Сайысты қорытындылау
Физика заңдылықтары мен информатика негіздері (сайыс сабақ)
Тақырыбы
Тапқыр достар
Мақсаты
- Физика мен информатиканы кіріктіре отырып, оқушылардың жылдам ойлауын дамыту.
- Өткен тақырыптарды еске түсіру арқылы сұрақтарға нақты жауап бергізу.
- Пәнаралық байланысты нығайту.
Әдісі мен көрнекілігі
Әдісі: талдау, сұрақ-жауап, ой қозғау.
Көрнекілігі: слайд.
Сайыстың барысы
I. Ұйымдастыру бөлімі
Қатысушыларды қарсы алу, командаларды таныстыру, ойын тәртібін түсіндіру.
II. Турлар бойынша сұрақ-жауап
Әр турда физика және информатика бойынша тапсырмалар орындалады.
III. Қорытындылау
Ұпайлар есептеліп, жеңімпаздар анықталады.
I. Ұйымдастыру бөлімі
Сәлеметсіздер ме! Бүгін өтетін «Тапқыр достар» атты кешке қош келдіңіздер! Бүгінгі ойынға екі топ қатысады: «Тапқырлар» және «Алғырлар».
Ойынды бастау тәртібі
Екі ұяшық беріледі. Ұяшықты топ басшылары таңдайды. 1 нөмірі шыққан топ сайысты бірінші бастайды.
Командаларды рәсімдеу
7 «а, б, в, г» сынып оқушылары команда атауын таңдап, капитан сайлайды. Әділқазылар алқасы бекітіледі.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Халыққа жар салайық,
Физиканы түсініп бір алайық.
Информатика тілінде,
Бүгінгі кеш төрінде
Сұрақ-жауап айтысып,
Шабыт тасып, шалқысып,
Көңілді кеш жасайық,
Мәреден бір асайық!
Турлар
I тур — «Білгір болсаң, тауып көр»
1-командаға физикадан 5 сұрақ, 2-командаға информатикадан 5 сұрақ қойылады. Ұпайды әділқазылар шешеді.
II тур — «Жүйрік болсаң, шауып көр»
Әр командаға 2 сұрақтан беріледі: 1-еуі физикадан, 1-еуі информатикадан. 5 минут ішінде жауап дайындалып, капитан қорғайды. Ұпайды әділқазылар шешеді.
III тур — «Ойлы болсаң, озып көр»
Әр командаға физикадан 3 жұмбақ, информатикадан 3 жұмбақ беріледі. Жауабын тапқаннан кейін қысқаша анықтама немесе түсіндірме жасайды. Ұпайды әділқазылар шешеді.
IV тур — «Мықты болсаң, жеңіп көр»
20, 30, 40 ұпайлық сұрақтар ұсынылады. Ұпай сәйкестілігін әділқазылар қадағалайды.
V тур — «Біле білсең, айтып көр»
Тақтада 8 ұяшық беріледі. Ұяшық нөмірі артқан сайын тапсырмалар күрделене түседі. Тапсырманы орындаған оқушы ұяшық ұпайын өз командасына қосады. Бір ұяшықта тосын сый бар.
VI тур — «Сұрағыма жауап бер»
Екі топқа да 5 сұрақтан қойылады.
Барлығы түсінікті болса, бастайық! Іске сәт!
I тур сұрақтары — «Білгір болсаң, тауып көр»
1-топқа (физика)
-
Табиғат құбылыстарына мысал келтір.
Мысалы: мұздың еруі, судың қайнауы, жылу алмасу, жарық құбылыстары және т.б.
-
Физика нені зерттейді?
Табиғаттағы құбылыстар мен олардың өзара байланыстарын зерттейді. «Фюзис» — «табиғат».
-
Астрономия нені зерттейді?
Аспан денелері туралы ғылым. «Астрон» — «жұлдыз», «номос» — «заң».
-
Табиғатты зерттеудің қандай тәсілдері бар?
Бақылау, эксперимент, физикалық теория.
-
Физикалық шаманы өлшеу дегеніміз не?
Оны өлшем бірлік ретінде алынған біртекті басқа шамамен салыстыру.
2-топқа (информатика)
-
Компьютер дегеніміз не?
Ақпараттық процестерді жүзеге асыратын негізгі құрал.
-
«Ақпарат» сөзі нені білдіреді?
Латынның information сөзінен шыққан: түсіндіру, баяндау, білу.
-
Ақпараттың мүмкіндіктері (ақпараттық процестер) қандай?
Алу, жіберу, өңдеу, сақтау.
-
Компьютердің негізгі және қосымша құрылғыларын ата.
Негізгі: жүйелік блок, монитор, пернетақта. Қосымша: колонка, микрофон, принтер, сканер, веб-камера және т.б.
-
Сканер дегеніміз не?
Қағаздағы кескінді түсіріп, дисплей экранына шығаруға мүмкіндік беретін құрылғы.