Қай жылы тәуелсіздік алдық
Атырау облысы • Индер ауданы
М. Мөңкеұлы атындағы орта мектеп
Бастауыш сынып мұғалімі: Төлегенова Гүлайым Еділовна
Біз — тәуелсіз елміз
Бұл мәтін — Тәуелсіздік күніне арналған тәрбие сағатының мазмұны. Онда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы, тәуелсіздік жолындағы ерлік, мемлекеттік рәміздердің мәні және жас ұрпаққа берілер өнеге баяндалады.
Мақсаты
- Еліміздің тәуелсіздік алу жолындағы ата-бабаларымыздың ерлігін дәріптеу; Желтоқсан құрбандары мен оқиғаға қатысқан аға-апалардың ерлігін үлгі ету.
- Оқушылардың туған өлкеге, елге деген сүйіспеншілігін оятып, азаматтық сезімін нығайту.
- Елін, жерін сүюге, Отанды қастерлеуге, шыншылдыққа тәрбиелеу.
Мұғалім сөзі: тәуелсіздік — оңай келген жоқ
Тәуелсіздік бізге оңай келмеді.
Жұртым менің не қиындық көрмеді?
Жылап тұрып аналарым бұл жолда,
Сан перзентін қара жерге жерледі.
Тәуелсіздік бізге оңай келмеді,
Асау аттай өз тізгінін бермеді.
Қазағымның алтын басын иілтіп,
Талай дұшпан төрімізге төрледі.
Тәуелсіздік таңы атты. Тәуелсіздік күніне арналған ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
1986 жыл: Желтоқсан оқиғасының қысқаша баяны
1986 жылы 16 желтоқсанда таңертең Алматыда жаппай толқу басталды. Жастар алаңға жиналып, еркіндік пен әділдік туралы талаптарын ашық айтты: «Біз қазақпыз, ежелден еркіндік аңсаған», «Әрбір ұлтты өз көсемі басқарсын», «Тәуелсіздік керек».
Алматы гарнизоны жауынгерлік дайындыққа келтіріліп, алаңдағы жастар күшпен қоршауға алынды. Алматыға әр аймақтан арнайы әскер бөлімдері жіберілді.
Өз елінің тәуелсіздігін талап етіп, шеруге шыққан жастарға «бұзақылар», «ұлтшылдар», «нашақорлар» деген негізсіз айып тағылды. Көптеген студенттер түрмеге қамалып, оқу орындарынан шығарылды.
Тәуелсіздік жолында Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира және басқа да қазақ жастары қайсарлық танытып, Желтоқсан күндерінде құрбан болды.
Ой ашар: сұрақ-жауап
Оқушылармен әңгіме жүргізу үшін төмендегі сұрақтар ұсынылады:
Отан
Отан дегеніміз не? Оны қалай түсінесіңдер?
Еліміз
Біздің Отанымыз қай ел?
Ұлт
Біз қай ұлтпыз?
Мемлекет
Біз қандай Республикада тұрамыз?
Тіл
Біздің ана тіліміз қандай тіл?
Тәуелсіздік
Қай жылы тәуелсіздік алдық? Неше жылдығын атап өтеміз?
Тарих
Желтоқсан оқиғасы қашан және қайда болды?
Қазіргі Қазақстан
Балалар, біз қандай елміз?
Мемлекеттік рәміздер: мәні мен мазмұны
Әнұран
Қазақстан Республикасының Әнұраны бірлікке, ынтымаққа, достыққа қызмет етеді. Жастарды ерлікке, қайсарлыққа және тәуелсіздікті қорғауға шақырады.
Көк Ту
Көк байрақтың ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтаған қыран бейнеленген. Тудың сол жағында ұлттық өрнек бар. Бұл — еркіндік, биік мақсат және елдік рухтың белгісі.
Елтаңба
Елтаңбаның көркемдік шешімінде шаңырақ, жұлдыз және аңызға айналған қос пырақ бейнеленген. Қанатты пырақ — биік самғау мен болашаққа ұмтылыстың нышаны.
Рәміздеріміз — тәуелсіздігіміздің айшықты белгілері. Оларды құрметтеу — елге деген құрмет.
Оқушылардың өлең жолдары
Ернұр
Сол бір сәтте бұлт торлады аспанды,
Алатаудың көзінен де жас тамды.
Тәуелсіздік Желтоқсанмен бітпейді,
Тәуелсіздік күресі енді басталды.
Анель
Қатыгездік жұдырығын түйіліп,
Қамшы үйірді жасқап, жекіп бұйырып.
Желтоқсанда шықты үлкен алаңға,
Ата-баба аруағына сыйынып.
Арсен
«Нашақор» деп, «ұлтшыл» деп,
Қазаққа күйе жаққан күн.
Базары кетіп, бір түнде,
Қайғыға халық батқан күн.
Айшат
Намыс үшін күрессең, мазақтар кім?
Құлға айналу — азаптардың азабы.
Қаны төгілді Желтоқсан алаңында,
Бодандыққа көнбеген қазақтардың.
Көрініс: Қайрат пен тергеуші
Тергеуші: Сен 13 желтоқсан күні сағат 10:00-де қайда болдың?
Қайрат: Жолдастарыммен бірге Фурманов көшесінде болдым.
Тергеуші: Жоқ. Сен Сәтпаев пен Мир көшесінің қиылысында Совецкийді соққыға жықтың. Соның салдарынан ол қайтыс болды. Сен оны өлтірдің.
Қайрат: Мен оны көргенім жоқ.
Тергеуші: Ақымақ! Сен оны өлтіргенсің! Әкетіңдер! Атыңдар! Көзін жойыңдар!
Қайрат:
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең алыңдар,
Қайрат деген затым бар.
Қазақ деген атым бар.
Еркек тоқты — құрбандық,
Атам десең, атыңдар…
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков небәрі 22 жыл ғұмыр кешті. Ол елінің болашағы, бостандығы мен егемендігі үшін күресті.
Желтоқсан рухы — ұлт жадындағы аманат
Ақниет
Өктем билік қаралады, даттады,
Бірақ Алла ақиқатты жақтады.
Амалсыздан Колбин келді басшылыққа,
Ел тағдыры сын сәттерден өтті, татты.
Гүлзат
Алаңға шығып, ойын айтты жастарым,
Қиындық пен қатерге тігіп бастарын.
Сол күндерден тоңы еріді кеңестің,
Еркіндікке бастады жаңа бастауын.
Арсен
Желтоқсан оқиғасы қанша ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Егемендікке жеткізген сол ерліктің арқасында еліміз дүниежүзіне танылды.
Әльмира
Желтоқсандық ерлерді есте сақтаймыз,
Ерлік ісін, аманатын сақтаймыз.
«Отан үшін отқа түссең күймейсің»,
Сол өсиетпен елге адал боламыз.
Еске алу
1996 жылы 9 желтоқсанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығымен Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі мен «Алтын жұлдыз» тапсырылды. Сондай-ақ Сәбира, Ләззат, Ербол және Желтоқсанға қатысқан өзге де жастардың есімі ел жадында мәңгі сақталды.
Желтоқсан құрбандарын еске алу: 1 минут үнсіздік.
Хор
«Атамекен»
Тәуелсіз елдің тірегі — білімді ұрпақ
Әліби
Астана — біздің сәніміз,
Білім — біздің нәріміз.
Азат елдің тірегі
Болайықшы бәріміз.
Бекарыс
Нұр атаның жолдауы —
Халықтың оны қолдауы.
Бақыты үшін елінің,
Болмайды еш сөз дауы.
Хормен: Қазақстан — Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі.
Қарақат
Бақтың құсы әр адамға қонып бір,
Тәңірім бізді баққа жолықтыр.
Бүгін міне тәуелсіздік, ағайын,
Әр қазақтың жүрегі боп соғып тұр.
Айшабибі
Желдей еркін, түздей кең қандай азат,
«Мен қазақпын!» деген де қандай ғажап.
Мақтан етсін халықтар халықтығын,
Жетер сан жыл шеккені азап.
Әбілхан
16 желтоқсан — тәуелсіздік алған күн,
Ерекше боп мәңгілік ел жадында қалған күн.
Жасай берсін ұлы күн!
Ертилеу
Жарқырап атар таңы бар,
Жарқылдап айтар әні бар.
Әні бар, теңіз дәні бар,
Айналдым сенен, Отаным!
Анель
Елім барда — мен бақытты ұланмын.
Елім сүйсе, сенімінен шығармын.
Елім менің көтермесе елдігін,
Намысымның биігінен құлармын.
Шығармашылық жұмыс
1-топ
Елбасына құттықтау хат жазу.
2-топ
«Тәуелсіз елміз» тақырыбында әңгіме жазу.
Қорытынды
Бүгін біз дербес ел болып, уығымызды қадап, шаңырағымызды көтеріп, ерікті де еңселі мемлекетімізді құрып, Қазақстан Республикасы атанып, көк байрағымызды желбіретіп, әлемге танылдық. Мұның бәрі — Тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасы.
Ендеше, тәуелсіздігімізге шаң жұқтырмай, оны ең қымбат қазынамыздай құрметтеп, келер ұрпаққа аманат етіп тапсыру — бәріміздің парызымыз. Елімізді ішкі-сыртқы қауіп-қатерден қорғауға міндеттіміз. Сонда ғана Тәуелсіздігіміз мәңгілік мұра болмақ.
Хор
«Көк тудың желбірегені»