Тіл тағдыры - барша қазақ халқының тағдыры

Маңғыстау облысы · Түпқараған ауданы · №1 мектеп-лицей

Мұғалім: Токаева Айтбибі

Тақырып өзегі: «Тілім барда айтылар сыр ойдағы»

Тәлім-тәрбие тілден басталады. Тіл — ұлттың жадын сақтайтын, тарихтың тереңіне бойлататын, рухани әлемді байытатын сарқылмас қазына. Ана тілі адамға ана сүтімен дариды: ол — бөбектің үні, ананың әлдиі, бесік жыры.

Сабақтың мақсаты

  • Оқушылардың еліне, ұлтына, тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру.
  • Қазақ тілін және мемлекеттік рәміздерді қастерлеуге баулу.
  • Тіл мәдениетін сақтауға, тіліміздің қадір-қасиетін бойға сіңіруге үйрету.

Көрнекіліктер мен ресурстар

Мемлекеттік рәміздер

Қазақстан Республикасының Әнұраны, Көк байрағы, Елтаңбасы.

Тілге қатысты материалдар

Мақал-мәтелдер, «Тіл туралы» заң, ұлағатты сөздер, ақын-жазушылар портреттері.

Техникалық құрал

Интерактивті тақта (хронология мен тапсырмалар).

Орындаулар

Әнұран орындалады. «Анамның тілі» әні және тіл туралы өлеңдер оқылады.

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру кезеңі

Әнұран орындалады. Кіріспе ой: «Тәлім-тәрбие тілден басталады».

Кіріспе сөз

Мұғалім: Мағжан Жұмабаевтың: «Тіл — адам жанының тілмашы, тілі кем болса, адамның қор болғаны» деген сөзі — тілдің мәнін айқындайтын терең ой. Тіл — өнер бұлағына сусындататын, рухани дүниемізді байытатын құндылық.

Ана тілін жырламаған ақын кемде-кем. Ана тілі — ар өлшемі. Тілді шұбарлау — ойды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау.

Өлеңдер мен ой-толғаулар

Марлен:

Туған тілім — тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім — мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім — мен де бірге өшемін.

Әйгерім:

Қазақ тілім — саялаған нұр бағым,
Қазақ тілім — ана тілім, ардағым.
Сен арқылы жетіп жатыр өмірге
Жан сырым, тілегім, бар арманым.

Динара:

Тілім менің — осы жерде шежірем, жырым менің.
Асан қайғы арманы, Қорқыт күйі —
Тағдырыммен тамырлас мұңым менің.
Тілім менің — жауға айбарым, ұраным, туым менің.

Алмаз:

Тіл дегенім — түсіністік құралы,
Тіл арқылы адам бәрін ұғады.
Татулық та, бірлік, достық, береке —
Бәрі-бәрі осы ұғымға сияды.

Айнұр:

Тіл — сарқылмас қазына. Ол халықпен бірге дамып, күнделікті қарым-қатынасқа сай байып отырады. Тіл — бабаның көзі, атаның мұрасы.

Рауан:

Жанбасам да, жансам да — туған тілде сайраймын.
Мылқау болып қалсам да — туған тілде ойлаймын.

Тобыш:

Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер,
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар.

Интерактивті тақта арқылы тіл тарихына қатысты хронология көрсетіледі.

Негізгі бөлім: «Білекті бірді, білімді мыңды жығар»

Тіл мәртебесіне қатысты маңызды кезеңдер

1989 жыл · 22 қыркүйек

Қазақ КСР-інің «Тіл туралы» заңы қабылданды.

1989 жыл · 22 қазан

Алматы қаласындағы құрылтайда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрылды.

1990 жыл · 22 наурыз

«Ана тілі» республикалық газеті жарыққа шықты.

1993 жыл · 28 қаңтар

Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік тіл болып бекітілді.

2001 жыл · 7 ақпан

Президент «Тілдерді қолдау мен дамытудың 2001–2010 жылдарға арналған бағдарламасы» туралы №550 Жарлыққа қол қойды.

2007 жыл

«Мемлекеттік тіл жылы» болып жарияланды.

2008 жыл · қыркүйек

Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры құрылды.

«Тіл туралы» заңның құрылымы

Заң 6 тараудан тұрады:

  1. 1-тарау. Жалпы ережелер (1–7 баптар).
  2. 2-тарау. Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардағы, жергілікті өзін-өзі басқарудағы тіл.
  3. 3-тарау. Білім беру, ғылым, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл.
  4. 4-тарау. Елді мекен атауларында, жалқы есімдерде және т.б. қолданыс.
  5. 5-тарау. Тілді құқықтық қорғау (23–26 баптар).
  6. 6-тарау. Шет елдермен және халықаралық ұйымдармен қатынастардағы тіл.

Сайыстар мен тапсырмалар

1-кезең: «Бәрін білгім келеді» (сұрақ–жауап)

Түркі халықтарының тілі туралы не білеміз?

Бір ғана тілмен сөйлеп, өзге жұртпен аз араласатын адамдардың тілі салыстырмалы түрде таза болады. Ал екі тілде сөйлеп, қала мәдениетімен жиі араласатын ортада тілдік шұбарлық байқалуы мүмкін.

Дүние жүзінде ең көп тараған тіл қайсы?

Халықаралық қолданыс деңгейі бойынша ағылшын тілі кең тараған. Ал ана тілінде сөйлейтіндердің санына шаққанда, зерттеулер қытай тілінде сөйлейтіндер көп екенін көрсетеді: қытай тілі — 844 млн, ағылшын — 434 млн, хинди — 338 млн, испан — 331 млн.

Пәндік сұрақтар үлгісі

  • 1) Сөз табы неше түрге бөлінеді? (9)
  • 2) Абайдың қарасөздері нешеу? (45)
  • 3) ҚР тұңғыш Конституциясы қашан қабылданды? (1993, 28 қаңтар)
  • 4) Дүниенің неше бұрышы бар? (4)
  • 5) 4 минутта 1 жұмыртқа піссе, 5 жұмыртқа қанша минутта піседі? (4 минут)
  • 6) ҚР рәміздерін ата: (Ту, Елтаңба, Әнұран)
  • 7) Сөйлем айтылу мақсатына қарай нешеге бөлінеді? (4: хабарлы, лепті, бұйрықты, сұраулы)
  • 8) «Бидай мен қаңбақ» мысалының авторы: (Асқар Тоқмағанбетов)

2-кезең: «Тіл өнері» (жұмбақтар, 3 тілде жауап)

Ұстаным: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте».

  • 1) Үндемес серік, ақылы берік

    кітап — книга — book

  • 2) Бесікте тентек бала шырылдайды, көтерсең құлағыңа сыбырлайды

    телефон — телефон — telephone

  • 3) Толып келіп, бос кетеді

    қасық — ложка — spoon

  • 4) Тұмсығымен қозғалар, соңында аппақ із қалар

    бор — мел — chalk

  • 5) Жемге ауыз салса — ұтылғаны, айналып өтсе — құтылғаны

    балық — рыба — fish

3-кезең: «Жалғасын тап» (мақал-мәтелдер)

  • 1) Оқу — білім бұлағы, білім — өмір шырағы.
  • 2) Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады.
  • 3) Батаменен ер көгерер, жаңбырменен жер көгерер.
  • 4) Отан — елдің анасы.
  • 5) Ел іші — алтын бесік.
  • 6) Отан оттан да ыстық.
  • 7) Туған жердің күні де ыстық, айы да ыстық.
  • 8) Отан — отбасынан басталады.
  • 9) Отансыз адам — ормансыз бұлбұлмен тең.
  • 10) Тіліңмен жүгірме, біліммен жүгір.

4-кезең: «Сөз тапқанға қолқа жоқ» (әріппен жауап беру)

А Ш С

Жауаптар берілген әріптердің бірінен басталуы керек.

  1. 1) Қай қалада тұрасың?
  2. 2) Сүйікті әншің кім?
  3. 3) Қандай тағамды ұнатасың?
  4. 4) Сыныптағы досыңды ата.
  5. 5) Мінез-құлқың қандай?
  6. 6) Қандай мамандықты қалайсың?
  7. 7) Кімге ұқсағың келеді?
  8. 8) Соңғы оқыған шығармаңның атауы қандай?
  9. 9) Жазғы демалысты қайда өткіздің?
  10. 10) Қандай гүлді ұнатасың?
  11. 11) Мектепке немен келесің?
  12. 12) Қыста ауа райы қандай?

Қорытынды: «Тіл тағдыры — ұлт тағдыры»

Қазақ тілім — өз тілім, ана тілім,
Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.
Қастерлейді ұл-қызым мәңгі сені,
Болашағым, бақытым — дара тілім.

Тіл — ата-бабамыздың аманаты. Сол мұраны жалғастыру, тіл мәртебесін көтеру — баршамыздың ортақ парызымыз.

Туған тіл нәрестеге құндағында ана сүтімен бірге, бесік жыры арқылы сіңсе, ол ана тілі ешқашан жойылмайды. Сондықтан тілді қадірлеу — елдікті сақтау.