Алма ағашы
Сабақ жоспары
Он көлеміндегі сандарды қосу және азайтуды қайталау (ертегі еліне саяхат)
Сабақтың мақсаты
- Білімділік: өткен сабақтарда меңгерген білімді пысықтау, қайталау тапсырмалары арқылы бекіту.
- Дамытушылық: ой-өрісті дамыту, ойын арқылы логикалық ойлау қабілетін арттыру.
- Тәрбиелік: шапшаңдыққа, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға, жүйелі еңбек етуге және тапсырмаларды жауапкершілікпен орындауға тәрбиелеу.
Ұйымдастыру деректері
- Сабақтың типі
- Ертегі-ойын сабағы
- Сабақтың әдістері
- Сұрақ-жауап, ойын, әңгімелеу
- Көрнекілігі
- Интерактивті тақта, оқулық, натурал сандар
- Пәнаралық байланыс
- Дүниетану, ана тілі, бейнелеу өнері
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Бүгін математика пәнінен ашық сабақ өтеді. Сабаққа қонақтар келді, ендеше олармен амандасайық. Бүгінгі тақырыбымыз — қайталау сабағы. Сондықтан әрқайсың осы уақытқа дейін үйренгендеріңді еске түсіріп, дұрыс қолдана білуің қажет.
Психологиялық дайындық
Сабаққа біз даярмыз,
Жалқаулықты қоямыз.
Үздік оқып әрқашан,
Кілең бестік аламыз!
1, 2, 3 — сынып іші тып-тыныш.
Жалқаулықты қоямыз,
Сабағымызды бастаймыз.
Картамен жұмыс
- Біз қай облыста тұрамыз?
- Қай ауданда тұрамыз?
- Ауданымызда қандай орманды жер бар?
- Ол қалай аталады?
Бүгін біз Аманқарағай орманының әлеміне саяхатқа шығамыз. Бұл жай орман емес — мұнда сендердің математикалық білімдерің қажет болады.
2) Кіріспе: Раушан мен Асан оқиғасы
Орманда орманшының үйі бар екен. Орманшының Раушан мен Асан деген екі баласы болыпты. Раушан — бес жаста, ал Асан одан екі жас кіші. Асан неше жаста?
Жауабы
Асан — 3 жаста.
Бір күні олардың ата-анасы қыдырып кетіп, Асанды Раушанға тапсырыпты. Раушан есік алдында інісін ойнатып отырса да, біраздан соң іші пысып, Асанды жалғыз қалдырып, өзі ойнауға кетеді. Сол сәтте ғажайып аққулар ұшып келіп, Асанды алып кетеді. Раушан үйіне келсе, інісі жоқ. Ол іздеуге жолға шығады.
3) Алма ағашының өтініші
Үйдің алдында алма ағашы өсіп тұрады. Раушан: «Алма ағашы, інімді көрдің бе? Іздеп табуға көмектесші», — дейді.
Алма ағашы: «Көмектесемін, бірақ сен де маған көмектес. Алмаларым қып-қызыл болып пісіп, басымды көтере алмай тұрмын. Жинап бер», — деп жауап береді.
Сыныпқа тапсырма
Балалар, біз де Раушанға көмектесейік: алмаларын жинауға жәрдемдесейік.
Алма ағашы аққулардың орманның оң жағына ұшып кеткенін айтады.
4) Кірпі тапсырмалары
Раушан орман ішіне кіргенде алдынан кірпі шығады. Ол бірнеше тапсырма береді.
1-тапсырма: сандармен жұмыс
- Сандарды өсу ретімен және кему ретімен айту.
- 4, 6, 3 сандарының көршілерін табу.
- Берілген натурал сандардан қосынды, айырма, теңдік құрастыру.
Есептеу тапсырмалары
- Бірінші қосылғыш 4, екінші қосылғыш 3. Қосындының мәнін тап. 4 + 3
- Бірінші қосылғыш 5, екінші қосылғыш 2. Қосындының мәнін тап. 5 + 2
- Азайғыш 10, азайтқыш 6. Айырманың мәнін тап. 10 − 6
- Азайғыш 9, азайтқыш 1. Айырманың мәнін тап. 9 − 1
- 7 мен 5 сандарынан теңсіздік құр. 7 ? 5
- 1 мен 4 сандарынан теңсіздік құр. 1 ? 4
2-тапсырма: жұмбақ
Тақылдатып,
Мазаны ап,
Ағаштарды тазалап,
Ормандарды емдейді,
Зиянкесті жазалап.
Жауабы: тоқылдақ
«Тоқылдақ» сөзінде неше дауысты дыбыс бар?
Қандай дауысты дыбыстар?
Кірпі бізді келесі кейіпкерге — тиінге жібереді.
5) Тиіннің тапсырмасы: дәптермен жұмыс
Күні
Наурыздың 5-і
Жазылым
Сынып жұмысы
«5» санына сипаттама
- Бір таңбалы сан.
- Бір тор көзге жазылады.
- 4 + 1 қосындысының мәні 5 болады.
- Көршілері: 4 және 6.
Көркем жазу
4 және 6 цифрларын таза, дұрыс жазу.
Сөз есеп
Тиін: «Аққулар — жалмауыз кемпірдікі. Оның үйін осы жолмен тіке барсаңдар табасыңдар», — деп бағыт береді.
Сергіту сәті
«Пингвиндер биі»
6) Жалмауыз кемпірдің тапсырмасы
Жағдаят
Жалмауыз кемпір: «Менің жақсы досым бар еді, бірақ ол өзенге түсіп, түссіз болып қалды. Егер оны бояп беруге көмектессеңдер, аққуларым ініңді үйіне апарады», — дейді.
Тапсырма: Карлсонды бояу
Балалар Карлсон суретін бояп, тапсырманы орындайды.
Жалмауыз кемпір: «Рахмет, балам. Сен келген жолыңмен үйіңе қайт. Менің ғажайып аққуларым ініңді үйіңе апарады», — дейді.
Раушан үйіне келсе, аққулар Асанды есік алдына отырғызып кетіпті. Раушан көмектескендеріңе қуанады.
7) Үй жұмысы, бағалау және қорытынды
Үй жұмысы
Күнделікті ашып, үй тапсырмасын жазып алу.
Бағалау
Оқушылардың орындаған тапсырмалары бойынша бағалау жүргізіледі.
Сабақты қорытындылау
Сабақ ұнады ма? Алдарыңда күннің суреті бар: егер сабақ ұнаса — күлімсіреген ауыз, ұнамаса — түзу ауыз сызыңдар.