Қыс ханшайымы

Ақтөбе облысы • Мұғалжар ауданы • Бірлік ауылы

№5 «Айгөлек» МКҚК балабақшасы

Тәрбиеші: Бисенова Жансая Ғлажадинқызы

«Қыс қызығы» ұйымдастырылған оқу қызметі

Бұл сабақ балалардың қыс мезгілі туралы түсінігін кеңейтуге, қысқа тән құбылыстарды ажырата білуге және көрген-білгенін жүйелі, нақты жеткізуге бағытталған.

Мақсаты

  • Қыс мезгілі туралы түсінікті кеңейту, ерекшеліктерін ажырату.
  • Көргенін, байқағанын дұрыс баяндауға үйрету; «нені?», «кімді?», «кімдерді?», «қандай?» сұрақтарына нақты жауап беру.
  • Сөздік қорын байыту, ойлау мен есте сақтауды дамыту.
  • Белсенділікке, ұйымшылдыққа, шапшаңдыққа тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдері

Әңгімелесу Түсіндіру Сұрақ–жауап Көрсету Ғажайып сәт Ойын Сергіту сәті Монтессори технологиясы

Көрнекіліктер

  • Шаңғы
  • Шана
  • Коньки
  • Аққала суреті және бөлшектері
  • Ыдыстағы қар, су, мұз

Сабақ барысы

Тәрбиеші балаларды жылы көңіл-күйге баулып, «жылулық шеңберін» құруды ұсынады. Сыртта күн суық болса да, жүрек жылуын айналамызға таратып, қонақтармен сәлемдесеміз.

Жылулық шеңбері

Мейірімділік жүрекпен,

Ақ пейілді тілекпен,

Амандасып алайық.

Бір жадырап қалайық.

Келіп қалған қонақтарды

Құрметпен қарсы алайық.

Өлең арқылы тақырыпқа кіріспе

Шанамен зырғып желетін,

Коньки, шаңғы тебетін,

Аққала жасап ойнайтын,

Қай мезгіл деп ойлайсыңдар, балалар?

Балалардың жауабы:

Қыс мезгілі.

Қыс белгілері және қимылмен көрсету

Сұрақ:

Қыс мезгілінде қандай құбылыстар болады?

Күтілетін жауаптар: қар жауады, аяз болады, боран соғады.

Боранды қалай көрсетеміз?

Қолды жоғары көтеріп, желдің гуілін келтіреміз.

Қатты аязда не істейміз?

Қолды қусырып, аяқпен топылдатып жылынамыз.

Күн шыққанда ше?

«Алақай!» деп қуанып, қол көтереміз.

Ғажайып сәт: Қыс ханшайымының келуі

Желдің үні естіледі. Есік қағылады. Тәрбиеші есікті ашқанда бөлмеге Қыс ханшайымы кіреді.

Қыс ханшайымы:

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен Қыс ханшайымымын. Сендердің қыс мезгілі туралы айтып жатқандарыңды естіп, қонаққа келдім. Сендерге тапсырмалар да ала келдім. Орындауға дайынсыңдар ма?

Балалардың жауабы:

Иә, дайынбыз!

1-тапсырма: Жұмбақтар

Қыста ғана болады, ұстасаң қолың тоңады.

Жауабы: Қар.

Қолы жоқ, сурет салады. Тісі жоқ, тістеп алады.

Жауабы: Аяз.

Өзі сондай аппақ, жердің бәрін жаппақ.

Жауабы: Қар.

Табаныма байладым, қос таяқпен айдадым.

Жауабы: Шаңғы.

Ол көңілді сайқымазақ емес, үш қабатты, бірақ үй емес.

Жауабы: Аққала.

Қосымша сұрақтар:

Қардың түсі қандай?

Ақ.

Қар жылы ма, әлде мұздай ма?

Мұздай.

Тәжірибе: Қар, су және мұз

Балаларға қар, су және мұз көрсетіліп, сезіну арқылы бақылау жасалады: қарды қолмен ұстап көреді, мұздың қатты әрі суық екенін байқайды.

Түсіндіру: Мұз суықта су қатып қалғанда пайда болады. Күн жылынса, қар ериді де суға айналады.

2-тапсырма: «Аққала құрастыру» ойыны

Қыс ханшайымы аққаланың неден жасалатынын және оның бөліктерін анықтайды:

  • Аққала қардан жасалады.
  • Үш бөліктен тұрады.
  • Бөліктерінің пішіні — дөңгелек.

Тақтада үлгі ретінде аққаланың жапсырылу жолы көрсетіледі. Балалар өздігінен аққаланың бөліктерін құрастырып, жұмыс орындайды.

Сергіту сәті

Шынығамыз бәріміз,

Иіліп-бүгіліп денеміз.

Шанамен де ойнаймыз,

Шаңғыны да тебеміз.

Конькименен әрлі-берлі жол салып,

Қар лақтырып ойнаймыз.

Қорықпаймыз аяздан —

Спортшы болып шынығамыз.

Талқылау:

Балалар шаңғы тебу, шана тебу, коньки тебу қимылдарын жасағанын айтады.

Қысқы спорт құралдарымен таныстыру

Қыс ханшайымы балаларға шаңғы, шана, конькиді көрсетіп, олардың қолданылуын түсіндіреді. Балалар қыста жылы киініп, аяздан қорықпай далада ойнау керектігін еске түсіреді.

Шаңғы

Аяққа киіледі, қолда екі таяқша болады. Қар үстінде сырғанауға арналған.

Шана

Қарлы жерде сырғанап ойнауға арналған.

Коньки

Мұз үстінде сырғанауға арналған.

Сөздік жұмыс:

Балалар «шаңғы», «шана», «коньки» сөздерін қайталап айтады.

Өлең: А. Асылбеков «Қыс»

Қандай суық қыс деген,

Қалтырайды құс деген.

Құлақшынды кимесең,

Құлағыңды «тістеген».

Қандай қызық қыс деген,

Бәрін шебер «істеген».

Бақша-бауды, тауды да,

Бояған ақ түспенен.

Сұрақ-жауап:

  • Өлеңде не туралы айтылған?
  • Қардың түсі қандай?
  • Дала қандай болады?
  • Бақшаға келгенде қалай киінеміз?

3-тапсырма: Қыста киіну (қимыл-қозғалыс ойыны)

Тоңса біздің денеміз,

Тонды киіп аламыз.

Зу-зу-зу —

Шанамен зулаймыз!

Тоңса біздің қолымыз,

Қолғап киіп аламыз.

Сарт-сарт-сарт —

Қолымызды соғамыз!

Қыс ханшайымы балалардың белсенділігіне ризашылығын білдіріп, келесі қыс мезгіліне дейін қоштасады.

Қорытындылау

Қайталау сұрақтары

  • Бізге қонаққа кім келді?
  • Қазір жылдың қай мезгілі?
  • Қыста қандай құбылыстар болады?
  • Қардың түсі қандай?
  • Қыста қандай ойындар ойнауға болады?

Сабақты аяқтау

Тәрбиеші балалардың сабаққа белсенді қатысқанын атап өтіп, қонақтармен қоштасуды ұсынады. Соңында балаларға қағаздан жасалған қар үлестіріледі.

Рефлексия Қоштасу Марапаттау