Наурыз думан

Наурыз думан

Наурыз — күн мен түн теңеліп, табиғат қайта түлейтін, ел бірлігі мен берекесі жаңаратын қасиетті мереке. Бұл күн — Жер-Ананың бусанып, малдың төлдеп, ақтың молайып, көңілдің кеңитін шағы.

Мақсаты

Оқушыларға Қазақ халқының ұлы мерекесі — Наурыз мейрамы туралы түсінік беру; салт-дәстүрді бойға дарыта отырып, шынайылыққа, адамгершілікке және ұлтжандылыққа тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Киіз үй жабдықтары
  • Ұлттық тағамдар
  • Алтыбақан және өзге де ұлттық бұйымдар

Іс-шара барысы

  1. I Қонақтарды қабылдау.
  2. II Жарапазан айтушы бала мен өнерпаз жігіт жиналған қауымды Наурыз тойын тамашалауға шақырады.
  3. III Наурыз думанының бағдарламасы:

1) Салт-дәстүр және ырым-тыйым

Қазақтың салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдары туралы түсінік беру.

2) Ән мен би

Халық әндері мен билерін тамашалау.

3) Қыдыр атаны қарсы алу

Бата сұрап, береке-ырысты дәріптеу.

4) Ұлттық ойындар

Күрес, кір тас көтеру, аударыспақ және Наурыз көже ішуден сайыстар.

5) Ұлттық билер сайысы

«Достығымыз жарасқан» — әр ұлт өкілдерінің киімін киген бозбалалар мен бойжеткендер өнер көрсетеді. «Шашу» биін орындайтын: 9 «А» сынып оқушысы Сағындықова Анеля.

Жүргізушілер сөзі: мерекенің мәні

1-жүргізуші

Қадірлі жиналған қауым! Ата-бабадан жеткен тамаша жоралғылар мен дәстүрлерге құлақ асып, зердемізге түйіп, келер ұрпаққа мұра етіп қалдырсақ — қандай ғанибет!

Наурыз — жер мен көкке жан бітіп, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, тоң жібіп, Жер-Ана бусанатын ерекше күн. Қыстан аман шыққан шаруа адамының арқасы кеңіп, тіршілік қайта жанданады.

2-жүргізуші

Халық Наурыздың 22-сін «Ұлыстың ұлы күні» деп ұлағаттаған. Бұл күн әрқашан қасиетті саналған. Бұл күнгі әрбір өзгеріске мән берген: қар не жаңбыр жауса — «нұр жауды» деп қуанып, «туар жыл нұрлы болады», «Наурыздың ақша қарындай» деп теңеу айтқан.

Мал төлдесе — «бір тал көк шөп артық шығады» деп ырымдаған. Нәресте дүниеге келсе, есімін де ерекше қойып, жақсылыққа жорыған.

1-жүргізуші

Бұл күнге қатысты «жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «жыл басы», «наурызек келген күн», «көк құт көзін ашқан күн», «көк тас еріген күн» деген тіркестер сақталған. Мұның бәрі — табиғат пен адам өмірінің үйлесімін аңғартатын терең тағылым.

2-жүргізуші

Ежелгі түркілер ұлыс күндері жаңа киім киіп, сақал-мұртын түзеп, шашын алдыратын болған. Алты күн садақ тартып машықтанып, жетінші күні алтын теңгеден жамбы атып жарысқан.

1-жүргізуші

Жамбыны бірінші атып түсірген адамға сол күні ел басқаруға ерік берілген деген аңыз бар. Ал Қазақ даласында Ұлыстың ұлы күні — барша адам тең саналған күн: құл мен күң де шаруадан босап, еркін тыныстап, көппен бірге қуанышқа ортақтасқан.

Қыдыр ата және ырыс-береке дәстүрі

«Береке басынан басталады» деген қағиданы берік ұстанған жұрт 21-наурыз түні ыдыс атаулыны дәнге, аққа және таза суға толтырып, бетін ашық қалдырған. Мұндағы сенім — ел аралаған Қыдыр ата келіп, қыдыр мен құт дарытады.

Қыдыр ата бата береді

Орындайтын: Мұхаметқалиев Мантай, 11 «А» сынып оқушысы.

Өлең мен ән: мерекелік әсер

Өлең (1-жүргізуші)

Ерітіп қарын даланың,

Жинатып гүлін саланың.

Жетелеп жұмсақ самалын,

Келді Наурыз — жыл басы.

Күлімдеп қарап күміс күн,

Аспаның бүркіп пүліш түн.

Ұлы күні Ұлыстың,

Келді Наурыз — жыл басы!

Ән

«Наурыз — думан» әні. Орындайтын: Мусаева Ақбота, 3 «А» сынып оқушысы.

Ән

«Қош келдің, Наурыз» әні. Орындайтын: Сағындықова Әдель, 5 «А» сынып оқушысы.

Көрісу және Наурыз көже

2-жүргізуші

Ұлыс оң болсын! Ақпан Наурызбен араз боп кетті дейді. Наурыз жоғалған бағын іздеп жүр, көктем жетті көрісіп, жанын іздей… (Көтеріңкі көңілмен көрісу көрінісі көрсетіледі.)

Көрініс

Алдарынан келін иіліп сәлем салып, бойжеткендер ізет көрсетіп қарсы алады. Қонақтарға Наурыз көже ұсынылады.

«Бұл көжеде бәрі бар» (үзінді)

Оқитын: Мусаев Арлан, 10 «А» сынып оқушысы.

Ашық болсын қас-қабақ,

Таспен атқанды аспен ат.

Бейтаныс та, таныс та,

Бүгін төрде бас қонақ.

Арпа, бидай, тары бар,

Ішілетін, жейтіннің —

Бұл көжеде бәрі бар.

Ошақта көп шоқ әлі,

Астың ауыр обалы.

Астан үлкен ешкім жоқ,

Қазан аузы жоғары.

Ақсақалдың батасы

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын!

Қайда барсаң жол болсын,

Ұлыс береке берсін,

Пәле-жала жерге енсін!

Дәстүр жалғасы: үш күндік думан

Қазақ даласында Наурыздау — ауыл аралап көрісу — үш күнге созылған (22–24 наурыз). Осы күндері әр үйдің дастарханы мол болып, көже мен дәм үзілмеген; есік ашық, қабақ жайдары болған. 22-наурыз күні міндетті түрде туыс-туғаннан дәм татып, ақсақалдар мен әжелердің батасын алу — парыз саналған.

2-жүргізуші (қорытынды тілек)

Ұлыс күні кәрі-жас,

Құшақтасып көріскен.

Жаңа ағытқан қозыдай,

Жамырасып көріскен.

Аталар бата беріскен,

Сақтай гөр деп терістен.

Кел, таза бақ, кел десіп,

Кел, тілек бер десіп…