Менің ана тілім - шексіз бай, өте көркем тіл
Туған тіл — тірлігімнің айғағы
Туған тілім — тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылады сыр ойдағы.
Өссе тілім — мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім — мен де бірге өшемін.
Тілдің қадірі мен құдіреті
Иә, тіл — қай ұлтта болса да, қай елде болса да қастерлі әрі құдіретті. Ол әр адамның бойына ана сүтімен бірге сіңіп, тұлғаның болмысын қалыптастырады.
Тіл байлығы — әр елдің мақтанышы. Ол — атадан балаға мирас болып қалған баға жетпес мұра. Сондықтан әр адам ана тілін қадірлеуге міндетті; тілді шұбарлауға, сөйлеу мәдениетін төмендетуге жол бермеуі керек.
Ана тілі — ар өлшемі. Тілді шұбарлау — арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау.
Ана тілінің көркемдігі
Менің ана тілім — шексіз бай, айрықша көркем тіл. Ана тілінің көркемдігін кәдеге жарата алмаған адам, меніңше, шынайы рухани жұтаңдыққа ұрынады.
Ана тілін жырламаған жан кемде-кем. Мен де өз тілімді жырлағанда, қазағымның қара топырағынан жаралған тал шыбық бүршік атқандай әсерге бөленемін. Бойымдағы әлдебір күш серпіліп, жүрек дүрсілі үдей түседі.
Қымбат маған ана тілім — бал тілім,
Қымбат маған дана тілім — ар тілім.
Ақ сүтімен бірге сіңген бойыма,
Ана тілім — ардақ тұтар алтыным.
Жыр жалғаған ұлы дәстүр
Ана тілін жырлап өткен талайлар бар — Ыбырай мен Абайдай алыптар бар. Қасиетті ана тілімде өшпес, мәңгі алаулаған арай бар.
Өлең-жырмен арайланса тау күліп,
Ардақтымды жырлап өтем ән қылып.
Мағжан, Қасым, Мұқағали жырларын
Жалғастырып жаза берем мәңгілік, —
деп мен де өз тілімді жырлағым келеді.
Бүгінгі жауапкершілік
Бүгін ана тіліміз тәуелсіздігін алып, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болса да, оның ықпалы мен жылуы көпшіліктің арасына толық тарамай жатқаны жасырын емес.
Қазір көптеген жастар тілімізді шұбарлап, өз ана тілінде тұрпайы сөйлеп жатады. Мұндай сәттерде К. Г. Паустовскийдің:
«Туған тіліне жаны ашымаған адам — жәндік».
«Көш жүре түзеледі» дегендей, бәрі де оңалар. Әйтсе де өз тілімізді ұмытпау — әрқайсымыздың борышымыз.
Біздің тіліміз — асыл қазынамыз. Өз ата-мекенімізде жүргендіктен, өз тілімізде сөйлеу — басты парызымыз.
Сол себепті қазақ тілін ту етіп тігіп, кейінгі ұрпаққа бүлдірмей жеткізуге тырысайық, құрбылар.
Үміт пен аманат
Ата-анамыз бізге және болашағымызға үлкен үмітпен қарайды. Ақынның:
Қазақ болып туғаннан соң, бөбегім,
Қазақ болып өлген жақсы түбінде, —
деген сөзінен қуат ала отырып, бабаларымыздан жеткен асыл мұраны сақтап, өркендете берейік, бауырлар!
Жасай бер, бостандық, махаббат пен достық тілі — қазақ тілі.