Өнер сайысы. Мақал - мәтел сайысы

Сайыс туралы

«Ынтымақты отбасы» — ата-аналар мен балаларды бір командаға біріктіретін, халық ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр туралы білімін, сондай-ақ ән, би, қолөнер сияқты ұлттық өнерге бейімділігін танытатын отбасылық сайыс.

Мақсаты

Отбасының қоғамдағы орнын ұғындыру, оқушыларды ынтымақ пен бірлікке, татулық пен ұйымшылдыққа тәрбиелеу.

Түрі

Ата-аналар мен балалардан құралған командалар арасындағы сайыс.

Көрнекілігі

Отан, отбасы, ынтымақ-бірлік туралы мақал-мәтелдер және әр отбасыға арналған слайд-шоу.

Жүргізуші сөзі

Атамыз қазақ: «Бала — адамның бауыр еті», «Балалы үй — базар» дейді. Өйткені бала — өмірдің жалғасы, отбасының жеміс берер гүлі.

Отбасы — қоғамның негізі. Баланың болашақта жақсы азамат болып өсуі, жан-жақты тәрбиелі болуы — ең алдымен отбасындағы тәрбиеге тікелей байланысты.

Бүгін сыныбымызда «Ынтымақты отбасы» атты сайыс өтеді. Ендеше, сайысқа қатысушы отбасыларды ортаға шақырайық.

Қатысушы отбасыларды таныстыру

Жақсы адам кімге болсын болар пана,
Мол оның тал бойында ақыл-сана.
Көркіне ақылы да сай келетін —
Мүсреповтер отбасы ортамызда.

Қуантады білімімен бәрімізді,
Қол соғып қарсы алайық енді оны —
Сұлтанбековтер отбасы келіп қалды,
Татулықты ту еткен отбасы бұл.

Жігітке ақыл, білім жарасады,
Нағыз ер халқыменен санасады.
Сайысқа бар күшімді саламын деп —
Әбуовтер отбасы таласады.

Сайыс кезеңдері

  1. 1

    Таныстыру

    Әр отбасы өздерін таныстырады.

  2. 2

    Өнер сайысы

    «Кедеймін деп қысылма, өнерің болса қолыңда» — әр отбасы өз өнерін көрсетеді.

  3. 3

    Мақал-мәтел сайысы

    Мақал-мәтелді жалғастыру арқылы тіл байлығы мен тапқырлық сыналады.

    Тапсырмалар

    • Балаңа байқап сөйлесең, (ақылыңа көнер).
    • Өз білмегеніңді кісіден сұра, (үлкен жоқ болса, кішіден сұра).
    • Әдептілік белгісі — (иіліп сәлем бергені).
    • Оқу — білім бұлағы, (білім — өмір шырағы).
    • Қына тасқа бітеді, (білім басқа бітеді).
    • Ер жігіт ел үшін туады, (ел үшін өледі).
    • Қарағайға қарап тал өсер, (қатарына қарап бала өсер).
    • Досы көпті жау алмайды, (ақылы көпті дау алмайды).
    • Тіліңмен жүгірме, (біліміңмен жүгір).
  4. 4

    «Көңілді аспаздар» (аналар сайысы)

    Аналарымыз берілген уақыт ішінде ас мәзірін дайындайды.

    Кіріспе өлең

    Ана деген — тіршіліктің иесі,
    Сыйлайтынын адал бала білесің.
    Өмір балын тамызар да ерніңе,
    Шымырлатып еріткен бар жүйесін.

    Кірпігімнің әр қағысын санаған,
    Көз аудармай күндіз-түні қараған.
    Айналамда жүргендердің бірінен
    Бар ма анамдай тірлігіме жараған?

    Ән

    Аналар ас дайындап жатқанда, мектебіміздің әнші қызы, түрлі сайыстардың жеңімпазы әрі лауреаты — 8-сынып оқушысы Сексенбаева Аруна өнер көрсетеді.

  5. 5

    Сурет салу (әкелер сайысы)

    Әкелеріміз белгілі бір уақыт ішінде кез келген тақырыпта сурет салады.

    Кіріспе өлең

    Ыстық-ау, кім-кімге де әке деген,
    Суыққа шалындырмай мәпелеген.
    Өмірдің соқпағымен өрге тартып,
    Алдымен адам бол деп жетелеген.

    Жас едім өмірге еркін бойламаған,
    Күні ертең не боларын ойламаған.
    Шарықтап кетсем дағы қанат қағып,
    Өзіңдей қамқор әке қайда маған?

    Ән

    Ортада — Аруна.

  6. 6

    Балалар сайысы

    «Ана — бала, бала — ана» — бір-бірінсіз жоқ олардың бақыты. Ендеше, сайыстың келесі бөлігін балаларға береміз.

    • Дартс ату
    • Есептер шығару

Қорытынды

Сайыс соңында әділқазылар алқасына сөз беріліп, қатысушылардың өнері мен белсенділігі бағаланады.