Ауылың жіберсе барарсың сөзінің мағынасын түсіндіріңіздер

Барысы

Құрметті ұстаздар, оқушылар! Бүгін 8–9-сыныптың 5 жігіті мен 5 бойжеткені арасында өтетін «Бозбала мен бойжеткен» сайысына қош келдіңіздер.

Мың бұралған арулар билей басып,
Келеді міне ортаға толқып-тасып.
Аруларын сыйлаған халқым менің,
Көңілді қошеметпен қарсы алайық!

Осы өлең жолдарымен сайысқа қатысатын бойжеткендер ортаға шақырылады.

Уа, халайық, халайық,
Мұнда назар салайық.
Ата жолын жалғамақ,
Ел дәстүрін қолдамақ.
Жігіттер шықсын ортаға!

Осы жолдармен жігіттер ортаға шақырылады.

Әр қатысушының өнері мен жетістігі аталып, жеке-жеке таныстырылады.

Қазылар алқасы

«Сайыста бақ сыналар, бап сыналар. Бас жүлдені өнерлі, тапқыр алар» дегендей, кез келген сайыс бағалануы тиіс. Сондықтан әділ шешім шығаратын үш адамнан тұратын қазылар алқасы құрылады.

Жұп құру және кезек нөмірі

  • Қатысушылар қиық қағаздар арқылы жұп құрайды: сәйкес келген қиықшалар — бір жұп.
  • Қоржыннан асық таңдап, кезек нөмірі анықталады.
  • Жұптар өз нөміріне сәйкес орындарына жайғасады.

Байқау шарттарын жұп болып орындайды. Өнерін, тапқырлығын, шешендігін көрсете білген жұп қана «Бозбала мен бойжеткен» атағын жеңіп алады.

Сайыс бөлімдері

1) Сәлем — сөздің анасы

Армысың, айналайын дархан халқым,
Сақтаған ұлтымыздың берік салтын.
Тіл ұшына оралар кездескенде,
«Сәлем — сөздің анасы» деген халқым.

Топ алдына шыққанда басын иіп, сәлемдесу — әрбір жастың парызы. Бұл бөлімде әр жұп өзін таныстырады.

2) Мақал — сөздің мәйегі

Нағыз мәдениетті қазақ сөзін мақалмен әрлеп сөйлейді. Бұл бөлімде жұптардың сөз саптауы, зеректігі сыналады.

Ереже

  • Жүргізуші мақал айтады.
  • Қатысушылар сол мақалдың ішіндегі бір сөзді таңдап, сол сөзбен жаңа мақал құрастырады.
  • Кезекпен жалғасады; көп мақал тапқан жұптың ұпайы артады.

Мысалдар

  • Ердің атын еңбек шығарады.
  • Ер елімен жақсы.
  • Жақсы сөз жан сүйсіндіреді, жаман сөз күйіндіреді.
  • Шешен — сөзінен сынады, мылжың — көзінен сынады.

3) Ұшқыр ой

Қазақ халқы жұмбақтап, астарлап сөйлеп, ойын тұспалдап жеткізе білген. Бұл бөлімде әр жұптың тапқырлығы мен ой жүйріктігі анықталады.

Тапсырма

Кеспе қағаздарда берілген жұмбақ сұрақтарға 3 минут ішінде жауап беріледі.

1-жұмбақ

Ертеде өзі сері, өзі әнші, өзі күйші бір жігіт болыпты. Тұрмысы кедей екен. Үлкен тойға бармақ болып әке-шешесінен рұқсат сұрайды. Әкесі: «Балам, ауылың жіберсе барарсың», — дейді. Жігіт кейін осы сөздің мәнін түсініп қалады. Осы тіркестің мағынасын түсіндіріңіздер.

Жауабы

Жігіттің тұрмысы кедей болғандықтан, тойға киер киімі жоқ. Бұрын адамдар ауылдастарынан киім сұрап баратын болған.

2-жұмбақ

Ауылдағы ең сыйлы кісінің үйіне бірнеше қария келеді. Келін шай-суын, етін беріп жүріп, сыртқа шығып кетеді. Өзеннің арғы бетінде қасқыр қойды жеп жатыр екен. Келін үйге кіріп: «Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр. Жанымаларыңды жонып-жонып жіберіп, тез жетіңдер», — дейді. Келін нені жасырған?

Жауабы

Қонақтардың есімдері: Өзенбай, Қамысбай, Қозыбай, Қасқырбай, Пышақбай.

3-жұмбақ

Екі атты келе жатып, қой бағып отырған қойшымен кездеседі. Қойшы олардың бірінен: «Қасыңдағы жолдасың кім?» — деп сұрайды. Сонда ол: «Бұл кісінің шешесі менің шешемнің қайын енесі», — дейді. Екі кісінің жақындығы қандай?

Жауабы

Екеуі — әкесі мен баласы.

4-жұмбақ

Бір ауылда қыз-жігіттер жиналып бастаңғы жасайды. Жұпыны тұратын үйдің қызы да барғысы келеді. Әкесі: «Қызым-ау, рұқсатымды берермін, бірақ барғышбасың барғызбас», — дейді. Қыз кейін осы сөздің мәнін түсініп, бара алмай қалады. Әкесі нені меңзеді?

Жауабы

Қыздың бастаңғыға киіп баратын киімі жоқ.

5-жұмбақ

Екі жақсы ат мінген жолаушылар бір кісіге кездеседі. Жолдағы кісі: «Мына кісінің жорғасын-ай, қыздан өткен жолдасын-ай», — дейді. Сонда бірі: «Бұл кісінің шешесі менің шешемнің қайын енесі. Мен бұл кісінің жан денесімін», — дейді. Бұлар бір-біріне кім болады?

Жауабы

Жолаушылар — әкесі мен қызы. Жауап берген адам — қызы.

4) Жұбыңды танисың ба?

Бұл бөлімде жігіттердің көзі байланады. Олар қыздардың қолынан ұстап, өз жұбын табуы тиіс.

Музыка ойнатылады.

5) Өлең — сөздің патшасы

Сайыскерлер берілген тақырып бойынша өлең жолдарын құрастырады.

Уақыт

5 минут

Ән тыңдатылады.

6) Жаңылтпаштан жаңылмайық

Сайыскерлерге жаңылтпаш айтылады. Олар оны тез әрі анық қайталауы керек.

Майқарағай басында мал қараған бала отыр,
Балқарағай басында бал қорыған шал отыр.

Құндызды өзім күндіз көрдім,
Сол құндызды көрген түні із көрдім,
Құндызды күндіз жүз көрдім.

Ақ терек пе, көк терек пе?
Көк терек пе, көп терек пе?
Көп теректер көк тіреп пе?
Көкті тіреп, көктемек пе?

Мен бақшаның қарбызын алдым,
Ол таудың жалбызын алды.
Жалбызын алса, жалғызын алды,
Жалғызын алса, жалғызы қалды.

Қарамайын қарағайдың,
Қаламайын, жоламайын.
Қарағайдың қара майын,
Қасына енді жоламайын.

7) Өнерлі өрге жүзер

«Өнерлі өрге жүзер» дейді халқымыз. Бұл бөлім — қатысушылардың өнерін көрсететін маңызды сын.

Жұптардың біреуі ән айтса, біреуі би билейді, бірі күй тартады, енді бірі қолөнер шеберлігін танытады. Ендеше, әр жұптың өнерін тамашалайық.

8) Сұлу би — сымбат мүсін айғағы

Ән мен күйді қатар ұлықтаған халқымыз өнердің ең әсемінің бірі — би екенін де жоғары бағалаған. Бұл бөлімде барлық жұптың көзі байланады: олар бір-бірін тауып алып, вальс ырғағымен билейді.

9) Сыйлық — тарту

Бұрын қазақтың қыз-жігіттері достықты нығайту үшін бір-біріне сыйлық тарту еткен. Осы дәстүрді жалғау ретінде әр жұп өз сыңарына жақсы тілекпен бірге сыйлық ұсынады.

Қорытынды

Қазылар алқасы ұпайларды қорытындылап, жеңімпаздарды анықтайды. Сайыскерлер марапатталып, сыйлықтар табысталады.

Негізгі ой

Бұл сайыс — өнерді ұлықтау, сөз қадірін тану, салт-дәстүрді құрметтеу және жастардың тапқырлығы мен шешендігін шыңдауға арналған тәрбиелік шара.