Өрлей бер өркениетке, өсер елім
Тәрбие сағатының тақырыбы
«Өрлей бер, өркениетке, өсер елім!»
Мақсаты
- Тәуелсіз Қазақстан Республикасының өткені, бүгіні және болашағы туралы түсінік қалыптастыру.
- Келешекке сеніммен қарауға, елжандылыққа, ұлтты сүюге және қастерлеуге тәрбиелеу.
- Адамгершілікке, мейірімділікке, үлкенді сыйлауға баулу.
- Оқушылардың дүниетанымын кеңейтіп, көзқарасын қалыптастыру.
Көрнекілігі
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері
Плакаттар
Бұл тәрбие сағаты — тәуелсіздік құндылықтарын терең сезінуге, ортақ жауапкершілік пен бірлік идеясын бекітуге бағытталған ашық сабақ.
Барысы
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Армысыздар, қымбатты ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі «Өрлей бер, өркениетке, өсер елім!» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
Біз — ежелден ер деген даңқы шыққан халықтың ұрпағымыз, ел бірлігі жолында намысын бермеген жұрттың перзентіміз. Алтын күн бедерленген көк байрағын әлем биіктерінде желбіреткен бейбітшіл елдің азаматтарымыз. Кең байтақ жерінде бірлігі жарасқан сан ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүретін біртұтас халықпыз.
Біз қазақстандықпыз — және мұны зор мақтанышпен айтамыз. Қазақстан мемлекетін құру, қазақстандық болу — бізге тағдыр сыйлаған ұлы бақыт. Осы құндылықты біз әрдайым қастерлеп, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп табыстаймыз.
Бүгін сыныбымызда ұйымдастырылған тәрбие жұмысы да дәл осы мақсаттарды көздейді. Ендеше, сөз кезегін оқушыларға берейік!
1-жүргізуші
Қазақстан — егемен ел, тәуелсіз ел,
Болашаққа нық басып, буынған бел.
Көкке өрлеген байрақты желбіретіп,
Қуаныш пен шаттыққа қадам басты ел!
«Менің Республикам» (өлең)
Серік Қайсар
Рухынан жақсылардың нұр саулаған,
Жанымды мейірімі құрсаулаған.
Жайсаң өлке, жайдары Қазақстан,
Шуақ шашқан сәулелі күнсің маған!
Нұрына шомылдырып алтын күннің,
Республикам ертеңге талпындырдың.
Өзінен шабыт алып ақын қиял,
Шалықтап кең далада шалқып жүрмін.
Егемен елім десем, сенім кіріп,
Бойымды билеп кетер сенімділік.
Ешкімге ауыстырмас алтын Отан,
Жырлаймын қасиетіңді төгілдіріп.
Жақсылар жанын қиды қасіретпен,
Алаштың ерлері бар асыл өткен.
Арманым болмас еді, ау, туған елім,
Гүл жайнап, қазақ болып тасып өтсем.
Өр елім, маңдайыңнан жарық көрдім,
Бабалар өнегесін алып келдім.
Ескерткіш елім үшін орнатпасам,
Мына жалған өмірге неғып келдім?
Жарқырап жанған күндей азаттығы,
Көрінер ұлтымның да ғажаптығы.
Республика күнімен құттықтаймын,
Өйткені ол — Ұлт күні, Қазақ күні!
Өлең «Көңіл толқыны» әуенімен оқылады.
2-жүргізуші
Иә, ата-бабамыз аңсаған азаттық таңы атты.
Ата-бабамыз армандаған тәуелсіз күн арайлап атып, көк байрағымыз көкте желбіреді.
Тәуелсіздік үшін білектің күшімен, найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған Желтоқсан оқиғасының орны ерекше.
Тәуелсіздігіміз үшін жанын пида еткен азаматтарымыздың ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды.
Тәуелсіздік — бастауы бар бақыттың,
Тәуелсіздік — ұлтың менен ұраның.
Шартарапта шаттығындай азаттың,
Ғасыр сүйіп тұрғандайын ғажап күн!
Көк байрағы, елтаңбасы — бірлігі,
Шалқи берсін Әнұраны қазақтың!
Орындау
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалады.
Қорытынды ой
Еліміздің елдігін, бірлігі мен тірлігін ойлаған ата-бабамыз ұлтарақтай жері үшін, туған елі үшін жанын берді.
Халықтың татулығын, кең байтақ жерінің тәуелсіздігін, елінің мұраты мен келешегін ойлаған бабаларымыз толарсақтан саз кешіп, ат үстінде жүріп Отанын қорғады.
Ән
Қали Дарынның орындауында: «Менің елім — Қазақстан!»