Әнұранның авторы кімдер

Тәрбие сағатының материалы

Мемлекеттік рәміздер — ұлт мақтанышы

Бұл мәтін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы түсінікті кеңейтіп, жас ұрпақты Отансүйгіштікке, адамгершілікке және елдің қасиетті белгілерін қастерлеуге тәрбиелеуді мақсат етеді.

Тақырыбы

Мемлекеттік рәміздер — ұлт мақтанышы

Мақсаты

Отан, Қазақстан, туған жер туралы түсініктерді кеңейту; рәміздер туралы білімді қалыптастыру; Ту, Елтаңба, Әнұранды құрметтеуге және ел тарихын тануға баулу.

Көрнекілігі

ҚР рәміздері, Президент портреті

Сабақтың басталуы

Жүргізуші: «Сәлеметсіздер ме, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі “Мемлекеттік рәміздер — ұлт мақтанышы” атты тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймын».

Оқушылар орындарынан тұрып, Қазақстан Республикасының Әнұранын орындайды.

Әнұран: рух пен бірліктің үні

Тақпақ

Батырлықтың уызына жарыған,

Ер түркіні байрағынан таныған.

Өзі ақын, өзі әнші халықта,

Кім айта алар болмаған деп Әнұран?!


Жаһандағы ең жауынгер халықта,

Кім сенеді Ту болмады дегенге?


Қалай оның Елтаңбасы болмайды,

Түлігіне дейін салса ен-таңба.

Никита

Мағынасы

«Гимн» сөзі ежелгі грек тілінен «ұран», «ұран салу» ұғымына жақын. Қазақ халқының да ру-тайпалық таңбалары, жалауы болғаны сияқты, елді рухтандыратын ұраны да болған. Жау шапқанда сарбаздарды жинау үшін ұран шақырылып, ел қорғанысына жұмылдырған.

Әнұран авторлары

  • Әні: Шәмші Қалдаяқов
  • Сөзі: Нұрсұлтан Назарбаев, Жұмекен Нәжімеденов

Әнұран — халықтың, ұлттың, мемлекеттің тұтастығын айқындайтын, адамға зор рухани әсер беретін қасиетті ән.

Ту: тәуелсіздіктің көк байрағы

Жүргізуші: Бейбіт кезде Ту құрметпен сақталып, өткен дәуірлерде ол көбіне жаугершілік уақытта ғана шығарылған. Тудан айырылу — өліммен тең саналған. Қазақ жеріне көз тіккен кезеңдерде ел бірлігі үшін ұлы билер — Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бас қосқан. Сол уақыттарда үш жүздің басын біріктірген Әбілхайыр хан Бөгенбай батырға қазақтың туын ұстатқан деген тарихи деректер айтылады.

Тарихи дата

1992 жылғы 4 маусым — тарихи күн. Осы күні Республика Жоғары Кеңесі тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті.

1992 жылы маусымда тұңғыш Президент Н. Ә. Назарбаев ұлт Туына тағзым етті.

Әлемдік кеңістіктегі көрінісі

Бүгінде Туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимараттарының алдында және шетелдегі елшіліктерімізде желбірейді. Оны ғарышкер Талғат Мұсабаев ғарыш кеңістігіне көтерді, ал альпинистер 1995 жылы Эверест шыңына қадады. Сондай-ақ спортшыларымыз халықаралық ареналарда ел Туын көкке көтеріп келеді.

Илья

Тудың сипаттамасы

Ту ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Сабына жақын тұста ұлттық өрнекпен нақышталған тік жолақ орналасқан.

Күн, шапақ, қыран және өрнек — алтын түсті.

Никита

ҚР Мемлекеттік Туы — тік төртбұрышты көгілдір мата. Сол жағында «қошқар мүйіз» өрнегі бар тік жолақ салынған.

  • Ені: 1 м
  • Ұзындығы: 2 м

Зеңгір көк — тәңірлік танымдағы киелі түс; қыран — кеңдік пен қырағылықты, күн — өмір мен болашаққа сенімді білдіреді.

Ұлықпан

Ән шумағы

Енді бүгін өлген Туым тірілді,

Әнұраным жалғап алды ғұмырды.

Босағада қалып кеткен Елтаңбам,

Баяғыша төріме кеп ілінді.

«Көк тудың желбіреуі»

Елтаңба: ортақ шаңырақ, ортақ тағдыр

Тәрбиеші: Егемен еліміз әлем мемлекеттерімен терезесі тең ел ретінде өз рәміздерін айқындап, олардың мәнін әр ұрпақтың терең түсінуін және құрметтеу рәсімдерін сақтауды борыш деп біледі.

Елтаңбада бейнеленген нышандар

  • Көк аспан
  • Күн сәулесі
  • Шаңырақ
  • Жұлдыз
  • Қанатты тұлпар
  • Бидай сабақтары

Оқушылар жауабы негізінде

Көк аспан мен жұлдыз

Көк аспан — кеңдік пен тыныштықтың, биіктіктің белгісі. Ашық аспанға тараған сәулелер өмірдің сәулетті болуын меңзейді, ал биіктегі жұлдыз — Отанымыздың жұлдызы биіктеп, бақ-берекенің нұры төгілсін деген ниетті білдіреді.

Люба

Шаңырақ

Алтын шаңырақ — «Қазақстан — қара шаңырақ» ұғымымен үндес. Ол шаңырақ астындағы халықтардың бірлігі мен татулығын, ортақ үйдің биіктеп, күннің шуағы мен бақыт нұры төгілсін деген ізгі тілекті танытады.

Сұлтан

Қанатты тұлпар

Қанатты тұлпар — қазақтың аңыз-ертегілерінен келген бейне. Аңыздарда ол ерлік пен еркіндікті, халықты ауыртпалықтан азат ету жолындағы күресті білдіреді.

Индира

Бидай сабақтары

Бидай сабақтары — молшылық пен берекенің нышаны. Аспаны ашық, жұлдызы жарқыраған, шаңырағы биік елдің перзенті болу — әр азаматтың арманы.

Өмір

Конституция және рәміздерді құрметтеу

Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда референдум арқылы қабылданды. Ол 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады.

9-бап

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері — Туы, Елтаңбасы және Әнұраны. Олардың сипаттамасы және ресми пайдалану тәртібі конституциялық заңмен бекітіледі.

34-бап

Әркім Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті.

Игорь

Сұрақ-жауап: білімді бекіту

Тәрбиеші: «Ешқашан жалықпайық, білім алу жолында талмайық, бір-бірімізге дос-бауыр деп қарайық. Сонда ғана өз Отанымыздың нағыз азаматы бола аламыз. Олай болса, “Отан” деген сөзді қалай түсінеміз? Отан деген не?»

Талқылауға арналған сұрақтар

  1. Қазақстанның мемлекеттік тілі қай тіл?
  2. Қазақстанда қандай ұлттар тұрады?
  3. Қазақстан көлемі жағынан әлемде нешінші орын алады?
  4. Қазақстанның астанасы қай қала?
  5. Қазақстанның ұлттық валютасы қалай аталады?
  6. Президенттің жұмыс орны қайда?
  7. Қазақстан тәуелсіздікті қашан алды?
  8. ҚР Конституция күні қашан?
  9. Мемлекеттік рәміздерге нелер жатады?
  10. ҚР Туында не бейнеленген?
  11. Тудың авторы кім?
  12. Әнұранның авторлары кімдер?

Оқушылар өлең, тақпақтарды жатқа айтады.

Қорытынды: қасиетті борыш

Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу — тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы. Рәміздерді құрметтеу — елді, халықты, тарихты, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді қастерлеу.

Ант

Мен, өз Отанымды сүюге, қадірлеп-қорғауға, мемлекеттік рәміздерді және тілімізді құрмет тұтуға, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете отырып, елімнің көркейіп, дамуына өз үлесімді қосуға ант етемін.

Тәрбиеші: «Қорытындылай келе, өз жерімізді, рәміздерімізді, Отанымызды құрметтеуге және патриоттық сезімімізді нығайтуға тырысайық. Туған жер — киелі ұғым. Әр қазақстандық оны құрметтеп, қастерлеуге міндетті екенін ұмытпайық».

«Ел ерімен мақтанар, жер кенімен мақтанар». Елімізді қорғар ер-азаматтар, асыл ұрпақтар, тәрбиелі ұл-қыздар молая берсін.

Дерек

Алматы облыстық №1 балалар үйі
Тәрбиеші: Аюбаева Айнұр Ақанқызы