Менің баламның көзі ауырып жүр, қарап беріңізші

«Аурухана» сюжетті-рөлдік ойынының сценарийі

Бұл сценарий балаларға дәрігер, медбике, дәріханашы сияқты мамандықтарды таныстырып, ақ халатты абзал жандардың қамқорлығы мен мейірімділігін сезіндіруге бағытталған. Ойын барысында балалар мәнерлеп, байланыстырып сөйлеуге үйренеді және ұжыммен бірлесе әрекет ету дағдыларын дамытады.

Мақсаты

Қамқорлық, мейірімділік, кішіпейілділік құндылықтарын таныту.

Дамытушылық

Мәнерлеп сөйлеу, ойды жүйелі жеткізу, диалог құру.

Тәрбиелік

Ұжымдық ойын, өзара сыйластық, жауапкершілік.

Ойынға кіріспе (тәрбиеші сөзі)

Тәрбиеші: Бізге көп қонақтар келіпті, амандасайық.

Балалар: Сәлеметсіз бе!

Тәрбиеші: Балалар, бүгін күннің екінші жартысында сюжетті-рөлдік ойын ойнаймыз. Қандай ойын түрлерін білесіңдер?

Балалар: Дәріхана, кітапхана, шаштараз, дүкенші, пошташы, жол ережесі.

Тәрбиеші: Ендеше, бүгін қандай ойын ойнаймыз?

Балалар: Аурухана!

Тәрбиеші: Олай болса, ойынды бастамас бұрын рөлдерді бөліп алайық. Кім дәрігер, кім медбике, кім ана, кім бала, кім дәріханашы болады?

Балалар өз рөлдерін таңдап, орындарына орналасады.

Көрініс 1: Суық тиген бала

Ана: Сәлеметсіз бе, дәрігер?

Дәрігер: Сәлеметсіз бе. Не болды?

Ана: Балам түнімен ауырып шықты, қарап жіберіңізші.

Дәрігер: Қашаннан бері ауырды?

Ана: Кешеден бері.

Дәрігер: Ендеше қызуын өлшейін. Қызуы жоқ екен. Енді аузыңды аш, тамағыңды қарайын. Тамағы қызармаған, жақсы. Енді өкпесін тыңдайын.

Балаңызға суық тиген, өкпесінде сырыл бар. Емдеу керек. Мына дәріні дәріханадан алып, балаңызға беріңіз.

Ана: Рахмет, дәрігер. Сау болыңыз.

Көрініс 2: Дәріханада

Ана: Сәлеметсіз бе!

Дәріханашы (Анель): Сәлеметсіз бе!

Ана: Маған мына дәріні беріңізші.

Дәріханашы (Анель): Қағазыңыз (рецептіңіз) бар ма? Бұл дәріні күніне екі мезгіл беріңіз.

Ана: Рахмет. Сау болыңыз.

Дәріханашы: Сау болыңыз.

Көрініс 3: Көз дәрігері

Ана: Сәлеметсіз бе, дәрігер? Баламның көзі ауырып жүр, қарап беріңізші.

Дәрігер: Отыр, қарағым. Көзіңді шаң-тозаңнан қорғау керек. Теледидарды көп көруге болмайды, компьютерді де ұзақ ойнамау керек. Көзіңді күтіп жүр.

Дәрігер: Мына тамшыны көзіңе күніне екі мезгіл тамыз.

Ана: Рахмет, сау болыңыз.

Дәрігер (Жансерік): Сау болыңыз.

Көрініс 4: Тіс дәрігері

Ана: Сәлеметсіз бе, дәрігер? Баламның тісі ауырып шықты, қарап жіберіңізші.

Дәрігер: Аузыңды аш. Тісіңді құрт жепті, емдеу керек.

Дәрігер: Тіс ауырмас үшін күніне екі мезгіл тіс тазалау керек. Тәттіні көп жеуге болмайды.

Қазір укол жасап, ем жүргіземін. Екі сағат тамақ жемей тұра тұр.

Ана: Рахмет, сау болыңыз.

Қорытынды (тәрбиеші сөзі)

Тәрбиеші: Балалар, бүгін ойынды өте жақсы ойнадыңдар, рахмет! Ендеше дәрігерлер туралы кім тақпақ біледі?

Тақпақтар

1-бала:
Ақ халатты киетін,
Аппақ болып жүретін.
Аппақ болып жүргенді,
Өзім қатты сүйемін.

2-бала:
Іш ауырса, тіс ауырса,
Дәрі береді мамандар.
Барлық бала, барлық ана,
Оларды жақсы көреді.

Тәрбиеші: Енді қонақтарға өзімізді таныстырайық:

Рөлдер

  • Бала дәрігері: ________
  • Көз дәрігері: ________
  • Тіс дәрігері: ________
  • Медбике: ________, ________
  • Дәріханашы: Анель
  • Ана: ________
  • Бала: ________

Еске салу

Қонақтарға «Сау болыңыз!» дейміз. Тісіңді үнемі тазалап жүруге дағдылан — маржандай тіс адам көркі.