Ағаштан жасалған бұйымдар

Сабақ жоспары Қолданбалы өнер Оқытудың ойын тәсілі

Қазақ халқының қолданбалы өнерінің түрлері

Сабақтың мақсаты

Қазақтың қолданбалы өнері туралы түсінік беру: аяққап пен қоржынның жасалу түрлері, сондай-ақ зергерлік және ағаш бұйымдары.

Міндеттері

  • Білімділік: өз бетімен меңгерген білімді тереңдету.
  • Тәрбиелік: ұлттық өнерге қызығушылықты арттыру, әсемдікке тәрбиелеу.
  • Дамытушылық: өнер мен уақыт тынысын ұштастыра ойлауға дағдыландыру.

Ұйымдастыру

Сабақтың типі
Жаңа материалды меңгерту
Сабақтың әдісі
Сұрақ-жауап, әңгіме
Ұйымдастыру кезеңі
1–2 минут, түгелдеу

Көрнекіліктер

Қазақтың ұлттық бұйымдары, қоржын, тұскиіз, топтастыру қағазы, бағалау парағы, фишкалар.

Қазақ халқы үшін «Өнер — өмірдің өзіндей мәңгілік». Қолөнер бұйымдары күнделікті тұрмыспен бірге дамып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Қазақтың ұлттық бұйымдарының негізгі түрлері

Тоқыма және киіз бұйымдары

Киіз, тұскиіз, текемет, сырмақ, қоржын, алаша, аяққап, тұтқыш.

Ағаш бұйымдары

Сандық, кебеже, адалбақан.

Зергерлік бұйымдар

Сырға, білезік, сақина, бойтұмар, алқа.

1) Төсеніш және тұрмыстық киіз бұйымдары

Тұскиіз

Сәндік мақсатта төсектің тұсына ілінетін үй жиһазы. Жасау үшін нығыз басылған жұқа киіз таңдалады. Безендіру үшін түсті барқыт, жібек, шұға сияқты маталардан ою-өрнек тігіледі.

Текемет

Бетіне түрлі түсті ою-өрнек басылған киіз. Жүн боялып, өрнек салынып, киіз басу әдісімен әзірленеді.

Сырмақ

Киізден сырып, оюлап жасалатын төсеніш. Екі түсті киіз оймаланып немесе матадан ою басылып, жиек жүргізіліп сырылады.

Қоржын

Өрмек құрып тоқылатын бұйым. Көбіне ұзындығы шамамен 120 см, ені 50 см болады. Ердің артына бөктеріп жүруге ыңғайлы болуы үшін екі басты қапшық түрінде жасалады.

Аяққап

Ыдыс-аяқ салуға арналған қапшық. Көбінесе киізден жасалады.

Алаша

Әртүрлі жүннен немесе түрлі түске боялған мақта мен жүннен тоқылатын төсеніш. Терме алаша және қақпа алаша болып екіге бөлінеді.

Тұтқыш

Қазанды оттан көтеріп-түсіргенде қолды күйдірмеу және қазан күйесін қолға жұқтырмау үшін киізден тігілетін екі қолғап. Ұзындау бауы болады.

2) Ағаштан жасалған бұйымдар

Сандық

Киім-кешек және өзге де заттарды сақтауға арналған ағаш бұйым.

Кебеже

Ағаштан жасалған әшекейлі сандық. Оған көбіне тамақ пен ыдыс-аяқ сақталған.

Адалбақан

Төрде тұратын, киім ілетін өрнектелген бұтақты немесе бұтақтары қолдан жасалған сырық.

3) Зергерлік бұйымдар

Білезік

Білекке тағылатын сәндік бұйым.

Сырға

Әйелдердің құлаққа тағатын сәндік әшекейі. Алтыннан, күмістен және асыл тастармен көмкеріліп жасалады.

Алқа

Алтын, күміс, маржанмен әшекейленген омырауша (өңірше) түріндегі бұйым.

Қазақ қолөнері бұйымдарының түрлері өте көп, ал олардың шығу тарихы сан алуан. Бұл өнер — өмірмен біте қайнасқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын қазына.