Адамдар қысқа дайындалу үстінде
Алтын күз: Балқаш қаласындағы мектеп оқушыларының шығармалары
Қарағанды облысы, Балқаш қаласы, Сәкен Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып оқушылары «Алтын күз» тақырыбында өз ойларын жазды. Бұл жинақта күздің құбылмалы мінезі, молшылық пен еңбек, әрі Білім күні сияқты ерекше сәттері суреттеледі.
Негізгі тақырыптар
- Табиғаттың алтын түске боялуы
- Егін, бау-бақша, өнім жинау
- Құстардың жылы жаққа ұшуы
- Мектептің қоңырауы, жаңа оқу жылы
Күздің көңіл күйі
Бірде жаңбырлы, бірде шайдай ашық аспанды күндер; қоңыр салқын мен ұзара түскен түндер — балалардың байқампаздығымен әсерлі берілген.
Неге «алтын» күз?
Сарғайған жапырақтар айналаны алтын түске бөлейді, ал жинаған өнім — еңбектің жемісі. Сондықтан күз береке мен молшылықтың нышаны ретінде айтылады.
Жинақ мазмұны
Әр мәтін — бастауыш сынып оқушысының өз тілімен айтқан күз туралы әсері. Кейбірі қысқа қамдануды, кейбірі мектепке сағынышпен оралуды, енді бірі табиғаттың үнсіз әсемдігін суреттейді.
Оқу ыңғайы
Әр шығарма бөлек блокпен берілді: алдымен мәтін, соңында авторы мен сыныбы көрсетілді.
Алтын күз
Күз — ғажайып мезгіл. Ол адамның көңіл күйіндей құбылмалы: бірде жаңбыр жауады, бірде күн шайдай ашылып тұрады. Күзде Білім күні басталады. Мектеп табалдырығын алғаш аттайын деп тұрған балалар да, үлкендер де қуанады. Өйткені дәл осы күннен бастап өмірге көзқарасымыз кеңейіп, әлемді танып-білуге қадам жасаймыз.
Күзде жапырақтар сарғайып, айнала алтын түске боялады. Құстар жылы жаққа ұшады. Күн қысқарып, түн ұзарады. Күн суытқанда көптеген жан-жануар мен жәндіктер қысқы ұйқыға кетеді. Күздің байлығы — бақшада піскен көкөністер мен жемістер, малдың семірген шағы. Бұл уақытта қысқа қам жасау үшін қызу еңбек жүреді: адамдар ашық күнді пайдаланып, егінін жинайды.
Күз неткен керемет! Күз — байлық пен молшылықтың мезгілі.
Алтын күз
Күзде адамдар жаз бойы еккен бау-бақшасын жинап, қысқа дайындала бастайды. Құстар жылы жаққа ұшуға қамданады. Менің анам да тосап қайнатып, қысқы азықты әзірлейді. Мұның бәрі — күздің келгенінің белгісі.
Маған күз өте жақын. Дала сары ала түске боялады. Күз — молшылықтың, берекенің мезгілі. Жеміс-жидек піседі, жапырақтар қызыл-сары түске енеді. Оларды жинап, кептіріп, түрлі композициялар жасауға болады.
Балалар мектепке асығады, үш ай көрмеген достарымен қауышады. Түн ұзарып, күн қысқарады. Дала қоңыр салқын, күннің көзін сирек көреміз. Қызыл-сары жапырақтар жерге кілем төселгендей әсер қалдырады. Сондықтан бұл мезгілді «Алтын күз» дейміз.
Алтын күз
Алтын күз келді. Жапырақтар сарғайып, жерге түсіп жатыр. Жерге сары кілем төселгендей, жұмсақ әсер береді. Күзді «алтын күз» деуіміздің себебі — айналаның бәрі сары түске боялады.
Алтын түске енген күзде қоңырау қайта соғылып, балалар мектеппен қауышады. Оқу жасы жеткен бүлдіршіндер алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, білім нәрімен сусындауға бет алады. Ұстаздар да кішкентай жүректерден таудай тұлға қалыптастыруды мақсат етіп, үмітпен қарайды.
Бұл уақытта құстар қимай ән салып, алысқа ұзағандай болады. Тіршілік иелері қысқа дайындалып, тынымсыз қимылдайды. Адамдар егін орып, астық жинап, қыстан шығудың қамын жасайды. Табиғат та келер көктемде қайта құлпырарын сездіріп, мейірімін төгетіндей.
Алтын күз (эссе)
Міне, мерекелі де берекелі күз келді. Күз — молшылық пен байлықтың айы. Жапырақтар сарғайып, жерге түсіп жатыр. Бейнебір жерге сары кілем төселгендей.
Алтын түске боялған күзде балалар мектеппен қайта қауышады. Адамдар еккен егінінің жемісін көреді: өнім жиналып, қамба астыққа толады. Күзде жан-жануар да қыстың қамына кіріседі. Күн суытқанда құстар жылы жаққа ұша бастайды.
Күз — қызықты жайттарға толы, еңбектің қайнайтын шағы. Дала қоңыр тартса да, адамдардың көңілі жадыраңқы. Өйткені барлығы ырыс пен береке алып келген алтын күзге разы.
Алтын күз
Күз — өте тамаша мезгіл. Ол да адамның көңіл күйіндей құбылмалы: бірде жаңбыр жауады, бірде күн шайдай ашылады. Күзде Білім күні басталады. Мектеп табалдырығын аттайын деп тұрған балалар үшін бұл күн ерекше. Бұл күн біз үшін де маңызды, өйткені осы сәттен бастап өмірге көзқарасымыз кеңейіп, әлемді тани бастаймыз.
Күзде жапырақтар сарғайып, айнала алтын түске боялады. Жерге алтын кілем төселгендей болады. Түсін өзгертпеген шыршалар ғана ерекше көрінеді. Құстар жылы жаққа ұшады, ал балалар аула жұмысын бөлісіп, бірі жеміс-жидек жинап, бірі түскен жапырақты тазалайды. Еңбек те бар, ойын да бар — бәрі көңілді.
Жануарлар да қылышын сүйретіп келе жатқан қысқа дайындалады: қоян, қасқыр, түлкі секілді аңдардың жүні қалыңдайды. Адамдар да қызу еңбек үстінде: диқаншылар егістікте дән жинаса, ауыл адамдары отын-көмірін түсіріп, қыстан қысылмай шығудың қамын жасайды. Маған күз мезгілі қатты ұнайды.
Алтын күз
Сағындырған күз де келіп жетті. Жапырақтар сарғайып, жерге түсіп жатыр. Жер беті алтындай құлпырып, құдды бір кілем төсеп қойғандай. Жеміс-жидек те самсап пісіп тұр. Құстар жылы жаққа ұшып барады. Адамдар жылы киіне бастады.
Маған күз мезгілі қатты ұнайды. Өйткені менің туған күнім де күзде. Ата-анам мен туыстарым көп сыйлық сыйлайды. Сондықтан мен күзді ерекше жақсы көремін.
Менің «алтын күзі»
Мен алтын күзді ұнатамын. Кішкентай сіңілім оны онша жақсы көрмейді — бұл оның көңілсіз күзі. Бірақ адамдардың бәрі оны «алтын күз» дейді. Сіңілім ұнатпаса да, күз менің өмірімнің алтын күзі болып қала береді.
Неге? Анам мен әкем бізді еркелеткенде «алтын қызым» дейді. Анамның айтуынша, адам өміріндегі ең қымбат дүниесін алтынға балайды. Алтын — асыл, ең қымбат металл. Ендеше адамдар күзді неге «алтын» деп бағалайды?
Күзбен бірге мен үшін маңызды күн — Білім күні келеді. Бұл — бір себеп. Сонымен қатар осы мезгілде жеміс-жидек, көкөніс, дәнді дақылдар өнімін береді. Қанша маңдай термен келген еңбектің нәтижесі де күзде көрінеді. Сондықтан күзді «алтын» деп еркелетсе керек.
Сарғайған жапырақтар даланы алтын түске бөлегенде, оның «алтын күз» аталуы заңды. Ал мен үшін жылы шұлық киіп, көрпеге оранып, ыстық шай ішіп отыратын жайлы сәттері де — алтын күздің бір бөлігі. Бір күні бұл мезгіл сіңілімнің де «алтын күзіне» айналарына сенемін.
Сары алтындай, алтын күз
«Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, күз болып дымқыл тұман жерді басқан…» деп Абай атамыз айтқандай, салқын лепті сары алтындай күз де келіп жетті. Дала суытып, күн салқындады. Табиғат бейнебір қабағын түйіп, реніш білдіргендей. Күннің шуағы да қою бұлттың арасынан әрең сығалап көрінеді. Айнала тым-тырыс, улап-шулап жүрген балалар да байқалмайды.
Бір мезетте күн күркіреп, жаңбыр құйып жіберді. Қатты желден ағаштар жылылық іздегендей күй кешті: жазғы жасыл жапырақтарынан айырылып, сары ала жапырақтары желмен тербеліп, жерге түседі. «Япырай, мен мұны бұрын қалай байқамағанмын?» деп ойладым. Күздің керемет бояуы — осы сары ала жапырақтармен сәнделгендей.
Жер беті сап-сары, бейнебір түскиіз жерге жайылып жатқандай. Тиін ағаштан ағашқа секіріп, ініне жаңғақ тасиды, басқа аң-құс та азығын қысқа дайындайды. Егістікке шықсам, нағыз қызу еңбек жүріп жатыр екен: адамдар егін орып, өнімін жинауда. Әжем картоп, сәбіз, асқабақ, қызылша теріп әлек. Балалар да осында — ата-анасына қолғабыс етуде.
«Еңбектің наны тәтті», — деп үлкендер ризашылықпен айтады. Күз — жомарт, күз — береке. Иә, күздің атқарар қызметі көп: бүкіл табиғатты қысқа дайындап үлгеру оңай ма?
Алтын күз
Күз келді. Айнала құдды бір алтын түске боялғандай. Аспанда күннің шуағы болар-болмас қана көрінеді. Күн суытып, жаңбыр жиілей бастады. Адамдар қысқа дайындалу үстінде.
Егіншілер далада қызу жұмыс жасап, өнім жинайды. Бау-бақшадағы көкөністер мен жемістерді теріп, салат, тосап, компот дайындайды. Жануарлар да азығын қамдайды: аю мен борсық қыста ұйқыға кетеді, ал кірпі бал, саңырауқұлақ, жеміс жинап, інінде қыстайды.
Құстардың көбі жылы жаққа ұшып кетеді, бірақ қыстап қалатындары да бар. Қыста жем табу қиын болғандықтан, біз қанатты достарымызға жем шашып, ұя жасап көмектесуіміз керек.
Күзде сыңғырлаған қоңырау үні балаларды мектепке шақырады. Күздің алғашқы күндерін оқушылар ерекше жылылықпен қарсы алады: білім алуға, алтын ұя мектебіне асығады. Маған күз мезгілі қатты ұнайды.
Күз келді (өлең)
Әне-міне дегенше, күз де жетті. Мұны мен күнтізбеден ғана емес, ауа райынан да байқадым: далада қатты жел соғып, жаңбыр жауып, күн түнеріп тұрды. Жаздағы көріністерден көп нәрсе қалмаған. Сол себепті өз ойымды өлең жолдарымен жеткізгім келді.
Жасыл жапырақ сарғайды, Өңі қашты бау-бақтан. Ертелі-кеш ызыңдап, Жел соғады жан-жақтан. Күннің көзі тым алыс, Қарап едім аспанға. Мұңды сазбен ән салып, Ұшып барады құстар да. Жылы киім киінген, Адамдар жүр далада. Жинап алып бау-бақтың, Дайындады тағамды. Қоңырқай күз біздерді, Шақырады мектепке. Білім алып өсемін, Ендігі жаз шыққанша...
Қысқа қорытынды
Бұл шығармаларда күз — жай ғана мезгіл емес, еңбек пен молшылық, сағыныш пен қуаныш, әрі білімге бастар жол ретінде көрінеді. Табиғаттың бояуы өзгерген сайын, балалардың сезімі де тереңдеп, ойы айқындала түседі.