Тәуелсіздік жолындағы күрес шежіресін ұғындыра отырып оқушыларды Отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу

Сабақ туралы мәлімет

Мұғалім
Саулебаева Ләззат Шәкиқызы, I санатты бастауыш сынып мұғалімі
Мекеме
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы ауылы, №100 орта мектеп
Тақырып
«Тәуелсіздік — тәу етер киелі ұғым»
Сабақтың түрі
Дәстүрлі
Көрнекілігі
Н. Ә. Назарбаевтың портреті, мемлекеттік рәміздер суреттері, слайд материалдар

Мақсаты

  • Тәуелсіздік жолындағы күрес шежіресін ұғындыру арқылы оқушыларды отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу.
  • Еліміздің тарихы жөнінде түсінік беріп, өз Отанын сүюге баулу, туған елге сүйіспеншілігін арттыру.

Тәрбиелік міндеттері

  • Оқушыларды инабаттылыққа, мәдениеттілікке, парасаттылыққа тәрбиелеу.
  • Үлкенге құрмет көрсету, сыпайылық пен әдеп сақтаудың жолдарын меңгерту.

Дамытушылық міндеттері

  • Еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілікті оятып, оқу-танымдық ынтасын арттыру.
  • Халқымыздың рухани байлығын бойына сіңіртіп, ата дәстүрін ардақтауға, аталы сөзден ғибрат алуға дағдыландыру.
  • Адамгершілік қасиеттерді берік ұстануға тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру кезеңі

  1. Амандасу.
  2. Тәрбие сағатының тақырыбымен таныстыру.
  3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындау.

Жоспар

  1. Кіріспе
  2. Ел тарихынан шағын түсінік
  3. Өткен жылдардың жемісі
  4. Тәуелсіздікке — 21 жыл

Кіріспе: Тәуелсіздік — ұлт жүрегіндегі ұлы ұғым

Тәуелсіз мемлекетіміздің 21 жылдығына орай өткенімізге көз жүгіртіп, тарих тағылымын бағамдайық. Тәуелсіздік — елдік сананы бекітіп, болашаққа бағдар беретін киелі ұғым.

Ел тарихынан: Желтоқсан — қайсарлықтың таңбасы

«Желтоқсан оқиғасы» деген сөздің өзінен-ақ ызғар есетіндей. Бұл күн еске түскен сайын мұз жастанып, қар төсенген қиын сәттер ойға оралады. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қазақ топырағында қайсар рухты ұрпақтың бар екенін әлемге аңғартты.

Негізгі ой

Желтоқсан — тәуелсіздікке бастар жолдағы ұлттық намыс пен еркіндікке ұмтылыстың айқын көрінісі.

Тәуелсіздікке апарған тарихи белестер

  • 1989

    Жазда Г. Колбин Мәскеуге шақырылып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып Н. Ә. Назарбаев тағайындалды.

  • 1990

    24 сәуір — Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясында Н. Ә. Назарбаев тұңғыш рет Президент болып сайланды.

  • 1990

    25 қазан — Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Егемендік туралы Декларацияны қабылдады.

  • 1991

    1 желтоқсан — бүкілхалықтық сайлау өтіп, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті болып Н. Ә. Назарбаев сайланды.

  • 1991

    16 желтоқсан — Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған, ұлттық тарихқа алтын әріппен жазылған күн. Бұл — «сөнген шырақ қайта жанған» күн.

Маңызды дерек

16 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні, ұлттық мереке.

Өткен жылдардың жемісі: Тәуелсіз елдің табыстары

Мемлекеттік рәміздер мен заңнамалық қадамдар

  • 1992, 4 маусым — Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран туралы заңдарға қол қойылды.
  • 1993, 30 маусым — тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Ата заңы қабылданды.
  • 1991, 16 желтоқсан — Қазақстан тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде жарияланды.

Елдік жетістіктер мен рухани белестер

  • 1992, қазан — тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа самғады.
  • 1995 — Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы аталып өтті.
  • 1996 — Тәуелсіздіктің 5 жылдығына арналған Тәуелсіздік монументі ашылды.
  • 2001, 16 желтоқсан — тәуелсіз еліміз 10 жасқа толды.
  • 2008 — Астана қаласының 10 жылдығы аталып өтті.

Аумағы

Қазақстан жер көлемі бойынша дүниежүзінде 9-орында, ТМД елдері арасында 2-орында тұр.

Астана

1997 жылы ел астанасы Астана қаласына көшірілді. Бүгінде Астана — ірі, экономикалық дамыған мәдени орталықтардың бірі.

Бірлік

Қазақстан — көпұлтты, татулық пен ынтымақты ту еткен бейбіт ел. Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүруде.

Тәуелсіздікке — 21 жыл: ой түйін

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін небір тар жол, тайғақ кешуден сүрінбей өтіп, әлемге танылды. Еліміздің әр қадамы тарихтың жарқын беттерінде із қалдырып келеді.

Қорытынды ой

Қазақстан таяудағы жылдар ішінде әлемдік бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіруі тиіс. Бұл — бәсекеге төтеп беру деген сөз. Әлемдік бәсекеге төтеп берудің басты шарты — күшті рух пен білім. Өз Отанының патриоты болу — әр азаматтың биік парызы.