Қазақ халқының ұлттық киімдері өзіндік өзгешелікке толы
Сабақ: «Ұлттық киімдер»
Бұл сабақта оқушылар қазақ халқының ұлттық киімдерінің атауларымен, ерекшеліктерімен және мәдени мәнімен танысады. Материал сөйлеу дағдысын дамытуға бағытталып, сұрақ-жауап және әңгімелеу тәсілдері арқылы бекітіледі.
Сабақтың түрі
Жаңа сабақ
Оқыту әдістері
- Сұрақ-жауап
- Түсіндіру
- Әңгімелеу
Пәнаралық байланыс
Әдебиет, тарих, этнография
Көрнекіліктер
- Ұлттық киім үлгілерінің суреттері
- Сөзжұмбақ
- Дидактикалық карточкалар
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушылардың қазақтың ұлттық киімдері туралы білімін толықтыру, ұлттық киім түрлерімен таныстыру.
Дамытушылық
Дұрыс әрі анық сөйлеуге үйрету, сөздік қорын дамыту, сөйлеу әрекеттерін жетілдіру.
Тәрбиелік
Отансүйгіштікке, адамгершілікке, әдептілікке тәрбиелеу; қазақ тарихына, салт-дәстүріне қызығушылығын арттыру.
Жаңа тақырып: ұлттық киімдер туралы түсінік
Киім — адам денесін ауа райының және сыртқы ортаның зиянды әсерінен қорғайтын жасанды жамылғы, тұрмыстық тұтыныс бұйымы. Қазақ халқының ұлттық киімдері пішінімен, әшекейімен, қолданылу дәстүрімен ерекшеленеді.
Ұлттық киімдерге тақия, қалпақ, сәукеле, кимешек, жейде, көйлек, камзол, шапан, ішік, мәсі, саптама етік сияқты бұйымдар жатады. Төменде негізгі үлгілердің қысқаша сипаттамасы берілген.
Тақия
Сәтен, шұға секілді маталардан кестелеп тігілетін баскиім. Үлгілері көп: үкілі, оқалы, шошақ төбе, тікше, қатипа және т.б.
Қалпақ
Ақ киізден немесе қалың матадан тігілетін, төбесі биік баскиім. Күн сәулесінен, суықтан қорғайды, жауын-шашыннан пана болады.
Сәукеле
Қыз ұзатқанда киілетін аса қымбат, бағалы әрі сәнді баскиім. Сәукеле — тек бұйым емес, қазақтың салт-дәстүрі мен сән-салтанатының көркем нышаны.
Кимешек
Қазақ әйелдеріне тән баскиім. Ақ матадан, кейде жібектен тігіліп, жиегі көмкеріліп әшекейленеді. Дәстүр бойынша әйелдер балалы болғаннан кейін киген.
Ішік
Жылы әрі сәнді сырт киім. Ішікті ерлер де, әйелдер де киген; оюланып, кестеленіп, зерленіп тігілген түрлері кездеседі.
Шапан
Қазақта кең тараған әрі қастерлі сырт киім. Тысы мен астарының арасына жүн немесе мата салынып, шұға секілді мықты матамен қапталып тігіледі.
Жейде
Түймелігі жоқ іш киім. Өңірлері ұзындау келеді. Қайырма жаға, тік жаға, қақпақ жағалы түрлері болады.
Камзол
Жылулық әрі сәндік қызмет атқаратын, көбіне жеңсіз, астарлы киім. Жағасы мен етегі оқа, тас, күміс тиындармен әшекейленіп, бойтұмар тағылған түрлері кездеседі.
Саптама етік
Қонышы ұзын етік. Киіз байпақпен, шалбардың балағын ішіне салып киеді. Суықтан қорғауға ыңғайланып жасалған.
Мәсі
Өкшесіз, жұмсақ, аяққа жеңіл аяқкиім. Әдетте былғарыдан тігіліп, ішінен байпақпен киіледі.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- 1) Психологиялық дайындық.
- 2) Оқушыларды бүгінгі күнмен таныстыру.
II. Өткен тақырыпты қайталау
Алдыңғы сабақта өтілген тақырыпты сұрақтар арқылы қайталап, пысықтау.
III. Жаңа сабақ
Бүгінгі сабақта киім туралы түсінікті кеңейтіп, қазақтың ұлттық киімдерімен танысамыз. Әр киімнің атауы, қолданылуы және ерекшелігі жеке қарастырылады.
IV. Сергіту жаттығуы
Бойды бүкпей тік ұста.
Оң қолыңды оң жаққа.
Сол қолыңды сол жаққа.
Дәл осылай қайтала.
V. Бекіту
Киімдердің суреттерін көрсетіп, атауларын жеке және хормен айтқызу.
- Тақия
- Қалпақ
- Мәсі, саптама етік
- Жейде
- Кимешек
- Көйлек
- Камзол
- Шапан
- Ішік
VI. Қорытынды
«Кимешек» атты сөзжұмбақты шешу арқылы жаңа сөздерді қайталау және бекіту.
Сөзжұмбақ сұрақтары
- Қызды ұзатқанда киетін аса қымбат баскиім.
- Денені суықтан сақтайтын жасанды жамылғы, тұтыныс бұйымы.
- Өкшесіз, жұмсақ, аяққа жеңіл тігілетін қонышты аяқкиім.
- Түймелігі жоқ іш киім.
- Ұзындығы тізеден сәл төмен, жеңінің ұшы саусақ ұшын жабатын ұлттық киім.
- Қай түліктің жүнінен шекпен тоқып, шуда жіп алған?
- Қай түліктің түбіті түйе жүнінен де қымбат, жібекпен тең саналып, шәлі мен шұлық тоқыған?
Кілт сөздер (үлгі)
Оқушылар сөзжұмбақты шешкен соң жауаптарды бірге тексеріп, әр сөздің мағынасына қысқаша тоқталады.
- Сәукеле
- Киім
- Мәсі
- Жейде
- Шекпен
- Түйе
- Ешкі
VII. Үй тапсырмасы
- Қазақтың ұлттық киімдерінің атауларын жаттау.
- Таңдаған 2–3 киімге қысқаша сипаттама жазу.
VIII. Бағалау
Оқушылардың жауап беру белсенділігі мен дәлдігіне қарай бағалау.