Қарттарым - асыл қазынам атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер

Тәрбие сағатының мазмұны

Өтетін орны
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы
М. Әуезов атындағы орта мектеп
Мұғалім
Булекбаева Гульжан Еркешовна
Бастауыш сынып мұғалімі
Тақырып
Қарттарым – асыл қазынам

Мақсаты

  • Үлкенді сыйлауға, адамгершілікке, ізеттілікке тәрбиелеу.
  • Өлеңді мәнерлеп оқуға дағдыландыру.
  • Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.
  • Жауапкершілікке баулу.

Көрнекілігі

Нақыл сөздер Слайдтар Шарлар Интерактивті тақта

Интерактивті тақтада тәрбие сағатының тақырыбы алдын ала көрсетіліп тұрады.

Кіріспе сөз

Мұғалім:

Көп жасаған қария,

Ақылы теңіз – дария.

Көп өнеге сөзі бар,

Сөзі – соқпақ, сөзі – нәр.

Қымбатты ақ жаулықты әжелер мен ақылдың кенін арқалаған айбынды аталар! 3-сынып оқушыларының қатысуымен «Қарттарым – асыл қазынам» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші

Мерекелеріңіз құтты болсын, ата-апа!

Көкіректен жыр төгілмей жата ма?

Зейнетіне жетіңіздер өмірдің,

Кенеліп бір ілтипатты батаға.

2-жүргізуші

Ата салты ардақты,

Әрбір сөзі салмақты.

Сол сөздерді ұқпасаң,

Тістерсің бір күн бармақты.

Оқушылар жұмбақтары

1-оқушы

Айтары мол ғұлама, көп жасаған бұл адам.
Әкесі ол әкеңнің, білер оны сұраған.
Жауабы: Ата

2-оқушы

Аймалайды «күнім» деп, мейірімді жүзі күлімдеп.
«Тәтті-ақ» дейді немере, бал шырындай үнің деп.
Жауабы: Әже

Ата мен әже туралы ой-толғау

1-жүргізуші

Ата – ардақты тұлға. «Әкеден ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп халық ұрпаққа атаның мұрасын жалғастыруды уағыздайды. Ата ұрпағының қайырымды, мейірімді, ақылды, іскер болуын тілеп, өмір бойы қамқорлық танытып, өнеге көрсетеді, өсиет айтады.

2-жүргізуші

Әже – ақ сүт берген аналардың анасы. Әже әрқашан балалық бал дәуреннің басы-қасында болып, асыраушы, аялаушы, тәрбиелеуші басты жан. Көп жағдайда ана перзентін әженің қарауына қалдырады. «Жан жүрегім, жарығым» деп әже немересін, шөбересін жүрегіне теңеп, бар мейірімін арнап тәрбиелейді.

Өлеңдер мен көркем сөз

3-оқушы

Бала, немере туралы ақын Мұзафар Әлімбаев былай дейді:

Бала деген бал екен,

Бал дегенің бала екен.

Немеренің бойында,

Бар жақсылық бар екен.

Туған балаң жай ғана,

Демесең де жат бөтен,

Нағыз бала ойласаң,

Немере екен тәтті екен.

4-оқушы

Тентек болсам ашынып,

Жақсы іс қылсам асырып.

Маған сақтап жүреді,

Тәттіні де жасырып.

Тосып тәтті дәмдерін,

Ол бар жерде бал жедім.

Мен ұйықтарда айтады,

Ертегісін, әндерін.

Біздің үйде осындай,

Әжетайым бар менің.

5-оқушы

Ата-әжем – мақтанышым менің де,

Қонақ болып отыр менің төрімде.

Өзіңізге арнап, тәтті үніммен,

Ән салатын кезім келді менің де.

Ән

«Сағындым, әже, өзіңді»

Тәрбиелік түйін

1-жүргізуші

Қазақ «Төріңнен қарт кетпесін» деп тілеген халық. Жасы үлкенге құрмет көрсету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – ата дәстүріміз. Өмір сыйлаған, тіршілігіңе нәр берген ата-ананың алдында адамның парыз-міндеті өлшеусіз.

2-жүргізуші

Қазақ ғұрпында ата-ананың орны – ерекше, қадір-қасиеті – биік. Ананың ақ сүтін, әкенің адал күшін ақтау – өз болашағыңды сақтау.

Қорытынды өлеңдер

6-оқушы

Қарттық деген қасиетті ұғым бір,

Мені өзіңнің пейіліңмен жылытқыр.

Балалардың болашағын аңсаған,

Бойларында бір керемет жылу жүр.

7-оқушы

Қарттарым, жүректерің неткен дархан,

Көтерген тұрмыс жүгін сенің арқаң.

Жолыңды жүріп өткен қарасам мен,

Оқитын келешекте бір-бір дастан.

8-оқушы

Таң атып, күн де шыққан өздеріңмен,

Жалындап жұлдыз жанған көздеріңнен.

Тербедің көктем бағын самал болып,

Өсиет жастарға айтқан сөздеріңмен.

1-жүргізуші

Ата-әже – ауылымның асылдары, жайнасын көңілдердің жасыл бағы.