетпес өмір оқулығы. Композиторлардың шығармашылығымен танысу.
Дамытушылық
Ұлттық дәстүр мен салт-сана тағылымын оқушы бойына дарытып, жан дүниесін ояту, өнерге ынтасын арттыру. Қасиетті қара домбыраның ән айтудағы рөлін терең түсіндіру.
Тәрбиелік
Халық музыка аспаптарына сүйіспеншілікті күшейту, қазақ музыка өнерін құрметтеуге, адамгершілікке және ұлттық музыканы қадірлеуге тәрбиелеу.
Сабақтың міндеттері
- Әртүрлі аспаптардың тембрін ажырата білуге үйрету.
- Ән-күй тыңдау арқылы әуендік сезімталдықты арттыру; есте сақтау, қиялдау, сезіну, ойлау қабілеттерін дамыту.
- Өнерді құрметтеуге, өзін-өзі ұстауға және адамгершілікке тәрбиелеу.
Әдістер
Қажетті құралдар
- Компьютер
- Үнтаспалар
- Видеоматериалдар
- Музыкалық аспаптар
Көрнекіліктер
- Суреттер
- Слайдтар
- Тапсырмалар кестесі
- Бағалау кестесі
Күтілетін нәтиже
- Аспаптарды үнінен ажырата білу және композиторлармен танысу.
- Әнді мәнеріне келтіріп, сүйіспеншілік сезіммен орындау.
Сабақтың жоспары
1) Ұйымдастыру кезеңі. Қызығушылықты ояту
- Сабақтың тақырыбы мен мақсаты хабарланады.
- Қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар түгенделеді.
- Оқушының сабаққа дайындық деңгейі және үй тапсырмасынан алған мәліметтері қысқаша талқыланады.
2) Үй тапсырмасын сұрау. Ой толғау
- Слайдтағы сұрақтар бойынша жауап беру.
- Домбыра сүйемелдеуімен ән айту.
- Музыкалық-дидактикалық ойындар.
- Оқушыдан «Сәулем-ай» әнін сұрау.
Сабақты бастамас бұрын «Бұл қай аспап?» ойыны ойнатылады: әр аспапқа байланысты жұмбақ жасырылып, жауапты тапқан оқушы аспапты көрсетіп, қысқаша таныстырады. Слайд арқылы бейне және суреттер көрсетіледі.
Ойынның мақсаты
Жұмбақ арқылы балалар аспап түрлерін және құрылысын ажыратып, тапқырлық пен шапшаңдыққа үйренеді.
Жұмбақтар
Сызылған үні, сүйкімді тілі,
Үрлесең ойнайтын аспаптың түрі.
Жауабы: Сыбызғы
Тілшікті аспап, қобыздай асқақ,
Ерекше үні бар — бұл қай аспап?
Жауабы: Шаңқобыз
Екі ішекке бір тиекті қондыра,
Ойнаймыз біз қолымызды талдыра.
Білсең, айтыңдаршы, балалар,
Бұл қай аспап?
Жауабы: Домбыра
Жеті ішектен жеті түрлі үн шығар,
Әуенінен жеті түрлі мұң шығар.
Ойнап кетсең түрлі-түрлі жыр шығар.
Жауабы: Жетіген
3) Жаңа сабақ
Сабақ барысы
- Дауыс жаттығулары орындалады.
- Үнтаспадан ән тыңдатылады.
- Ән музыкалық аспап сүйемелдеуімен орындалады.
- Ән фраза бойынша үйретіледі.
Түсіну: Мұхит (Мұхаметкерей) Мерәліұлы
Мұхит (Мұхаметкерей) Мерәліұлы 1841 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданындағы Жақсыбай өзенінің бойындағы Ақбақай өңірінде ауқатты отбасында дүниеге келген. Ағалары Шәңгерей, Сақыпкерей, Жанша, Жүсіп — домбырашы әрі әнші болған. Мұхит еуропалық аспаптардың бірі — скрипкада да ойнауды меңгерген.
Жасынан ән мен домбыраға құмар болып өскен өнерпаздың дарынына ағаларының ықпалы зор болды. Есейе келе ол төрелік-биліктен де, дәулеттен де бас тартып, бар ғұмырын өнерге арнады. Ауылға келген әнші, күйші, ақын-жыраулардың қасында жүріп тәлім алды. Ел аралап, жәрмеңкелер мен той-думандардың сәнін келтіріп, халық мұрасын дәріптеуші ретінде «әнші Мұхит», «сал Мұхит» атанды.
Тыңдау: «Айнамкөз» және «Көк Айдай»
«Айнамкөз» әнінің шығу тарихы
Айтушылардың дерегінше, Мұхит Қобда бойын аралап жүргенде бір үйге түсіп, ән салып, ауыл адамдарын жинап, кеш бойы сауық құрған. Ертеңінде сол үйдің бойжеткен қызы Құралайдың шай құйып отырғандағы сыпайылығы, мінезі мен ажары Мұхитқа ерекше ұнап, сол сәтте жаңа ән шығарады. Қыздың көз жанары ұнағандықтан, «нағыз айнамкөз екенсің» деп, әннің атын «Айнамкөз» қояды.
Үнтаспадан ән тыңдатылады және композитор шығармашылығына шолу жасалады.
Бүгінгі тақырып: «Көк Айдай»
Ашық сабақта Мұхиттың «Көк Айдай» әні үйретіледі. Мұхит шығармашылығында «Айдай» атауымен байланысты бірнеше ән бар: «Айдай», «Үлкен Айдай», «Кіші Айдай», «Көк Айдай». Қазақ әндерінде «уғай-ай», «шіркін-ай» сияқты тіркестер жиі ұшырасады: мәтіндік мағынасы айқын болмағанымен, музыкалық тұрғыдан өзіндік рең береді.
Кей деректерде бұл әнді дәулескер күйші Қ. Ахмедияров Бала Ораздың әні деп те атайды. Аңыз бойынша, Бала Ораз «Айдай» есімді қызға ғашық болған. Ал «Көк Айдай» — жастарға арналған махаббат лирикасы; мұнда мұң, қайғы сарыны жоқ. «Ой, қалқам, сен де көркем, мен де көркем…» деген жолдар соны аңғартады.
Әннің орындалуы және дәстүрлі мектеп
Мұхит әндерін бізге жеткізуші — Ғ. Құрманғалиев. Ғарифолла Мұхиттың немерелері Шынтас пен Шайқыдан үйренген. Мұхит 1918 жылы қайтыс болғанда, Ғарифолла небәрі 9 жаста болған.
«Көк Айдай» аса күрделі емес, тіпті Мұхиттың ең жеңіл әндерінің бірі деуге болады. Дегенмен Мұхит мұрасы кең диапазонды талап етеді: кез келген әнші бірден орындай бермейді.
Мұхит әндерін айту үшін домбыраны жақсы меңгеру маңызды. «Көк Айдай» — Мұхит әндерінің «әліппесі» іспетті: жеңіл қағыстардан бастап, кейін орама және қарама-қарсы қағыстарды араластырып құбылтуға болады.
Бейнетыңдау
- С. Жанпейсова және А. Қосанованың орындауындағы нұсқалар (видео).
- Эстрада жанрында А. Жеменей орындауындағы нұсқа.
- Дәстүрлі ән-терме жетекшісі ретінде үлгі орындау.
Мәтін және дикциямен жұмыс
Оқушының анық айтуын дамыту үшін жаңылтпаштар арқылы жаттығу орындалады.
Біреуі көрікті кісі,
Біреуі бөрікті кісі.
Көрікті кісі — зорықты,
Бөрікті кісі — қорықты.
Тақпақ жаттап,
Айтсақ жақсы-ақ.
Жатқа тақпақ,
Жатта тақ-тақ.
Әуен, нота және домбыра сүйемелі
- Әннің әуенін домбыра сүйемелімен үйрену.
- Нотамен жұмыс: қолды жаттықтыру үшін «Маусымжан» әнін нота бойынша ойнату.
- Содан кейін «Көк Айдай» әуенін домбырада үйретіп, дауыспен қосып орындау.
- Домбырамен ән салу дағдысын қалыптастыру.
4) Сергіту сәті
Қысқа сергіту жаттығулары арқылы назарды қалпына келтіру.
5) Жаңа сабақты бекіту
Рефлексия сұрақтары
- Бүгін мен не үйрендім?
- Маған не ұнады, не ұнамады?
- Жаңа сабақ бойынша сұрағым немесе пікірім бар ма?
Топтық жұмыс нәтижесі
- Өзара ынтымақтастық қалыптасады.
- Бірлесіп әрекет ету арқылы бір-бірінен үйренеді.
- Ойды саралап, көпшілік алдында жеткізу дағдысы дамиды.
- Тыңдау және қолдау мәдениеті арқылы білім мазмұны терең игеріледі.
6) Бағалау
Оқушының сабақ барысындағы белсенділігі, тыңдау мәдениеті, дикциясы, домбыра қағысы, әуенді дәлдігі және орындаушылық мәнері бойынша қалыптастырушы бағалау жүргізіледі.
7) Үй тапсырмасы
- «Көк Айдай» әнінің сөзін жаттау.
- Домбырада қол жүргізу (техника) жаттығуларын орындау.
- Музыка тыңдау.
- Шығармашылық жұмыс (таңдау бойынша): ән орындау, өлең оқу, сурет салу, сөзжұмбақ құрастыру, жұмбақтар жинау, интернеттен композитор туралы мәлімет жинау.
Автор туралы
Қызылорда облысы, Қызылорда қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының дәстүрлі ән үйірмесінің жетекшісі — Төлебаева Мөлдір Мұратбекқызы.
Бағыты
Дәстүрлі ән • Терме • Домбыра