Содан кейін жігітке Сақинаны тап
Халқымыздың тарихи-мәдени мұраларының түрі сан алуан. Сол мұралардың әрқайсысы адамға қызмет етуге, игілік әкелуге бағытталған. Осындай аса құнды қазынаның бірі — ұлттық ойындар. Олар атадан балаға, үлкеннен кішіге аманат болып жалғасып, ұлттың мінезін, рухын және өмір салтын сақтап келеді.
Сабақтың мақсаты
- Ұлттық ойындардың қалыптасу тарихы мен ұрпақтан ұрпаққа жалғасу мәнін түсіндіру.
- Ойын түрлерінің мазмұнын таныстырып, ойнату арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыру.
- Ұлттық ойындарды баға жетпес байлық ретінде қадірлеуге, денсаулықты шыңдауға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
Слайдтар (ұлттық ойындарға қатысты суреттер), бейнероликтер, шарлар және қосымша материалдар.
Кіріспе ой
Ұлттық ойындар тек көңіл көтерудің амалы емес. Олар адамның дене күш-қуатын арттырып, шапшаңдыққа, дәлдікке, төзімділікке баулиды. Сонымен бірге ойлау қабілетін дамытып, мінезді шыңдап, жас ұрпақты елдік рухқа тәрбиелейді.
Ерте кезде батырлар мен жауынгерлердің, ел ішіндегі беделді тұлғалардың шымырлығы мен ептілігі де ойын үстінде танылған. Ойын арқылы шыныққан адам өз бойындағы табиғи қабілетті ұштайды, қайратын да, қайсарлығын да қалыптастырады.
Ұлттық ойындар қандай қасиеттерді қалыптастырады?
Ойындар әлемі: түрлері мен мәні
Көкпар
Көкпар — ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Ойын атауы «көк бөрте» (лақ) сөзінен шыққан деген түсінік бар. Көкпарға көбіне жасы толған семіз серке таңдалады: оның терісі берік, жыртылуға төзімді, орташа салмағы шамамен 20–30 кг.
Бұл ойын жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін арттырып, ат үстінде мығым отыру дағдысын қалыптастырады. Сонымен қатар көкпар — аттың бабын, үйретілуін және жүйріктігін сынайтын нағыз спорт.
Бәйге
Бәйге — жүйрікті танитын, төзімділікті талап ететін ұлттық жарыс. Бұл сайыста аттың қуаты ғана емес, шабандоздың есеппен шабуы, сабырлы тактикасы және жолды сезінуі де сыналады.
Бәйге міне басталды,
Қосылдым мен шетінен.
Озып шықсам егер де,
Әжем сүйер бетімнен.
Теңге ілу
Теңге ілу — бозбалалар мен жігіттердің атпен ойнайтын ептілік ойыны. Көбінесе қыз ұзату, сүндет той секілді думанды мерекелерде ойналады. Мұнда жігіттің атқа мығымдығы, ат үстіндегі қимылы, денесін еркін игеруі сыналады.
Кейде ырым ретінде жас келін шолпысы немесе күміс әшекейін орамалға түйіп, бір қарыстай терең қазылған шұңқырға салып қояды. Сәйгүлік мінген жігіттер белгілі қашықтықтан екпіндете шауып келіп, шұңқырдағы орамалды іліп әкетуі тиіс. Шұңқыр тұсында тоқтауға немесе атты бәсеңдетуге болмайды. Іліп әкеткен адам оны сый ретінде қабылдап, көбіне өзі алып қалмай, қалаған кісісіне тарту етеді.
Ала алмасаң теңгені,
Мазақ қылар көпшілік.
Ілу үшін теңгені,
Керек екен ептілік.
Алтын қабақ (Жамбы ату)
Алтын қабақ (жамбы ату) — шауып келе жатқан ат үстінде нысананы дәл көздеп атып түсіру сайысы. Мұндай жарыстарда биік бағанаға нысана ретінде жамбы (күміс құймасы) ілініп, оны қыл немесе жібек жіппен байлаған. Шабандоз садақпен жамбыны атып түсіріп, жеңіске жетуге тырысқан.
Бұл ойын шабандоздық пен мергендікті қатар дамытып, жігіттерді жинақылыққа, көз дәлдігіне үйреткен.
Кімнің көзі қырағы —
Жамбы атуға шығады.
Кім тигізсе жамбыға,
Сол — елінің ұланы.
Күрес
Күрес — қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан, терең тарихы бар ұлттық сайыс. Мұнда адамның жеке күш-қайраты, айласы мен төзімі сынға түседі. Палуан қарсыласынан именбей, әдіс-тәсілін орнымен қолданып, намысын қайрайды.
Палуан болу оңай ма?
Қажет оған көп айла.
Сол үшін біз аянбай,
Көп күрестік көгалда.
Аударыспақ
Аударыспақ — салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып түсіруге бағытталған күш сайысы. Бұл ойынға қайратты, батыл, төзімді әрі ат үстінде еркін қимылдай білетін жігіттер қатысады.
Ежелден келе жатқан аударыспақ жаугершілік кезеңдерде найза ұстаған, қылыш сермеген жауынгерге керек қасиеттерді қалыптастырған. Қазір де мерекелерде спорттық ойын ретінде көрсетіліп жүр.
Ортақ қуаныш: өнер мен ойын
Қазақтың кез келген той-мерекесі ән-күйсіз өтпеген. Ойын мен өнер — елдің бірлігін бекемдеп, рухын көтеретін егіз қазына. Осы орайда «Қара жорға» биі секілді ұлттық билер де көпшілікке серпін беріп, мерекенің сәнін кіргізеді.
Біздер шымыр, жүйрік те —
Ойынменен шынықтық.
Еп қана емес, бірлік те
Керек екен соны ұқтық.
Ойнап көрейік: көпшілікке арналған ойындар
Арқан тартыс
Топтық күш пен үйлесімділікті талап ететін ойын. Бірлік пен ұйымшылдықты айқын көрсетеді.
Сақина салу
Жеребе арқылы бір қыз бен бір жігіт ортаға шығады. Қалғандары екі қолын уыстап, тізесінің үстіне қояды. Қыз қолындағы сақинаны әр ойыншының алақанына салғандай болып, бәрін аралап өтеді де, іздеушіге «Сақинаны тап!» дейді.
Іздеуші таңдаған ойыншыдан «Сақинаны бер!» деп сұрайды. Тапса — сақинаны ұстап отырған ойыншы айып төлейді, таппаса — іздеуші айып тартады. Айыптың өтеуі көпшіліктің қалауымен орындалады: ән айту, жұмбақ шешу, жаңылтпаш айту және т.б.
Асық ойыны
Көбіне ер балалар ойнайтын дәстүрлі ойын. Жаз күндері тақыр жерде ойналып, мергендік пен дәлдікті, есеп пен сабырды талап етеді. Ойын ережелері мен тәсілдері балалардың жасына қарай әртүрлі болады.
Қорытынды ой
Ұлттық ойындар — ата-бабамыздан жеткен, өткен мен бүгінді жалғайтын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз. Ойын адам қабілетін оятады, ой-өрісті кеңейтеді, қиялға қанат бітіреді. Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы да толық болмайды. Ол дүниеге қарай ашылған жарық терезе іспетті.
Ұлттық ойындарды ойнап, бойымызға күш жинап, ақыл-ойымызды толықтырып, еліміздің туын биікке көтеретін сегіз қырлы, бір сырлы азаматтар болып өсейік.
Ашық тәрбие сағаты Сапарбай Нұрлыбектің орындауындағы «Жаса, Қазақстан!» әнімен қорытындыланады.
Мұғалім: Ағысбаева Г.