Отанды сүюге, Отан алдындағы борышын түсіне білуге тәрбиелеу

«Менің Қазақстаным – менің болашағым» — тәрбие сағатының мазмұны.

Өз Отаныңның патриоты болу — Қазақстанды жан-тәніңмен сүю, оның ертеңіне жауапкершілікпен қарау. Н. Ә. Назарбаев

Мақсаты

Отанды сүюге, Отан алдындағы борышты түсіне білуге тәрбиелеу. Қазақстанның әрбір азаматы өз елінің қорғаушысы болуға міндетті. Өскелең ұрпақ білімді, отансүйгіш, патриот болып қалыптасуы тиіс.

Әдістері

  • Тарихи-әдеби музыкалық кеш
  • Әңгімелесу
  • Сұрақ-жауап

Көрнекілігі

Музыкалық аспаптар, мемлекеттік рәміздер, слайдтар, гүлдер, шарлар, сюжетті фильм және техникалық құралдар.

Бөлімдер

  1. I.Жерұйық — алтын мекенім
  2. II.Ерлікке тағзым
  3. III.Ерлік — елдің қасиеті, жүректілік — жігіттің қасиеті
  4. IV.«Лаула, лаула, желтоқсанның мұзда жанған алауы!»
  5. V.Бүгініміз баянды, болашағымыз жарқын

I. Жерұйық — алтын мекенім

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші: Қайырлы күн, құрметті қонақтар! Армысыздар, ардагерлер легі — өмірлеріңіз ерлік пен күрестің мектебі!

2-жүргізуші: Аяулы да ардақты ұстаздар, білімге ұмтылған жас ұрпақ! Бүгін сіздердің назарларыңызға «Менің Қазақстаным — менің болашағым» атты тарихи-әдеби музыкалық кешті ұсынамыз. «Өткенін ескермеген өшеді, өткенін қастерлеген өседі» — берер тәлімі мол тарихтың куәгерлері бүгін ортамызда.

Өлең жолдары

1-жүргізуші: Мен қазақпын — мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

2-жүргізуші: Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім — мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім.

Тарихқа шолу

Қазақ елі — ер Еділ батырдың елі. Қазақ жұрты батырлығымен де, парасатымен де талай өркениетке үлгі болған. Египетте билік құрған Бейбарыс, Үндістанды билеген Бабыр — тарихымыздағы айрықша тұлғалар.

1723 жыл: Алтайдан Атырауға дейін тыныштық орнаған қазақ даласына жоңғар шапқыншылығы төнді. Халық «Ақтабан шұбырынды» жылдарын бастан кешіріп, Алқакөлге аялдап, қасиетті Қаратауға қарай бас сауғалады.

Музыкалық номер: «Елім-ай»

Билер сөзі: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би ел бірлігін бекемдеді. «Алтау ала болса — ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса — төбедегі келеді» деген ұлағат жұртты ынтымаққа шақырды.

Оқушы: Қазақ жері — қонақжай төрелер жері,
Қазақ елі — қас қақпай ерлер елі.
Елі кедей болмаған — жері байтақ,
Еділ ердей, Бабырдай шерлер елі.

Музыкалық номер: «Ауылым»

II. Ерлікке тағзым

Еске алу

Слайд көрсету, фильмнен үзінді. Бір минут үнсіздік.

Соғыс жылдары

1-жүргізуші: 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия Отанымызға тұтқиылдан шабуыл жасады. Елін, жерін қорғау үшін халық майданға аттанды, тылда аянбай еңбек етті. «Бәрі де Отан үшін, бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» — басты ұранға айналды.

2-жүргізуші: Отанға жау кенеттен оқ атқанда,
Ойран салып, бау-бақшаны қиратқанда,
Жөнелді қыршын жастар қан майданға —
Ақ ниетті, асыл мақсат алға бастар.

Ер есімдері

Қазақстандықтар қаһарман халық екенін дәлелдеді. 500-ге жуық қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды, олардың 98-і — қазақ. Ерлер қатарында: Талғат Бигелдинов, Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлова, Нұркен Әбдіров, Мәншүк Мәметова, Бауыржан Момышұлы. Әлия мен Мәншүк — шығыстың қос шынары.

Музыкалық номер: «Катюша»

Ауыл естелігі

2-жүргізуші: Жаңажол ауылынан 1941–1945 жылдары 88 азамат соғысқа аттанып, олардың 55-і туған жерге оралмады.

Сейтенов Қажықанның майданнан жазған хаты

Шет жерде ұлы майдан болып жатыр,
Майданға кеткен адам толып жатыр.
Бейнет пен мехнатты көріп жатыр,
Жалғыз ем, бір әкеден Қажықан атым.

Дәм жазып мен шықтым оң сапарға.
Артымда Аймушка мен Шұғай атты құлыным қалды.
Кім білер алдағы істің не боларын?
Хабар жоқ, ендігісін өзің ойла!

Оқушы: «Ардагерлер» өлеңі

2-жүргізуші: Сүйіншіге, сүйінші! Шаттан, ата-анамыз, шаттан, ата-бабамыз! Кек қайтарып фашистен, соғыс бітті Жеңіспен!

Музыкалық номер: «Жеңіс күні» (әскери марш)

III. Ерлік — елдің қасиеті, жүректілік — жігіттің қасиеті

Ауған соғысы

Биыл 15 ақпанда кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 23 жыл толғаны айтылды. Бұл — бір ұрпақтың жүрегіне жара салған кезең. Азаматтық борышын өтеуге аттанып, табытпен оралғандар аз болған жоқ.

  • Қазақстаннан 22 269 жауынгер қатысты
  • 924 адам ерлікпен қаза тапты
  • 21 адам хабар-ошарсыз кетті
  • Мыңдаған азамат мүгедек болып оралды

Слайд, «Ауған жауынгерлерінің гимні»

Құрмет көрсету

Ауылымыздың интернационалист жауынгерлері ретінде аталған ардагерлер: Хамзин Кемел, Сейфиев Орал, Кошегалин Бақыт.

2-жүргізуші: Білеміз, жас өседі — туады ерлер,
Жолын қуады ерлер.
Сіздерден соң тумасын- ақ —
Соғыс деген сұм тажалға куәгерлер!

Ардагер ағаларымызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына береке тілейміз. Естелік сыйлықтар табысталады.

Музыкалық номер: «Сарбаздар»

IV. «Лаула, лаула, желтоқсанның мұзда жанған алауы!»

Желтоқсан оқиғасы (1986)

2-жүргізуші: 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында елдің егемендігін аңсаған жастар алаңға шықты. Желтоқсан желі дауылға айналып, ұлттық намыстың құдіретін әлемге танытты.

1-жүргізуші: Қазақ жастарының бұл қарсылық шеруі — Тәуелсіздікке бастар жолдың маңызды белесі болды.

2-жүргізуші: Бұл көтеріліске қатысып, тарихта аты қалған азаматтар қатарында: Қайрат Рысқұлбеков, Сабира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова және өзге де ерлер бар.

Слайд: «Желтоқсан оқиғасы»

Өлең

1-жүргізуші: Озбырлық күшпен тұншыққан —
Үміттің оты өшкен күн.
Жанына таппай бір шындық,
Ер қайрат қыршын кеткен күн!

Оқушы: Қайрат Рысқұлбековтің ақтық сөзі

Рух және бірлік

2-жүргізуші: Өсер ұлдың әр сәтте де бірлік болмақ қалауы.
Лаула, лаула, желтоқсанның мұзда жанған алауы!
Өздеріңдей ер намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!

Музыкалық номер: «Желтоқсан желі»

V. Бүгініміз баянды, болашағымыз жарқын

Ғарыштағы қадам

1-жүргізуші: Асқар тау да сенікі, бақша-бау да сенікі — қалтқысыз доспенен қатал жау да сенікі.

1991 жылы қазақ халқының тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышта ерлік көрсетті.

1994 жылы 10 маусымда қазақ халқының екінші қыраны, ғарышкер Талғат Мұсабаев аспан көгіне алты айлық сапарға аттанды.

2-жүргізуші: Келді міне ерлікті бағалар күні,
Аруағы қолдады бабалардың.
Ғарыш шарлап оралды Тоқтар батыр —
Мұратына ие бол, балаларым!

Тәуелсіз елдің үні

1-жүргізуші: Өтіп елдің талай сынақ-азабынан, атты ақыры азат болып ғажап таң. Егемен болмай — ел болмас. Енді қазақ кем болмас.

Оқушы: Халқымның жүрек қанына сіңген ақ ниет,
Атадан мұра балаға қалған өсиет.
Жиырма бірінші ғасырға кірді еркін ел —
Рухы қайсар, төрінде биік қасиет!

Ғажап елім — ғарышқа жолды тастаған,
Қаһарман елім — ержүрек қолды бастаған!
Данышпан елім — жаралған ар мен намыстан,
Аспандап биік — жайнасын туым, Астанам!

Бақытым, бағым — Қазақстаным, қазағым!
Өміріңді өшпестей тасқа жазамын.
Шарықтасын бабаның берген тілімен,
Атамекен жерінде ғажап өз әнің!

Музыкалық номер: «Өз елім»

Спорт — ел мерейі

Бүгінде елімізде спорттың дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Спортшыларымыз әлемдік додаларда жеңіс тұғырынан көрініп, көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды асқақтатып Қазақстанды әлемге танытты.

Олимпиада жүлдегерлері

  • Александр Винокуров — велоспорт, 250 км топтық жарыс, алтын медаль
  • Зулфия Чиншанло — ауыр атлетика, олимпиадалық рекорд, алтын медаль
  • Майя Манеза — ауыр атлетика, олимпиадалық рекорд, алтын медаль
  • Светлана Подобедова — ауыр атлетика, олимпиада чемпионы
  • Илья Ильин — ауыр атлетика, әлем рекордтары, алтын медаль
  • Ольга Рыпакова — үш қарғып секіру, алтын медаль
  • Серік Сәпиев — бокс, алтын медаль

Арнау

Кеп жатыр Винокуров алтын алып,
Жетуге бұл атаққа жанын салып.
Екі жүз қырық сегіз шақырымда,
Топ жарған тумамыз ғой — бұл бір алып!

Қуанып бөркімізді аспанға аттық,
Ерекше кеудемізді кернеп шаттық.
Көргенде көк байрақты көтерілген,
Толқыдық, көзімізге жас алдық.

Аялап туған жердің атар таңы,
Ардақтап кәрі-жастың жатар бәрі.
Өзіңді төбемізге көтереміз,
Тусаң ту, Қызылжардың қаһарманы!

1-жүргізуші: Самға, қазақ, Тәуелсіздік көгінде! Рух-жігерің таусылмасын өмірде. Абыроймен желбіресін жалауың — алтын тұғыр Астананың төрінде.

2-жүргізуші: Ата-баба жанын қиып қорғаған, ақ тілегін ұрпағына арнаған Қазақстан — алтын ұя Отаным. Жайнай берші, мәңгі гүлден әрқашан!

Қорытынды музыкалық номер: «Атамекен»