Септіктерді ата

Қазақ тілі • 4-сынып

Сабақтың тақырыбы: Барыс септік

Бұл сабақта оқушылардың зат есімнің септелуі туралы түсінігі кеңейтіледі, сөйлеу барысында септік жалғауларын дұрыс қолдану дағдысы қалыптастырылады.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушылардың зат есімнің септелуі туралы білімін кеңейту; өз бетімен жұмыс арқылы барыс септік туралы түсінігін тереңдету; сөйлеу кезінде септік жалғауларын дұрыс қолдануға үйрету.

Дамытушылық

Ойындар арқылы пәнге қызығушылықты арттыру, білімді дамыту, шығармашылық қабілетті шыңдау.

Тәрбиелік

Оқушыларды білімге ұмтылуға, сауаттылыққа, ұжымдастыққа және шапшаңдыққа тәрбиелеу.

Күтілетін нәтиже

  • Барыс септігі туралы білімді меңгереді.
  • Сөз құрамына және сөйлем мүшелеріне талдау жасайды.
  • Сөз тіркестерін құрастырады, салыстырады, қорытынды шығарады.
  • Топпен және жеке жұмыс жасай алады.

Ұйымдастыру деректері

Сабақтың түрі
Аралас сабақ
Сабақтың әдісі
Түсіндіру, талдау, сұрақ-жауап
Көрнекілігі
Слайд көрсетілімдері, суреттер, қима қағаздар
Пәнаралық байланыс
Әдебиеттік оқу, дүниетану

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық ахуал: мұғалім оқушыларға қонақтардың келгенін айтып, амандасуға шақырады.

Хормен:

Жақсы оқып сабақты,
Әдеп сақтау — салтымыз.
Сәлем бердік сіздерге,
Басымызды иіп бәріміз.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Үйге берілген жаттығу оқытылады. Мәтіннен ілік септіктегі сөздер табылады. Әр оқушы тапсырманы жеке оқып, талдайды.

III. Өткенді қайталау

Ой қозғау сұрақтары арқылы оқушылардың өткен тақырыпты қаншалықты меңгергені анықталады:

  • Морфология нені зерттейді?
  • Сөз таптарын ата.
  • Зат есім дегеніміз не?
  • Сөз мағынасына қарай нешеге бөлінеді?
  • Зат есімнің септелуі дегеніміз не?
  • Септіктерді ата.

Ескерту: Жеті саны — киелі сан. Жеті санына қатысты ұғымдарды еске түсірейік: жеті ата, жеті қазына, жеті күн.

Оқушылар жеті септіктің атаулары, сұрақтары және жалғауларымен таныс болғандықтан, «ата» сөзін септеп қайталайды.

Септік Сұрағы Мысал
Атау септік кім? не? ата
Ілік септік кімнің? ненің? атаның
Барыс септік кімге? неге? атаға
Табыс септік кімді? нені? атаны
Жатыс септік кімде? неде? атада
Шығыс септік кімнен? неден? атадан
Көмектес септік кіммен? немен? атамен

«Жеті септік» туралы қандай ертегі білесіңдер? Оқушылар өздері білетін нұсқаларын айтып береді.

IV. Жаңа сабақ: Барыс септік

Барыс септіктегі зат есімдерге мына сұрақтар қойылады:

кімге? неге? кімдерге? нелерге? қайда?

Барыс септік атау септіктегі сөзге -ға, -ге, -қа, -ке жалғаулары жалғану арқылы жасалады.

Мысал

Балабалаға

Мысал

Ыдысыдысқа

Жазу сәті

Дәптерімізді ашайық,
Қолға қалам алайық.
Түп-түзу боп отырып,
Көркем етіп жазайық.

Қорытынды бөлімде барыс септігін «жүктеу» тапсырмалары орындалады: сөздерге жалғау жалғау, сөз құрамын талдау, сөйлем ішіндегі қызметін анықтау.