Бүгінгі Қайырымдылық - адамгершілік белгісі атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер
Қайырымдылық — адамгершілік белгісі
Бүгінгі мерекелік кешіміздің эпиграфы ретінде қазақтың ұлы ақыны Абайдың даналық сөзін алға тартамыз: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп».
Кештің негізгі мақсаты
- Қамқорсызға қамқор болып, тағдыр тауқыметін тартқандарға жәрдем беру.
- Жас ұрпақ бойына адамгершілік, ізгілік, қамқорлық, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді сіңіру.
- Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңын іске асыру аясында әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан оқушыларға қаржылай әрі материалдық қолдау көрсету.
Жүргізуші сөзі
Армысыздар, қымбатты қонақтар, ардақты ата-аналар, ұлағатты ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі «Қайырымдылық — адамгершілік белгісі» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!
Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы — жомарттық пен кеңпейілділік. Жомарттық — өзіңде барды зәру жанмен шын жүректен бөлісе білу, адамға қызмет қылып, жақсылық жасауға ықыласты болу.
Өмір туралы толғаныс
Өмірді мен жомарт деп айта алмаймын,
«Бекер айттым екен» деп қайта алмаймын.
Өйткені біреулерге бақыт қонса,
Біреулер сорлап жатыр, байқалмай тым.
Өмірді жұмақ деп те таңданбаймын,
Сазды әуенге елітіп алданбаймын.
Бір әумесер есірсе, есі кетіп,
Біреулерді күрсінтіп жүр толған қайғың.
Бұл өмір тәтті де емес тамсанатын,
Жеткізіп айта алмаған қаншама ақын.
Ойсыздарға ой салған оқпан болып,
Асып-тасқан жерінде ән салатын.
Күлкі емес күмбір қағып мөлдіреген,
Анаңның жүрегі емес елжіреген.
Еркелетіп бойыңа үйретіп ап,
Кеудеңе кептеп қояр желді үдеген.
Кейде жұрттың бәрінен артық етіп,
Түсірмейді қолыңнан асық етіп.
Бұл өмірге, апырай, дауа бар ма?
Кейде нұқып тастайды жасық етіп.
Қызығы да өмірдің осы болар,
Сан қилы мінезімен тосып алар.
Бірде сипап маңдайдан, бірде соғып,
Бауырындай құшақтап қосып алар.
Аудандық білім беру айлығы және нақты көмек
Осы бағытта аудандық білім беру бөлімі 2010 жылдың 11 қаңтары мен 11 ақпаны аралығында аудан аумағындағы барлық мектептерде жалпыға бірдей білім беру айлығын өткізді. Айлық барысында Бейнеу лицейінде оқушылардың толық тізімі жасалып, оқу мүмкіндігі шектеулі, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан білім алушылар, сондай-ақ жартылай жетім және әлеуметтік жағдайы қиын отбасылардан шыққан оқушылар анықталды.
«Қамқорлық» қайырымдылық акциясы
Демеуші болуға ниет білдірген 33 ата-ана өз үлестерін қосып, нәтижесінде 52 600 теңге көлемінде көмек жиналды. Бұл қаражатқа 12 оқушыға қыстық киімдер мен оқу құралдары берілді.
Тегін ыстық тамақ
Мектепте әлеуметтік жағынан аз қамтылған 20 оқушы мектеп асханасынан тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Бір баланың бір уақыт тамағы 179 теңге.
Тамақтың сапасы мен гигиеналық талаптардың сақталуын бақылау үшін арнайы комиссия құрылып, жүйелі түрде қадағаланды.
Бірлікпен жасалған игі іс
Тегін тамақ беріліп отырған балалардың әрқайсысының тағдыры әртүрлі. Бұл мүмкіндік мектеп ұжымы мен ата-аналар комитетінің жан-жақты зерделеуінен кейін ұсынылды.
- Мектеп асханасын жүргізіп отырған жеке кәсіпкер Бәтима Серікбаева өз қаражатымен 13 жартылай жетім баланы ыстық тамақпен қамтамасыз етті.
- 7 «А» сынып оқушылары өз еріктерімен қаржылай қолдау көрсетті.
Түйін сөз
Өркенім өссін десең,
Кекшіл болма — кесапаты тиер еліңе.
Елім өссін десең,
Өршіл болма — өскеніңді өшіресің.
Жанашыры жоқ жарлыға
Жәрдемші бол асыға.
Қиын-қыстау күндерде
Өзі келер қасыңа.
Қайырымдылық — бір күндік науқан емес, қоғамды ұйыстыратын ізгі дәстүр. Бүгінгі игі істер әр баланың жүрегіне үміт ұялатып, ертеңгі елдің еңсесін биіктетеді.