Үздік жас маман
Қош келдіңіздер!
Қайырлы күн, қадірлі ұстаздар мен жас мамандар! «Үздік жас маман» атты жас мамандар сайысына қош келдіңіздер!
Мұғалім — тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын қалыптастыратын маман. Өйткені ел ертеңінің кілті — бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Ал жас ұрпақтың тағдыры олардың бойына білім мен ізгілік нұрын себетін ұстаздардың қолында.
Ұстаз туралы ой
Ұстаз кім? Ұстаздық не? Ұғамын ба, әлде ол қарапайым мұғалім бе? Ұстаз жайлы дастанды парақтасаң, жанды тербетер терең ойға жетелейді.
Ұстаз — ақыл-ойдың кені, көш бастар замананың ері. Ұрпаққа хат болып жатталар өнегесі бар, ол — күллі әлемнің нұрындай қастерлі тұлға.
Жас мамандарға тілек
Ұстаздықты жүрек қалауымен таңдап, жоғары және арнаулы оқу орындарын абыроймен аяқтап, ортамызға келіп еңбек жолын енді ғана бастаған жас мамандарға: қадамдарыңыз құтты, еңбектеріңіз берекелі, жолдарыңыз ашық болсын!
«Жас маман» деген кім?
Ж
жігерлі
А
алғыр
С
сұлу да сымбатты
М
мақсаткер
А
айтқанды екі етпейтін
М
мінезі жайсаң
А
арманшыл
Н
насихатты тез қабылдайтын
Қатысушылар таныстырылымы
Төменде сайысқа қатысушы жас мамандар және олардың ұстанымы мен тәлімгерлері ұсынылады.
Хибасова Диляра Газизовна
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
Ұстанымы
Шыдаудың өзі ащы болса да, жемісі тәтті.
Тәлімгері
Джумабаева Асель Ажымуханқызы
Койбағарова Айгүль Бектемисовна
Бастауыш сынып мұғалімі
Ұстанымы
Білім кілті — ізденісте.
Тәлімгері
Арзиева Құралай Байрамқызы
Есенқұлов Малик Ендірбайұлы
Педагог
Ұстанымы
Дүниедегі ең оңай нәрсе — біреуге ақыл айту, ең қиын нәрсе — өзіңді өзің түсіну.
Тәлімгері
Амеркулов Нұрлан ағай
Агибаева Гүлсүм
Педагог
Ұстанымы
Білсе білім — күнде бақыт кісіге, үлкен атақ содан келер кішіге.
Тәлімгері
Мауленова Айгүл Ізтілеуовна
Жунусова Әсель
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Ұстанымы
Өнерлі ойға ие, өнегелі тұлға қалыптастыру.
Тәлімгері
Джумабаева Асель Ажмұхамбетовна
Калилаева Ляззат Қолдасқызы
География пәнінің мұғалімі
Ұстанымы
Көкіректе сәулесі жоқтың, көңілінде сенімі жоқ.
Тәлімгері
Айтжанова Дина Теңізбаевна
Тоқсанбаева Жансая Маратовна
Тарих пәнінің мұғалімі
Ұстанымы
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
Тәлімгері
Джумабаева Асель Ажмұхамбетовна
Ізмұхан Эльмира
Даярлық тобының тәрбиешісі
Ұстанымы
Сабақ беру — үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол — жаңадан жаңаны табатын өнер.
Тәлімгері
Бахытжанова Дамегүл Үмбетовна
Бекмағанбетова Айдана
Бастауыш сынып мұғалімі
Ұстанымы
Өзіңе сен — өзіңді алып шығар; еңбегің мен ақылың екі жақтап.
Тәлімгері
Қыпшақбаева Тазагүл Мәдeнқызы
Лепесов Аманжол Абужанович
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі
Ұстанымы
Тек қана алға!
Тәлімгері
Амеркулов Нұрлан ағай
Ақ тілек пен ашылу сәті
«Баталы жан арымас» демекші, жас мамандардың кәсіптік жолына және бүгін басталған сайыстың сәтті өтуіне ақжолтай тілек, ақ батасын беру үшін мектеп директоры Керімбаев Ардагер Амангелдиевич ортаға шақырылады.
Музыкалық үзіліс
Жас мамандардың толқынын сейілтіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын ән орындалады.
Әділқазы алқасы
Сайыс барысында қатысушылардың өнері мен білімі әділ бағалану үшін әділқазы мүшелерімен таныс болыңыздар:
-
1
Керімбаев А. А.
Мектеп директоры
-
2
Айнакожаева Ш. К.
Оқу ісінің меңгерушісі
-
3
Сабырова А. С.
Тәрбие ісінің меңгерушісі
-
4
Байбекова М. О.
Әлеуметтік педагог
-
5
Джумабаева А. А.
Кәсіподақ комитетінің төрайымы
Сайыс кезеңдері
I тур — Таныстыру
Бағалау критерийлері:
- Мазмұны
- Көрерменге әсер етуі
- Орындау шеберлігі
- Эмоционалдылығы
II тур — «Ширату»
Бұл кезеңде әр қатысушыға үш сұрақтан қойылады. Әр дұрыс жауапқа 1 ұпай беріледі.
1-ойыншы сұрақтары мен жауаптары
- А. Байтұрсыновтың жазған оқу құралы — «Әліппе».
- Жеті қазына: ер жігіт, сұлу әйел, ілім-білім, жүйрік ат, құмай тазы, берік мылтық, қыран бүркіт.
- Сабақты ұйымдастыруға кірмейтін форма — үй тапсырмасы.
2-ойыншы сұрақтары мен жауаптары
- Тәуелсіздік жолындағы еңбегі үшін берілетін атақ — «Халық қаһарманы».
- Жеті ата: бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат, төрежат.
- Мемлекеттік рәміздер бекітілген күн — 1992 жыл, 4 маусым.
3-ойыншы сұрақтары мен жауаптары
- Қазақтың соңғы ханы — Кенесары.
- Білім беру мекемесінің басты құжаты — мектеп жарғысы.
- Жеті жоқ: Аллада бауыр жоқ; аққуда сүт жоқ; жылқыда өт жоқ; аспанда тіреуіш жоқ; таста тамыр жоқ; тасбақада талақ жоқ; жерде өлшеуіш жоқ.
4-ойыншы сұрақтары мен жауаптары
- Я. А. Коменский еңбегі — «Ұлы дидактика».
- Бес арыс: М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, А. Байтұрсынов, Ш. Құдайбердіұлы, М. Дулатұлы.
- Қазақтан шыққан суретші қыз — Г. Исмайлова.
5-ойыншы сұрақтары мен жауаптары
- Білім беру жүйесі сапа, дағды, нәтиже арқылы анықталады.
- Жеті ғалам: шығыс, батыс, оңтүстік, солтүстік, аспан (жоғарғы ғалам), жер (ортаңғы ғалам), жер асты (төменгі ғалам).
- Тарихтың атасы — Геродот.
6-ойыншы сұрақтары мен жауаптары
- Жеті ғашық: Ләйлі–Мәжнүн, Фархад–Шырын, Тахир–Зуһра, Арсу–Қамбар, Уәки–Күлшән, Жүсіп–Залиха, Қанат–Майра.
- Қамшы сабын жасайтын ағаш — тобылғы.
- Жыл мезгілдерін қазақтар Үркер жұлдызына қарап білген.
7-ойыншы сұрақтары мен жауаптары
- Жеті жетім: тыңдалмаған сөз жетім; киюсіз тозған бөз жетім; иесіз қалған жер жетім; басшысы жоқ ел жетім; жерінен айырылған ел жетім; аққу-қазсыз көл жетім; замандасы қалмаса — бәрінен де сол жетім.
- Үш бәйтерек — Сәкен, Ілияс, Бейімбет.
- 350 жылдығы аталып жүрген би — Төле би.
8-ойыншы сұрақтары мен жауаптары
- Педагогиканың негізі — философия.
- Отызыншы ақпанда — ештеңе болмайды.
- Оқушы белсенділігін арттыру жолы — оқытудың тиімді (соның ішінде дәстүрлі) формаларын орынды қолдану.
9-ойыншы сұрақтары мен жауаптары
- Қазақстанның жеті кереметі: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тайқазан, Айша бибі мазары, Тамғалы кешенді жартас суреттері, Алтын адам, Домбыра, Күлтегін ескерткіші.
- Ұйқы безінен бөлінетін гормон — инсулин.
- Елбасымыздың мамандығы — инженер-металлург.
10-ойыншы сұрақтары мен жауаптары
- Секіру жеңіл атлетикаға жата ма? — иә.
- Жылдық жұмыс жоспарын бекітетін орган — педагогикалық кеңес.
- Құлагер — Ақан серінің аты.
11-ойыншы сұрақтары мен жауаптары
- Толып келіп, бос кетеді — қасық.
- Бес қару: садақ, мылтық, найза, қылыш, айбалта.
- Бір-біріне қарама-қарсы сөздер — антоним.
III кезең — «Көкпар» (мақалды аяқтау)
Мақал-мәтел — сөз мәйегі. Бұл кезеңде қатысушылар мақалдың жалғасын табады. Әр дұрыс жауапқа 1 ұпай беріледі.
-
Найзасыз ер болмайды — таңбасыз ел болмайды.
-
Екпей егін шықпас — үйренбей білім жұқпас.
-
Қына тасқа бітеді — білім басқа бітеді.
-
Ақыл азбайды — білім тозбайды.
-
Оқусыз білім жоқ — білімсіз күнің жоқ.
-
Өз білмегеніңді кісіден сұра — үлкен жоқ болма, кішіден сұра.
-
Ақыл жас ұланнан — жүйрік тай құнаннан.
-
Оқу — білім бұлағы — білім — өмір шырағы.
-
Ұқыптының тоны тозбас — ұқыпсыздың ісі оңбас.
-
Білекті бірді жығады — білімді мыңды жығады.
IV кезең — «Өнер өрге жүзгізер» (5 ұпай)
Келесі кезекте — өнер сайысы. Қатысушылар өз өнерлерін ортаға салады.
Бағалау критерийлері:
- Орындау шеберлігі
- Образдылығы
- Шынайылығы
- Көрерменді баурап алуы
V кезең — «Біле білген білімді» (педагогикалық жағдаят, 5 ұпай)
Бұл кезеңде қатысушылар конверт ішіндегі педагогикалық жағдаяттарды талдап, шешу жолдарын ұсынады.
Бағалау критерийлері:
- Жағдайды шешу шеберлігі
- Педагогикалық-психологиялық сауаттылығы
- Түсінікті баяндауы
- Жедел әрі нақты жауап беруі
- Өзіне және жауабына сенімділігі
Жағдаят 1
Үй жұмысын тексеру үшін дәптер жинадыңыз. Бір оқушы дәптеріне сіздің суретіңізді салып, келемеждеп жазып қойған. Не істейсіз?
Жағдаят 2
Сабақты слайд түрінде дайындап келдіңіз. Бір оқушы интерактивті тақтаны қосамын деп жүріп, бәрін өшіріп алды. Қалай әрекет етесіз?
Жағдаят 3
Жоғары сынып оқушысы сізге «ұнайтыныңызды» айтып, дос болуға шақырды. Сіздің әрекетіңіз қандай?
Жағдаят 4
Оқулық таратылып жатыр. Самат үндемей оқулығын апайға қайтарды. «Неге?» дегенде: «Жыртық» деді. Сіздің пікіріңіз.
Жағдаят 5
Бір оқушы дәптерін бүлдіріп қойды. Сіз қатты ұрысып жібердіңіз. Сол күні кешке қонаққа шақырылған үйге әлгі оқушы атасымен бірге келді де: «Ата, мынау менің апайым, бүгін маған ұрысты!» деп айтып қалды. Не істейсіз?
Жағдаят 6
Сабаққа кірсеңіз, тақтада өзіңіздің карикатураңыз тұр. Балалар «мұғалім кінәліні іздеп, сабақ өткізбей қалады» деп ойлайды. Қандай қадам жасайсыз?
Жағдаят 7
Ата-ана кеңес алуға келді. 13 жасар қызы жақсы оқиды, бірақ соңғы кезде: «Сендер мені жақсы көрмейсіңдер, үйден кетемін» деп жиі айтады. Ата-ана қорқып, қыздың барлық талабын орындай береді. Қандай кеңес бересіз?
Жағдаят 8
Сыныбыңыздағы оқушы қыз мемлекеттік емтиханға боянып келді. Емтихан алушы мұғалім бояуын сүртіп келуді талап етті. Оқушы үйіне кетіп, қайта оралмады. Сіздің әрекетіңіз.
Қорытынды және марапаттау
Сайысымыз өз мәресіне жетті. Қорытындыны шығару үшін әділқазы мүшелеріне сөз беріледі.
Ұстаз сөзі — күн нұрымен пара-пар: шәкірті әр сөзінен нәр алады. Ізгілік пен мейірімге толы ұстаздың шуағы жүректерге тарайды.
Білімнің айдынында жүзіп өткен ұстаз — білім нәрін сепкен жан. Дана ғылымның бастауы да, әлемді танудың жолы да — ұстаз арқылы.
Осымен «Үздік жас маман» атты сайысымыз аяқталды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді.