Балалар денсаулығы - ұлт денсаулығы
Атырау облысы, Исатай ауданы
Х. Наубетов атындағы орта мектеп
Бастауыш сынып мұғалімі: Нұрмашева Шарбану Насырқызы
Формат
Спорттық шара
Балалар денсаулығы – ұлт денсаулығы
Денсаулық — өмірдің ең қымбат қазынасы. Еңкейген кәріден бастап бесіктегі балаға дейін салауатты өмір сүруге ұмтылып, оған қоғам да, мектеп те жағдай жасап, денсаулықты сақтауға және нығайтуға бірлесе атсалысуы тиіс.
Негізгі ой
Күнделікті таңертеңгілік жаттығуды, жүгіруді дағдыға айналдырсақ, егемен еліміздің мықты азаматы болып өсеміз. Көп адам денсаулықтың қадірін жоғалтқанда ғана түсінеді. Сондықтан салауатты өмір салты туралы біліммен алдын ала қарулану — әрқайсымыздың міндетіміз.
Мақсаты мен міндеттері
I. Білімдік
- Оқушыларды салауатты өмір сүруге шақыру.
- Салауатты өмір салтын қалыптастыру.
- Эстафеталық ойындарға қызығушылықты арттыру.
II. Тәрбиелік
- Жаман әдеттен аулақ болуға тәрбиелеу.
- Достыққа, ынтымаққа және инабаттылыққа баулу.
- Елжандылыққа тәрбиелеу.
III. Дамытушылық
- Күш қасиетін дамыту.
- Жылдамдықты арттыру.
- Ептілікті қалыптастыру.
Қажетті құрал-жабдықтар
Шараның өту барысы
Кіріспе сөз
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Сіздерді «Балалар денсаулығы – ұлт денсаулығы» атты спорттық шарамызға қош келдіңіздер дейміз. Денсаулықты сақтау мен нығайту — ортақ жауапкершілік. Ол үшін күн сайын қозғалысты көбейтіп, таңғы жаттығуды тұрақты әдетке айналдыру қажет.
Жүргізушінің үндеуі
Жүргізуші:
Ал, құрметті халайық! Жарысты енді көріңіздер. Әділқазы алқасы, әділ баға беріңіздер!
Жарыс басталар алдында әділ бағасын беретін әділқазылар алқасымен таныстырамыз. Жарыстың басты талабы — әділдік, тәртіп және өзара сыйластық.
Топтарды таныстыру
I топ
Сымбат
II топ
Денсаулық
-
Таныстыру
Әр топ өз құрамын таныстырады.
-
Сәлемдесу
Қарсыласқа құрмет көрсету рәсімі.
-
Ұран
Топ ұраны айтылады.
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Топтармен таныстық, қазылар алқасын сайладық. Ендеше, құрметті сайыскерлер, сіздерге сәт-сапар!
Эстафеталық ойындар
-
1) Кедергілерден өту
Сөреден жүрелей шығып, төсеніште алға аунап, жалауды айналып, кедергілерден жүгіріп қайтады. Эстафетаны ең жылдам аяқтаған топ жеңеді.
-
2) «Шаяндар» сайысы
Ойыншылар белгіленген сызыққа дейін «шаян жүрісімен» жүріп өтеді де, келесі ойыншыға эстафетаны береді. Тапсырманы бірінші аяқтаған топ жеңіске жетеді.
-
3) «Картобыңды егіп кел де, жинап ал!»
Топ капитанының қолында дорбада картоп болады. Белгі бойынша картопты бір-бірден шеңберге орналастырады («егеді»). Біткен соң жүгіріп келіп, дорбаны келесі ойыншыға береді. Келесі ойыншы картопты жинап, қайтадан дорбамен жалғастырады. Қай топ бұрын аяқтаса, сол жеңімпаз.
-
4) Допты бастан асыра беру және аяқ арасынан өткізу
Бірінші оқушы допты бастан асыра береді, екінші оқушы аяқ арасынан өткізеді. Осы тәртіппен жалғасады. Қай топ бұрын аяқтаса, сол топ жеңеді.
-
5) Арқан тарту
Белгі бойынша әр топ арқанды өз жағына қарай тартады. Үш рет тартылғаннан кейін екі рет жеңген топ жеңімпаз атанады.
-
6) Тұсау кесу (эстафета)
Оқушылардың аяғына байланған тұсау жібімен белгіленген жерге дейін секіріп барып, айналып өтеді. Қай топ бірінші келсе, сол жеңімпаз.
-
7) Шеңбер ішінде тіресу
Шеңбер сызылады. Әр топтан бір-бір баладан шығып, бір аяқпен тұрып, екі қолын артқа ұстайды. Белгі берілген соң екі бала шеңбер ішінде тіреседі. Шеңберден шыққан ойыншы жеңіледі, шеңберде қалған ойыншы жеңеді.
Қорытынды
Әділқазылар шешімі
Жүргізуші:
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Сөз кезегі әділқазылар алқасына беріледі. Әділқазылар сайыс шарттары бойынша қорытынды шығарып, жеңімпазды жариялайды.
Түйін сөз
Бүгінгі сайыста оқушылар өздерінің күшін, ептілігін және жылдамдығын көрсете білді. Енді «Балалар денсаулығы – ұлт денсаулығы» шарасын қорытындылайтын сәт келді.
Уа, халқым, назар аудар денсаулыққа!
Өмірде бақыттысың денің сау да.
Денсаулық — терең бақыт деген сөзді,
Құр айтпаған ұлы Абай данамыз да.
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Келгендеріңізге көп-көп рақмет. Сау-саламат болыңыздар!