Туған жердің табиғатын аялауға тәрбиелеу
Табиғат — тал бесігің, аялай біл!
Адам мен табиғат — егіз ұғым. Табиғат — асыраушы да, қамқоршы да. Ата-бабамыздың «Жер — қазына, су — алтын» деп өсиет қалдыруы тегін емес. Күнделікті ішіп-жейтін тағамымыз, киетін киіміміз, оқитын кітабымыз, жазатын қағазымыз, мінетін көлігіміз, ауырғанда қолданатын дәріміз, тыныс алатын ауамыз бен ішетін суымыз — бәрі де жомарт табиғаттың сыйы.
Мақсат
Оқушыларға адам мен табиғаттың ажырамас біртұтастығын ұғындыру, табиғаттың қазына екенін түсіндіру.
Тәрбиелік бағыт
Қоршаған ортаны қорғауға жауапкершілік қалыптастыру, туған елге сүйіспеншілікті арттыру.
Көрнекілік
Суреттер, қанатты сөздер, әдеби мәтіндер мен көріністер.
Қазіргі міндет
Бүгінгі таңда адамзат алдында тұрған кезек күттірмейтін күрделі міндеттердің бірі — табиғатты қорғау және оның байлығын ұқыпты пайдалану. Ғылым мен техниканың дамуы қоршаған ортаға да салмақ түсіріп отыр: жыл сайын Жер шарында шамамен 10–15 миллион гектар орман жойылады. Қазақстанда да экологиялық жаралар бар: тартылып бара жатқан Арал теңізі мен ұзақ жылдар сынақ көрген Семей өңірінің күйі — соның айғағы.
«Тәрбие — тал бесіктен» демекші, экологиялық сауат отбасыдан басталуы тиіс. Табиғаттың жасыл желегін, аң-құсын аялау — көзі ашық, көкірегі ояу әр адамның азаматтық борышы.
Әдеби монтаж: табиғатқа үн қосқан өлеңдер
Табиғат — сұлу мекенім, Өзіңді пана етемін. Саяңда өсіп, ер жетіп, Биікке самғап жетемін.
Табиғаттан нәр алған ғой жанымыз, Жер бетінің ажары ғой сәніміз. Туған өлке табиғатын аялап, Ұсынайық жүрек нұрын бәріміз.
Табиғаттың орны бөлек ғаламда, Тигізетін пайдасы зор адамға. Ей, адамзат, оны күтіп-қорғаңдар, Жойылмасын жасыл желек ормандар! Болсын тек ауа таза, тұнық су, Басылмасын айдын көлде құстың шуы. Төңіректе кесілмесін тал-терек, Араша түс — табиғатта бәрі керек! Тартылмасын теңіз-көлдер су алып, Жарылып жер, өсімдіктер қуарып. Қолда барда қадір тұтып сақтайық, Жаратқанның бергеніне қуанып.
Ұлттық таным: табиғатқа сүйіспеншілік
Табиғат аясы — адамның алтын бесігі. Қазақ халқының табиғатқа деген сүйіспеншілігін тұрмыстық бұйымдардағы ою-өрнектерден де көруге болады: түс киіздерде даланың хош иісті гүлдері, өзен-көлдері, тау жоталары бейнеленсе, сырмақтарда қошқар мүйіз, құс тұмсығы мен қанат өрнектері салынған.
Мен сүйем ерікті еркін құсын, Сайратамын төрт бөліп түн ұйқысын. Мен сүймес дүниеде еш нәрсе жоқ, Сүйемін табиғаттың барлық күшін.
Тіршіліктің төрт тағаны
- Күн — барша тіршіліктің құдіретті тірегі.
- Жер — анамыздай асырап, нәр береді.
- Су — тіршіліктің көзі.
- Ауа — өмірдің тынысы.
Теңеулер арқылы танылған қадір
Қазақ халқы сүйікті ұл-қызын бәйтерекке, қайыңға, жауқазынға, аққуға, құралайға, елікке теңеген. Сұлулық пен нәзіктікті — аққуға, мөлдірлік пен тазалықты — бұлаққа, батырлықты — сұңқар мен қыранға балаған. Ардақты азаматын «асқар тауым», «шалқар көлім», «қара орманым» деп қастерлеген. «Жақсы жігіт — аспандағы жұлдыз, жақсы қыз — жағадағы құндыз» деп те бағалаған.
Көрініс: Райымбек пен Төле би сұхбаты
Атақты батыр Ханкелді баласы Райымбек 16 жасқа толғанда: «Сәлем беріп, батасын алып қайт», — деп Төле биге жұмсайды. Елдің сәлем-сауқатын жеткізіп, қонақ болған Райымбек аттанар сәтте дана қарияға сауал қояды.
Райымбек (оқушы)
Жер дегенім немене?
Ел дегенім немене?
Жер сәні деген немене?
Ел сәні деген немене?
Жер құты деген немене?
Жерді не көтереді?
Елді кім көтереді?
Төле би (оқушы)
Жер дегенің — тіршілік.
Ел дегенің — қара халқың.
Жер сәні — ұшқан құс пен жүгірген аң, аққан су, жайқалған шалғын, ну орман.
Ел сәні — өркендеп өскен ұлы мен қызы.
Жер құты — қойнауындағы кені.
Жерді су көтереді.
Расында, жер — елдің тұрақты мекені, тіршілік көзі, ұрпақ өсірер ордасы. Сондықтан халқымыз: «Жер — тіршілік», «Жер — қазына» деп қастерлей отырып, «Мал — бір жұттық, батыр — бір оқтық, жер — мәңгілік» деген даналыққа тоқтаған.
Табиғаттың үні: сезім мен жауапкершілік
Табиғат — әсемдіктің төркінісің, Ән саламын бір сенің көркің үшін. Жан-жануар табынып бір өзіңе, Сенен алып тұрғандай бар тынысын.
Табиғат! Сен дүниедегі ең сұлу, ең әдемісің! Сенің жұпар ауаң да, жүгірген аң-құсың да, айналаны әсем әнге бөлейтін құстарың да керемет. Мен сенен әдемілікті үйрендім. Осындай көркемдіктің ортасында өмір сүріп жатқан адамзат баласы өз бақытының қадірін сезінсе ғой!
Егер табиғатқа тіл бітсе, ол бізге былай дер еді: «Ей, адамзат баласы! Сен менің бауырымда өсіп-ер жеттің. Тоңғанда күн шуағыммен жылыттым, ыстықта ағаштарыммен сая болдым. Мөлдір, таза ауаммен дем алдың; Жер-ана сені асырап, ұрпағыңды ғасырдан ғасырға жалғап келеді. Мен арқылы сен сұлулықты сезіндің. Бірақ мен саған өкпелімін: ауам ластанды, суым лайланды әрі тартылды. Орманымдағы ақбөкенім мен киігім қайда кетті? Даланы әсем әнге бөлеген құстарым неге азайды? Балықтарым неге жағада өліп жатыр? Егер сен бүгін менен бәрін алып қойсаң, ертеңгі ұрпағың қалай күн көреді? Әлі де кеш емес — ойлан! Табиғатты аялап, қорғай біл!»
Ей, қазақтың ұланы, Болғайсың дана қыраны. Жер-суын қорғау — бабаңның Емес пе еді басты ұраны.
«Табиғат», «Жер-Ана», «Отан», «Туған жер», «Атамекен» — құлаққа жылы естіліп, жүрекке шаттық ұялататын, мағынасы жақын қасиетті сөздер. Адамның өзі — Табиғат пен Жер-Ананың перзенті. Сондықтан табиғатты сүю, оны аялау — әр азаматтың борышы.
Қорытынды: табиғатты қорғау үшін не істей аламыз?
Табиғатты қорғау — ұран ғана емес, күнделікті дағды. Төмендегі қарапайым қадамдар ортақ үйіміздің болашағын сақтауға көмектеседі.
Мектеп пен сыныпта
- Аула тазалығы мен көгалдандыру сенбіліктерін тұрақты өткізу.
- Қағазды, пластикті бөлек жинау мәдениетін енгізу.
- Экологиялық тақырыпта пікірталас, көрме, қабырға газеттерін ұйымдастыру.
Үйде және қоғамда
- Суды және электр қуатын үнемдеу, ысырапқа жол бермеу.
- Ағаш отырғызу, көшет күту, аула мен көше жасылын қорғау.
- Табиғатта қоқыс қалдырмау, жануарлар мен құстардың мекенін бұзбау.
Түйін сөз
Ей, табиғат, шеберсің, әу, шеберсің, Көрмегенді көрсетесің, берерсің. Ұлан-ғайыр бұлағыңды місе етпей, Ашкөзденген адамдарға не дерсің? Айың анау, күнің анау, жерің мынау, Ау, адамдар, жетпей жатыр енді не? Табиғатқа таласпаңдар, ағайын! Асырайды ол сені, мені, елді де!