Қозғалыстың себептері және басталуы

§1. ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы қоғамдық-саяси үдерістер (9-сынып)

Бұл сабақ ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы қоғамдық-саяси үдерістерді жүйелі түрде қайталап, тереңдетіп бекітуге бағытталған. Негізгі мазмұн: панисламизм мен пантүркішілдік идеялары, ұлттық-демократиялық қозғалыстар, Мемлекеттік Дума жұмысына қырғыз (қазақ) облыстарынан сайланған өкілдердің қатысуы (Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Б. Қаратаев, М. Тынышпаев, М. Шоқай), сондай-ақ саяси басылымдардың дамуы («Қазақ» газеті, «Айқап» журналы).

Орталық тақырыптардың бірі — 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс: Бірінші дүниежүзілік соғыс жағдайы және 1916 жылғы 25 маусым Жарлығы, көтерілістің себептері, кезеңдері, таралған өңірлері, әлеуметтік негізі.

А. Байтұрсынұлы: «Қазақ ұлтының өмір сүруінің өзі проблемаға айналды».

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

  • ХХ ғасыр басындағы қоғамдық-саяси үдерістерді және саяси ағымдарды түсіндіру.
  • Панисламизм, пантүркішілдік, ұлттық-демократиялық қозғалыстардың мазмұнын ашу.
  • Мемлекеттік Думаға қазақ облыстарынан сайланған өкілдердің қызметін сипаттау.
  • Саяси басылымдардың рөлін көрсету: «Қазақ», «Айқап».
  • 1916 жылғы қозғалыстың себептері, кезеңдері, таралуы мен әлеуметтік негізін жүйелеу.

Тәрбиелік

  • Ұлт зиялылары ұстанған бағыттың тарихи мәнін түсіндіру.
  • Алаш зиялыларының басты мұраты — халықтың аман қалуы мен этникалық тұтастықты сақтау екенін ұғындыру.
  • Елжандылық пен отаншылдық қасиеттерін қалыптастыру.

Дамытушылық

  • Азаттық күрес жетекшілеріне қатысты өз пікірін дәлелді жеткізу дағдыларын дамыту.
  • Тарихи оқиғаларды талдау, салыстыру және қорытынды жасау қабілетін жетілдіру.

Жаңа сабақ: 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс

1) Себептері және басталуы

ХХ ғасыр Қазақстан үшін Ресей империясының отарлық тәуелділігі күшейген кезең болды. Өлке біртіндеп шикізат көзі әрі ірі сауда нарығына айналды. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс — қазақ халқының бірнеше ғасырға созылған отаршылдыққа қарсы күресінің жалғасы.

Бірінші дүниежүзілік соғыс (1914) Ресейдегі, соның ішінде империя құрамындағы халықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын күрт нашарлатты. Соғыс майданға қару-жарақ қана емес, мол көлемде шикізат, азық-түлік және материалдық ресурстар талап етті. Осы жағдайда шенеуніктердің озбырлығы, құқықты таптау, зорлық-зомбылық күшейді.

Көтерілістің негізгі себептері

  • Патшалық отарлау саясатының күшеюі және тиімсіздігі.
  • Орыстандыру бағытының тереңдеуі.
  • Алым-салықтың артуы.
  • Қазақтардың жерден айырылуы, жер мәселесінің ушығуы.
  • 1916 жылғы 25 маусым Жарлығы: Қазақстан, Орталық Азия және ішінара Сібір өңірлеріндегі 19–43 жастағы «бұратана» ер азаматтарды тыл жұмысына алу туралы шешім көтерілістің басталуына тікелей түрткі болды.

Мақсаты

Ұлттық және саяси бостандыққа қол жеткізу.

Қозғаушы күші

Шаруалар, жұмысшылар, кедейлер, қолөнершілер.

Сипаты

Ұлт-азаттық.

Қозғалысқа әртүрлі әлеуметтік топ өкілдері тартылды: байлар, болыс басқарушылары, билер, сондай-ақ демократияшыл бағыттағы зиялылар.

2) Қозғалыстың басталуы, басшылары және қазақ қоғамындағы көзқарастар

1916 жылғы оқиғаларға қатысты қазақ зиялылары арасында екі түрлі ұстаным қалыптасты. Бұл айырмашылық қозғалыстың барысына да, халықтың әрекет ету тактикасына да ықпал етті.

Қарулы қарсылықты қолдағандар

Тоқаш Бокин, Ж. Ниязбеков, Т. Рысқұлов, Ә. Жангелдин, С. Меңдешев, Б. Алманов және т.б. патша жарлығына ашық қарсы шығып, халықты қарулы қарсылыққа шақырды.

Қақтығыстан сақтандырғандар

«Қазақ» газеті төңірегіне топтасқан либерал-демократияшыл зиялылар (А. Байтұрсынұлы, Ә. Бөкейханов, М. Дулатұлы және т.б.) халықты жарлықты орындаудан бас тартпауға шақырды. Олар қарусыз жұрт жазалау шараларының құрбаны болуы мүмкін деп қауіптенді.

3) Жетісу мен Торғайдағы ірі ошақтар

Жетісу өңірі

  • Көтеріліс жетекшілері: Бекболат Әшекеев, Тоқаш Бокин.
  • Верный уезіндегі Үлкенсаз маңында 11 болыстан шамамен 5 мыңдай адам қатысты.
  • 17 шілдеде өңірде әскери жағдай енгізілді.
  • Сырдария облысы, Әулиеата уезі мен Мерке аймағы да көтеріліс ошақтарының бірі болды.

Торғай өңірі

  • Көтеріліске Әбдіғаппар Жанбосынов, Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин басшылық етті.
  • Көтерілісшілер әскери тәртіпке үйретіліп, азаматтық билік белгілері қалыптасты.
  • Арнайы адамдар азық-түлік пен қару-жарақ жеткізуді ұйымдастырды.
  • Ұстаханаларда суық қарулар жасалды.
  • Негізгі ошақтар: Татыр, Ақшығанақ, Доғал-Үрпек, Күйік, Батпаққара.

4) Жеңілу себептері, зардаптары және тарихи маңызы

Жеңілу себептері

  • Ұйымшылдықтың әлсіздігі және көтерілістің бытыраңқылығы.
  • Күштердің тең еместігі.
  • Үстем тап өкілдерінің тұрақсыздығы, кей жағдайда опасыздығы.
  • Жетісуда қоныс аударушылардың ауқатты топтарынан жазалау отрядтарының құрылуы.

Зардаптары

  • Тыл жұмысына негізінен кедей отбасылардың жастары көбірек тартылды.
  • Қазақ азаматтары арзан жұмыс күші ретінде пайдаланылды.
  • Билікке жақындар мен байлардың балаларына жеңілдіктер жасалды.
  • Халықтың әлеуметтік жүгі ауырлап, күйзеліс күшейді.

Тарихи маңызы

1916 жылғы қозғалыс — XIX ғасырдың 30–40 жылдарындағы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістен кейін Қазақстанның көптеген аймақтарын қамтыған ірі тарихи оқиға. Ол қазақ халқының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күресінде айрықша орын алады. Қозғалысқа қазақтармен бірге қырғыздар, ұйғырлар, өзбектер де қатысып, жаңа батырлар есімі тарихқа енді.

Сабақты бекіту: ашық тест

  1. 1) Патша жарлығы бойынша Дала өлкесі мен Түркістаннан қанша адам алу көзделді?

    • A) 500 мың
    • B) 300 мың
    • C) 400 мың
    • D) 100 мың
  2. 2) Қазақ ақсүйектерін қара жұмысқа шақырудан босату туралы құпия бұйрық қай күні берілді?

    • A) 1916 ж. 23 тамыз
    • B) 1916 ж. 15 желтоқсан
    • C) 1916 ж. 25 маусым
    • D) 1917 ж. 27 ақпан
  3. 3) ХХ ғасыр басында зиялылар арасында ұлт-азаттық идеясын таратушы, Ресейдің либерал-демократиялық қозғалысының қайраткері:

    • A) А. Байтұрсынов
    • B) Ә. Бөкейханов
    • C) Т. Рысқұлов
    • D) С. Смағұлов
  4. 4) 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Шерубай-Нұра болысының ханы болып сайланған:

    • A) Оспан Шонов
    • B) Сәкен Сейфуллин
    • C) Нұрлан Қияшев
    • D) Бекболат Әшекеев
  5. 5) Өзінің ұрыс жүргізу тактикасымен ерекшеленген ұлт-азаттық көтерілістің қолбасшысы:

    • A) А. Иманов
    • B) А. Байтұрсынов
    • C) Ә. Бөкейханов
    • D) С. Меңдешев