Соны сендерге таратып берейін

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы

Білім беру саласы
Таным
Бөлімі
Математика
Тақырыбы
Сан құрамы

Мақсаты

Білімділік

  • 1–10 аралығындағы сандарды қайталау және білімдерін бекіту.
  • 10-ға дейінгі сандардың құрамын, таңбаларын және геометриялық пішіндерді ажыратып, салыстыру дағдыларын бекіту.
  • Сандарды дұрыс атап, қарапайым арифметикалық есептер шығарту.

Дамытушылық

  • Логикалық ойлауын және есте сақтау қабілетін дамыту.
  • Санамақтар және математикалық ойындар арқылы сөйлеу тілін дамыту.

Тәрбиелік

  • Зейінділікке, ойлылыққа және қамқорлыққа тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

Кеспе сандар, үйлер макеті, қоян, аю, балықтар, сиқырлы қарындаш, перфокарточкалар, геометриялық фигуралар.

Әдіс-тәсілдер

  • Көрнекілік
  • Түсіндіру
  • Сұрақ-жауап

Сабақтың өту барысы (саяхат-сабақ)

Бүгінгі оқу іс-әрекеті саяхат түрінде ұйымдастырылады. Балалар тапсырмаларды кезең-кезеңімен орындап, әр бекетте білімдерін бекітеді.

1-кезең

Мотивациялық-ынталандыру

Амандасу. Көңіл-күйді көтеру үшін айналамызбен амандасамыз:

— Армысыз, қайырымды Аспан-ата!

— Армысыз, мейірімді Жер-ана!

— Армысыз, шұғылалы Алтын-күн!

— Қуан, шаттан, алақай!

— Қайырлы таң, қайырлы күн!

— Бәріміз күндей жарқырайық!

— Бәріміз тату болайық!

— Бәріміз дос болайық!

2-кезең

Ұйымдастырушылық-ізденуші: «Өз орныңды тап» ойыны

Балалар сандарды алып, ретімен қатарға тұрады. Әр санның артында әріп бар. Қалған балалар құрастырылған сөзді оқиды.

Нәтиже: «Математика» сөзі шығады.

Сабақ ерекше форматта өтеді: біз саяхатқа шығамыз. Бірақ қалай барамыз?

Тәрбиеші қорапты көрсетеді. Қорапты ашу үшін сұрақтарға жауап береміз:

  1. Жол ұзын ба, қысқа ма? Қол ұзын ба, қысқа ма?
  2. Қасық ұзын ба, қысқа ма? Асық ұзын ба, қысқа ма?
  3. Алма үлкен бе, түйме үлкен бе?
  4. Аю үлкен бе, қоян үлкен бе?
  5. Шаш ұзын ба, қас ұзын ба?

Балалардың дұрыс жауаптарынан кейін қорап ашылады. Ішінен сиқырлы қарындаш табылады.

Балалар көздерін жұмады: «1, 2, 3 — сиқырлы қарындаш, бізді қоянның үйіне апар!»

3-бекет

Қоянның үйі: көрші сандар

Қоян балалардан көмек сұрайды. Тапсырма: көрші сандарды жазып, бос орындарды толықтыру.

Тақпақ (қоян туралы)

Ұзын құлақ сұр қоян, Естіп қалып сыбдырды. Ойлы-қырлы жерлермен Ытқып-ытқып жүгірді. Қарап еді артына Қиығын сап көзінің, Келе жатқан томпаңдап Көжегі екен өзінің.

Қоян балаларға алғыс айтып, қоштасады.

4-бекет

Аюдың үйі: сан құрамы

Аю балалардың сандарды білуі мен есеп шығара алуын тексереді. Тапсырма: 7, 8, 9 сандарының құрамын толықтыру.

7 саны

  • 7 = 1 + 6
  • 7 = 5 + 2
  • 7 = 3 + 4

8 саны

  • 8 = 7 + 1
  • 8 = 2 + 6
  • 8 = 5 + 3

9 саны

  • 9 = 8 + 1
  • 9 = 3 + 6
  • 9 = 7 + 2

Тақпақ (аю туралы)

Ормандағы аюдың Құлпынайы көп екен. Теріп-теріп алайық, Қалтамызға салайық.

Аю балаларға алғыс айтып, тәттілер қалдырып кетеді.

5-бекет

Көл жағасы: «Балық аулау» тапсырмасы

Көлде балық көп. Балалар «балық аулап», әр балықтағы тапсырманы орындайды: дұрыс + немесе таңбасын қояды.

Сергіту сәті

Тұп-тұнық жылы суда Балық жүзіп жүр екен. Біресе керіледі, біресе жиырылады, Біресе құмға тығылады.

6-бекет

«Жеңімпаз фигуралар»: құрастыр

Бұл бекетте фигуралар шашылып қалған. Тапсырма: бөліктерін тауып, фигураны құрастыру.

Қорытынды: балалар фигураларды дұрыс құрастырады және пішіндерді ажырату дағдысын бекітеді.

7-кезең

«Ұқсасын тап» ойыны

Тәрбиеші заттарды атайды, балалар сол заттың қай фигураға ұқсайтынын айтады:

Күн — дөңгелек.

Кітап — төртбұрыш.

Жұмыртқа — сопақша.

Шатыр — үшбұрыш.

Балалар тапсырмаларды сәтті орындайды. Енді топқа қайтатын уақыт.

8–10

Рефлексия және қорытынды

Перфокарточкамен жұмыс

Орындарында отырып, жеке тапсырмаларды орындайды (перфокарточка).

Санамақ

Ал санайық, санамақ, Саусақтарға қарап-ақ. Қане-қане санайық: 1, 2, 3, 4, 5 1, 2, 3, 4, 5 Оң қолымда бес саусақ, Сол қолымда бес саусақ. Беске бесті қосқанда, Болады екен он саусақ.

Қорытынды сұрақтар

  • Саяхатқа қайда бардық?
  • Бізді кімдер қарсы алды?
  • Кімге көмектестік?

Балалар 1–10 сандарын жақсы меңгергенін көрсетеді. Қажет болғанда әрдайым көмектесуге дайын болу туралы тәрбиелік ой түйінделеді.

Марапаттау

Сиқырлы қарындаштың қақпағы ашылып, ішінен балаларға жұлдызшалар беріледі: тәртіптілігі мен белсенділігі үшін.

Қоштасу

Қол ұстасып тұрайық, Шеңберді біз құрайық. Көріскенше күн жақсы, Сау-саламат болайық.