Бағдарламаны берудегі күтілетін нәтиже
Түсінік хат
Бұл түсінік хат Қазақстан Республикасы жалпы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес және Қазақстан Республикасының әдістемелік нұсқау хатын басшылыққа ала отырып әзірленді. Мектеп компонентіндегі 1 сағат «Сөз сыры» атты курсқа бөлінді: аптасына 1 рет, жылдық жүктеме — 34 сағат.
Курстың идеялық өзегі
Ауыз әдебиетінің інжу-маржаны саналатын бір ерекше түрі — шешендік сөздер. Бұл сөздердің қаны мен жаны — халық бойындағы төзім, мәрттік, кеңдік, адалдық, ақжүрек қайырымдылық секілді асыл қасиеттер.
Шешендік сөздің астарын тану, сөз сырын ұғыну — күрделі әрі тәрбиелік мәні зор қабілет. Қазақтың атақты билері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би қалыптастырған сөз дәстүрі ғасырлар бойы үзілмей, ұрпақ санасында сақталып келеді. Олардың даналыққа суарылған, әділдікті ту еткен шешен сөздерін оқушы бойына сіңіру — ұлттық құндылықты құрметтеуге, көркем сөйлеуге және мәнді ой айтуға баулиды.
Қазақ тілі — қонымды да сұлу, толымды тіл. Сөзді кестелеп, өрнектеп қолдана білгенде, ол өлмейтін, өшпейтін ғажайып туындылар тудырады. Ауыз әдебиеті — сарқылмас қазына, ұлт руханиятының алтын сандығы.
Мақсаты мен міндеттері
Бағдарлама оқушының тіл мәдениетін жетілдіріп, ұлттық мұраға сүйіспеншілігін арттыруға бағытталады.
-
1
Ата-бабамыздың ауыз әдебиеті — ғажайып мұрасын қастерлеу.
-
2
Ел арасында сақталған би-шешендердің от ауызды, орақ тілді асыл сөздерімен таныстыру.
-
3
«Қара қылды қақ жарған» шешендік ойдың астарын түсіне білуге баулу.
-
4
Тарихымыздың тереңіне жетелейтін билер сөзін жүйелеп, ұлттық мұраны сүйетін оқушыларға ұсыну.
Әдіс-тәсілдер
Практикалық тапсырмалар
Тапсырмалар орындату арқылы тақырыпты бекіту, ойды нақтылау.
Мәнжазба
Мәнжазба жаздыру арқылы мәтінді түсіну, қысқа әрі нұсқа жеткізу дағдысын қалыптастыру.
Баяндамалар
Қосымша дерекпен жұмыс істеу, аудитория алдында сөйлеу мәдениетін дамыту.
Шығарма және диалог
Шығарма жазу және диалог құру арқылы тіл байлығын кеңейтіп, ойды дәлелді жеткізуге үйрету.